V аймақтық жас математиктердің турнирі «Математикалық шайқас» жарысы
2018 жылғы 15-19 қаңтар аралығында Павлодар қаласында облыстық білім беру басқармасы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен V аймақтық жас математиктердің турнирі «Математикалық шайқас» жарысы өткізілді. Павлодар облысының «Жалын» командасы екінші лигада Құрмет грамотасымен марапатталды. Команда құрамында мектебіміздің 8 «а»-сынып оқушылары Болат Диас, Хуанхан Нұрсерік, 7 «б»-сынып оқушысы Аянбек Жанболат бар. Сонымен қатар осы екінші лигада Болат Диас «Үздік баяндамашы» номинациясын иеленді.
Күрделі математикалық есептерді шығаруда алғырлық танытқан оқушыларымызды жеңісімен құттықтаймыз. Болашақта алар асулары биік болуына тілектеспіз.
Республикалық олимпиаданың жүлдегері
2018 жылғы 12 қаңтарда Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде физика, математика, информатика пәні мұғалімдері арасында І республикалық олимпиадаға мектебімізден информатика пәнінің мұғалімі Солтаналинов Қайрат Ыдырысұлы қатысып, олимпиада қорытындысы бойынша ІІІ орынды қанжығасына байлады. Хакім Абай:«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», – деп бекерден-бекер айтпаса керек. Келешек ұрпақтың жаңа заманға сай, бәсекеге қабілетті болуы мұғалімдерге тікелей байланысты екені анық. Бар білімін шәкірттеріне берумен қатар, түрлі байқауларда бақ сынағанды артық санамайтын білімді де білікті ұстаз Қайрат Ыдырысұлының бұл жеңісі – ұстаздар қауымының үнемі ізденісте болғанының дәлелі.
Республикалық олимпиаданың жүлдегері атанған ұстазымызды жеңісімен құттықтаймыз. Болашақта алар асуларың биік болсын!
Жасыл экономика – болашақтың экономикасы!
«Жасыл экономика – болашақтың экономикасы!» тақырыбында 13 қаңтар күні мәжіліс залында 9,10,11-сынып оқушыларының қатысуымен тәрбиелік шара ауызша журнал түрінде өтті. Қатысқан оқушы саны – 80.
Ауызша журнал 5 беттен тұрды. «Жасыл» экономика дегеніміз не? «Жасыл» экономиканы дамытудың жеті негізгі бағыттары және іске асыру кезеңдері, «Жасыл» экономикаға ауысу институттары туралы сөз қозғалды. Оқушылардың назарына «Жасыл экономика» жайлы бейнефильм ұсынылды. Оқушылар ЭКСПО жайлы өздерінің білімдерімен бөлісіп, көргендері мен оқығандары туралы ой бөлісті. Оқушылар көп мәлімет алды.
«Ақберен» республикалық байқауының облыстық кезеңі
2018 жылғы 11 қаңтарда облыстық көп салалы лицей-интернатында 8-11-сынып оқушылары арасында «Ақберен» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті. Байқауға мектебімізден 6 оқушысы қатысты. Нәтижесінде 5 оқушы жүлдегер атанды: І орын – 3; ІІІ орын – 2; Атап айтқанда, «Шешендік өнер» номинациясы бойынша 10-сынып оқушысы Илимхан Ақерке (жетекшісі Абаева А.Т.) ІІІ орын, «Көркемсөз оқу» номинациясы бойынша 10-сынып оқушысы Оразбаев Марлен (жетекшісі Мұхаметжанова Р.Ж.) І орын, «Шығарма» номинациясы бойынша 11 «б»-сынып оқушысы Шарапиден Аида (жетекшісі: Касыбаева М.Б.) ІІІ орын, «Ақындар мүшәйрасы» номинациясы бойынша 10-сынып оқушысы Абдраимов Ердәулет (жетекшісі: Қайрат А.Қ.) І орын, "Ақындар айтысы" номинациясы бойынша 11 "а"-сынып оқушысы Сарыбай Құдірет (жетекшісі: Асығат Тұрғанбек) І орын. І орын иегерлері атанған оқушылардың жетекшілері "Ұстаздық еткен жалықпас" номинациясымен марапатталды.
Осы аталған жүлдегер оқушыларымыз бен байқауға дайындаған ұстаздарымызды жеңістерімен құттықтаймыз. «Ақберен» республикалық байқауының республикалық кезеңіне жолдама алған оқушыларымызға ақ жол тілейміз.
Ұлт көшбасшысының жолдауы - болашаққа бағдар
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 10 қаңтар
Ұлт көшбасшысының жолдауы - болашаққа бағдар
Біз, Павлодар қаласының Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының ұжымы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған 2018 жылғы 9 қаңтардағы Жолдауын үлкен жігермен қабылдадық. Елбасымыз өз Жолдауында Қазақстанның жаңа жылдам өзгермелі әлемде өзіне лайықты орнын алу үшін жүзеге асырылуы тиіс 10 басты міндетті айқындап, көрсетті. Оның ішінде барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет екенін атап өтті. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны, мектепте қаланған білім негізі адамның болашағына жол ашады.
