Қашықтықтан оқыту форматы
Құрметті ата-аналар мен оқушылар!
⠀ Еліміздегі төтенше жағдайды ескере отырып гимназиямыз да төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Қазіргі таңда балалар көктемгі демалыстарын тиімді өткізіп жатыр деген сенімдемін. Ал гимназиямыздың ұстаздары болса, балаларды жаңаша оқытуға өздерінің цифрлық құзіреттілігін күшейту бойынша жұмыс жасауда.
⠀ Білім ордасында қашықтықтан оқыту бойынша жедел желі жұмысын бастады. Барлық сұрақтарыңызға осы нөмірлер арқылы жауап алуларыңызға болады.
⠀ Қымбатты оқушылар!
⠀ Қашықтықтан оқыту форматы өздерің үшін алғашқы тәжірибе болғалы тұр. Сондықтан қашықтықтан оқытудың тиімді тұстарын түсіндіре кеткенді жөн санадым. Біздің ұстаздар қашықтықтан оқыту барысында әлемдегі және еліміздегі озық платформаларды қолданылатын болады. Педагогтар оқыту процесін Kundelik.kz, Zoom, bilimland, google, classroom, edmodo секілді ресурстар арқылы жүргізеді. Бекітілген сабақ кестесін kundelik.kz бағдарламасынан көре аласыздар.
Ұстаздар мен оқушыларға білім әлемінде жаңа асуларды меңгеру жолында табыс тілеймін.
Қашықтықтан оқыту
Құрметті ата-аналар және білім алушылар! ⠀
Егер қашықтықтан оқыту бойынша сұрақтар туындаған жағдайда CАLL орталық нөміріне SMS - хабарлама қалдырып, немесе тікелей хабарласып ақпарат ала аласыздар.
Телефон: +7 747 714 38 90
Жұмыс уақыты: ДС-ЖМ
09:00 - 18:00
Түскі үзіліс 13:00-14:00
"Мамандықтар әлемін ашамыз" атты форум
Оқушылар сарайында екі күн қатарынан "Мамандықтар әлемін ашамыз" атты облыстық форум өтті. Павлодар облысында аудандық, қалалық командалар өзара бәсекеге түсіп, ең үздіктерін анықтады. Бірінші күні қазылар алқасына мамандықтар тақырыбына эссе, презентация және бейнероликтер ұсынылды. Форумға қатысушылар өз стилінде мамандық таңдаудың маңыздылығы және бұл шешім алдағы өмірде қалай көрініс табатыны туралы айтып берді.
⠀Екі күндік конкурстың қорытындысы:
- "Мамандықтар әлемін ашамыз" атты форумның үздік бейнеролигі байқауында 1-орынға Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы Айтмұхамбетова Әнел (жетекшісі Сәрсенов Төлеген) ие болды.
- Ең үздік презентация бағытында болса 1-орынды Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының оқушысы Қалиасқарұлы Дәнекер (жетекшісі Нұрмат Бағдәулет ) жеңіп алды.
⠀Әр номинацияның жеңімпаздары Павлодар облысын республикалық кезеңге қорғайды.
Miss Altynsarin - 2020
"Miss Altynsarin - 2020" байқауының қорытындысы:
Miss Altynsarin - 2020 - Ахмедеева Лиана 10 "А";
I Vice-Miss - 2020 - Мүлік Камила 10 "Б";
II Vice-Miss - 2020 - Жомарт Ақтоты 11 ;
III Vice-Miss - 2020 - Темірболат Аружан 9 "А".
Қызға қырық үйден тыйым
"Қызға қырық үйден тыйым" деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстанымды атайды. Бұл сөздің астарында үлкен мән мағына бары сөзсіз. Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап отырған бұрымды қыздары мен тұлымды ұлдарының тәрбиесін бірінші орынға қойған.
Гммназиямызда білім алып жатқан қыздарымыздың да тәрбиесі басты назарда. Осы тұрғыда "Нұр Ана" орталығының ақ жаулықты әжелерімен "Әжелер сөзі - ақылдың көзі" атты кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында әжелереміз тағылымға толы ақыл-кеңестерімен бөлісіп, керемет кештің куәсі болып қайтты.
