Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

«ЕРЛІК ӨЛМЕЙДІ, ЕЛ ҰМЫТПАЙДЫ»

Жеңіс деген – шат күлкісі баланың,

Тыныштығы жер жаһанның, даланың.

Жеңіс деген – сылдыр күлкі, асқақ ән,

Тыныштығың сол Жеңістен басталған

 

 

    "Ерлік  өлмейді,  ел ұмытпайды"

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл.  Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл,  1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...

Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.  Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.

Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз,  Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.  Иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?! Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Павлодар қаласында күннің екінші жартысында В.И. Ленин атындағы паркте мыңдаған адамдар қатысқан митнг өтті. Павлодарлықтар Отанды қорғауға дайын екендіктерін айтты. Митингінің резолюциясында: «Фашистер өздерінің опасыз ойларын жүзеге асыра алмайды. Гитлершілер Кеңес Одағы барлық халқының үкімет пен партия айналасында бұрынғыдан бетер топтасып, социалистік Отан қорғаушыларының қатарына тұруға кез –келген сәтте әзір екендігін білсін» делінді. 


 

1941-1945 жалынды жылдары:  

1. Соғыстың басталуы - 22 маусым 1941 жыл

2. Брест қамалын қорғау - маусым 1941 жыл

3. Смоленск шайқасы - 1941 жылғы 10 шілде - 10 қыркүйек

4. Одессаны қорғау - 1941 жылғы 5 тамыз - 16 қазан

5. Ленинград блокадасы - 1941 жылғы 8 қыркүйек -  1944 жылғы 27 қаңтар

6. Москва үшін шайқас - 30 қыркүйек 1941- 20 сәуір 1942 жыл

7. Сталинград үшін шайқас - 17 шілде 1942- 2 ақпан 1943 жыл

8. Курск шайқасы - 5 шілде- 23 тамыз 1943 жыл

9. Днепр үшін шайқас - тамыз- желтоқсан 1943 жыл

10. Бобруйск операциясы - 1944 жылғы 24-29 маусым;

11. Минск операциясы - 1944 жылғы  29 маусым - 4 шілде

12. Берлин операциясы - 16 сәуір- 8 мамыр 1945 жыл

13. Жеңіс күні - 9 мамыр 1945 жыл.  


 

Биыл - Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл: қазақстандықтардың майдан даласындағы ерліктері мен тылдағы табандылықтары ешқашан да ұмытылмайды!

Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.

1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209-шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші және 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14100 жүк және жол автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110400 жылқы, 16200 арба жөнелтілді. 

 


 

Жеңіс туын желбіреткендер

 


 

 

 

«Майданнан хат» (үзінді):

Хат жазамын майданнан,

Мейірімшіл ғазиз-анама

«Жақыным-жарым» дегенмен,

Анаңдай жақын бола ма?

Көңілінде тілек, көзде жас,

Екі қолың жағаңда.

Қасірет шегіп, қан жұтып,

Сарғайдың ба санаға?

Сағынған соң мен ойлап,

Жүрегің оттай жана ма?

Ет бауырың елжіреп,

Қайғыра берме балаңа.

Сабырдың суын бере көр,

Жаныңдаға жараңа.

Ажалсыз адам өлмейді.

Мезгілсіз шөлмек сына ма?

Ердің басы ел үшін,

Арыма жаным садаға.

Бұлт жамылып қар төсеп,

Мен жатырмын далада.

 


 

70 жыл бейбіт көктем таңы атқалы,

70 жыл шуақты күн таратты әнді.

Есімізде 70 рет сонан бері,

Ашылды Жеңіс күннің парақтары.

70 жыл үзілмеді құстар әні,

Кетті енді сұм соғыстың қайғылы әні.

70 жыл жауымыздың ажал оғы,

Біздің елдің үстімен ұшпағалы.

Талай жыл содан бері қайта оралды,

Талай бақ әлеміне қайта оранды.

Соғыста өлгендер сол оралмайды,

Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді......

Соғыстың жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл, 9–мамыр – сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Жеңіс тойы, жаса мәңгі!