Қазіргі жаңа технологиялардың қарқынды даму кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуындағы ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті жан-жақты көп тіл білетін маман дайындау. Бүгінгі күні біз Назарбаев зияткерлік мектептерінде тәжірибеден өткен заманауи оқу бағдарламаларын негізге алған жаңартылған білім мазмұнына көшіп, халықаралық стандарттарға сай келетін жүйеге қадам бастадық. Бұл біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан танымдық әлеуетін дамытатын болады. Осы орайда мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30-50 пайызға көбейтуді тапсыруы қуантарлық жағдай. Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтыру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектебімізді заманауи ақпараттық құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру арқылы біз оқушыларымыздың білімін халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіншілік аламыз. Осындай қолдау қызметімізге шабыт беретіні анық. «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» деп атап өтетін болсақ, «Түркі тілінің ішіндегі ең гауһары – қазақ тілі» деп Мәшһүр бабамыз айтқандай, егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, ана тіліміздің абыройын асқақтата жүріп, түлектеріміз жаһандық әлемді тану үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеруі қажет.
Елбасының биылғы жолдауы бұған дейінгі жасалған жалпыхалықтық реформалар мен дамыған елдердің қатарына жету бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырудың айқын тетіктері екенін түсіндіреді. «Ұлт көшбасшысының Жолдауында қамтылған адам капиталының жаңа сапасы – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін нақты қадам», бағытына тоқталатын болсақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру барысында, ұлттық рухта тәрбиелеуде ауыл аймақтарынан келген дарынды оқушылардың бойына рухани ұлттық құндылықты дарытып, қазақи болмыста тәлім-тәрбие беруде ұстаздың еңбегі толассыз. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы, ел келешегіне үміт артады.
Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының ұжымы
«Ең үздік олимпиадалық команда - 2018»
2018 жылғы қаңтар айының 5-і мен 6-сы аралығында Павлодар қаласының №16 лицей-мектебінде жалпы орта білім беретін оқу орындарының 9-11-сынып оқушылары арасында 56-облыстық пән олимпиадасы өтті.
Облыстық пән олимпиадасына мектебімізден 35 оқушысы қатысып, нәтижесінде 20 оқушы жүлдегер атанып, 2 оқушы: 11-сынып оқушылары Олжатаев Қуаныш Инновациялық Еуразия университетінің, Марат Аймера С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқу грантын иеленді. «Ең үздік олимпиадалық команда - 2018» номинациясында гуманитарлық бағыт бойынша мектебіміздің олимпиадалық құрамасы І орынды иеленді.
Cпидкубинг бойынша жарыста І дәрежелі диплом
Павлодар қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2017 жылғы 22 желтоқсанда өткізілген Рубик текшесі немесе спидкубинг бойынша жарысқа 10-сынып оқушысы Мақсұтхан Әрсен қатысып, 5×5×5 бағыты бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Жүлдегер оқушымызды жеңісімен құттықтаймыз!
9-11-сынып оқушыларына арналған жаңа жылдық ән-думан кеші
2017 жылдың 27 желтоқсан күні сағат 16.00-де мектебімізде 9-11-сынып оқушыларына арналған жаңа жылдық ән-думан кеші өтті.
Біз өз тарапымыздан барша қазақстандықтарды, оның ішінде киелі шаңырақ ұжымы – Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты ұжымын Жаңа 2018 жылымен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл Отанымыз бен отбасымызға амандық, бақыт, береке алып келсін!
7-8-сынып оқушыларына арналған жаңа жыл кеші
2017 жылдың 26 желтоқсан күні сағат 15.00-де 7-8-сынып оқушыларына арналған жаңа жыл кеші өтті. Мерекелік кеш мектеп директоры Ж.Н.Сүлейменовтің жүрекке жылу ұялатар игі тілегі жаңа жылдық құттықтауымен басталды. Қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған, әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан оқушылар мерекелік кешке ерекше ықыласпен қатысып, бар өнерлерін ортаға салды.
6-сынып оқушыларына арналған жаңа жылдық шырша мерекесі
2017 жылдың 27 желтоқсан күні сағат 10.00-де 6-сынып оқушыларына арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Мерекеде Ж.Аймауытов атындағы қазақ драма театрының артистері Аяз Ата, Ақшақар, жаңа жыл–Ит бейнесін сомдап, балаларға көтеріңкі мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жаңа жылдық кеш барысында әр сынып, 6 «а», 6 «б», 6 «ә», 6 «в»-сынып оқушылары, өз өнерлерін көрсетіп, жастар биінен флешмоб жасап, әуезді ән мен ырғақты би өзара үйлесім тапты.