Абай атамыздың 175 жылдығына орай 7-сынып оқушылары арасындағы дөңгелек үстел
Абай Құнанбайұлының поэзиясының ауқымын кеңінен тарқатып зерделеу оңай шаруа емес. Абайдың әрі лирикалық, әрі философиялық өлеңдерін оқи отыра әлемге жаңаша көзбен қарауды үйренеміз. Келешек ұрпақты білім мен ғылымға жақын қылып өсіруде тәрбиені қатар бойларына сіңіру ұстаздық борышымыз екенін де сезінеміз. Осы тұрғыда Абай атамыздың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан шара барысында ұлы ақынның қара сөздерінің мән мағынасын ашып тағылымға толы ойларының басты идеясына тоқталып 7-сынып оқушылары дөңгелек үстелде өз білімдерін ортаға салды.
Абайдың сыршылдығы мен сыншылдығын тану үшін де осындай игі шараларды өткізуді жөн санап, мектеп ішінде әр аптаның сәрсенбісінде Абай (Ибраhим) атамыздың сыр сандығынан ақыл парасат дейтұғын баға жетпес байлықты ақтарып, оқушыларымызбен бөлісудеміз. Біз Абайды тану арқылы, әлемді танитынымызды ұмытпайық.
Өз тілшіміз
"Туады ерлер ел үшін..." атты Мұрат Әбдірахмановты еске алу кеші
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен гимназиямызда "Туады ерлер ел үшін..." атты Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан атақты татар ақыны Мұса Жәлелдің және жерлесіміз, ақын, дарынды аудармашы Мұрат Әбдірахмановты еске алу кеші ұйымдастырылды.
⠀ Бұл іс-шара Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерейтойымен сабақтасты. Кеңес Одағының батыры Мұса Жәлелдің фашистер тұтқынында жүргізген "Моабит дәптері" атты күнделігіндегі өлеңдерді қазақ тілінде аударған Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірахманов ағамыз болатын.
⠀ Кеш барысында Мұрат Мұсайбекұлының аударма жұмыстары мен арнайы құрылған көрме таныстырылды. Ал, кеш соңында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мұрат Мұсайбекұлының жұбайы мектеп директоры Шоқан Түймебайұлына Мұса Жәлелдің кітабын сыйға тартты.
Өз тілшіміз
"Жеңіс метрономы" эстафетасы
Ұлы жеңіс-ұрпаққа аманат. Ұлы жеңісті дәріптеп, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсеткен батырларды әспеттеу борышымыз. Бүгінгі ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында мектебімізде Ұлы Жеңістін 75 жылдығына арналып іс-шара өткізілді. Шара барысында оқушылар батыр бабаларымызға арналып шығарылған жыр жолдарын жолдап, жеңіс әнін шырқап бейбіт елдің ұландары екендіктерін мақтанышпен жеткізді.
Облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатынан "Жеңіс метрономы" эстафетасын қабыл алып, мамандандырылған әскери-мектеп интернатына жолдаймыз.
Өз тілшіміз
7"б"-сынып оқушыларымен "Абай-дана, Абай-дара қазақта" атты әдеби-музыкалық тәрбие сағаты
Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналып, 7"б"-сынып оқушыларымен "Абай-дана, Абай-дара қазақта" атты әдеби-музыкалық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Тәрбие сағатында оқушыларымыздың бірі Абайды, ал бірі Ұлжан анамызды сомдап сахналық қойылым көрсетті. Абай атамыздың рөлін сомдап көрерменге ерекше әсер сыйлаған таланттыларымыз қошеметке бөленді. Сондай-ақ, кеш барысында жазба әдебиетінің негізін салушы Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығынан үзінділер сахналық қойылым кезінде ел назарына ұсынылды. Тәрбие сағатына жиылған ата-аналарымыз да өз балаларының өнерлеріне тәнті болып, керемет кештің куәсі болғандарын жеткізді.
Өз тілшіміз
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы
Әділдік, әдептілік, жауапкершілік, ар-намыс сияқты адами қасиеттерді қамтитын парасаттылық адалдықпен тоғысатын ұғым. Аталған құндылықтарды қоғамда насихаттау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Осы тұрғыда мектебімізде сыбайлас жемқорлықтан өскелең ұрпақтың бойын алшақ ұстатып, бойларына адалдық дәнін шашып егу арқылы адалдыққа тәрбиелеу біздің мақсат.
⠀ Осыған байланысты адалдық сағатымызға арнайы "Халық радиосының" директоры, "Бас редакторлар" клубының төрағасы, "ЖЕБЕ" қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Сманов Жұмабек Өркенұлын шақырдық. Тәрбие сағатына 5-8-10 сынып оқушылары қатысып, тақырып аясында пікірталас ұйымдастырып, ғибратты әңгімелерге қанық болып қайтты.
Өз тілшіміз.
