Қазбек Сағидолда
Қазбек Сағидолда - 2008-2011 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатта оқыған. Мектеп кезінде пәндік олимпиадалардан облыстық деңгейде жүлделі орындар алған. Республикалық оқушылар айтысының, жыр мүшайраларының жүлдегері.
"Ақындар мектебі"-Школа поэтов": Мусин Жұмажан Боранбайұлы
Мусин Жұмажан Боранбайұлы 1950 жылы 22 қарашада Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы Аққөл кеңшарында туған.
1966-1969 жылдары Павлодар қаласындағы № 3 мектеп – интернатында оқыған. Өлең – әңгімелері облыстық бұрынғы «Қызыл ту» қазіргі «Сарыарқа самалы», аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде жарияланып тұрған.
Абдираимов Ердәулет
Абдираимов Ердәулет 2001 жылы ақпанның 8 жұлдызында өмірге келген. Павлодар облысы Павлодар ауданы Жаңа-Ямышев ауылында тұрады. 2012 жылы 5-сыныптан бастап Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында оқиды. Мектептегі айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек Сәулетұлы жетекшілік жасайтын «Мүшәйра» үйірмесінің тұрақты мүшесі.
Бейбіт Бөжен
Бейбіт Бөжен 1982 жылы 18 наурызда Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылында дүниеге келген. Қимадиден Нығыманов атындағы орта мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, Ыбырай Алтынсарин атындағы №3 гимназия-интернатын тәмамдаған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі мамандағы бойынша бітірген. Түрлі жыр мүшәйраларына қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Өлең-жазбалары бірқатар республикалық, облыстық жинақтарға енген, мерзімді баспасөз беттері мен әдеби-көркем журналдарда басылған.
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде, «Ирбис» телеарнасында журналист, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Павлодардағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен. Қазіргі күні «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалында жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маман болып қызмет етеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, Павлодар облысының 65 жылдығы мерейтойлық медалімен, Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін медалімен, Павлодар ауданының 85 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталған. Павлодар облысы әкімі грантының иегері. Аудандық, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері.
Бауржанқызы Эльвира
Бауржанқызы Эльвира 2001 жылы қазақтың төл мерекесі әз Наурыздың он бесінші жұлдызында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын руынан шыққан. 2012 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында оқиды.
Эльвира - мектептегі «Мүшәйра» атты жас ақындар клубының мүшесі. Он төрт жасынан бастап өлең шығара бастайды. Ақындық өнерге шыңдап, бағыт-бағдар беретін ұстазы – республикалық айтыстардың жүлдегері, айтыскер ақын Тұрғанбек Асығат Сәулетұлы. 2017 жылы облыстық Мағжан оқуларына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Асылжан Жеңіс
Асылжан Жеңіс
1994 жылы 7 мамыр күні Павлодар облысы Жабағылы ауылында дүниеге келген. 1- сыныпты үздік тамамдаған ол Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатына түседі. Мектеп қабырғасында айтыскер ақын Асхат Тұрғанбекұлының үйірмесіне қатысып, азды-көпті жарыстардан олжалы оралып отырды. Солардың ішіндегі ең елеулісі «Туған тілім – байлығым» телеолимпиадасы, облыстық Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы және Абай оқулары. Соңғысынан да 1- орынды иемденіп, 2011 жылы Республикалық Абай оқуларынан бас жүлдемен және білім грантымен оралды. 11- сыныптан кейін білім гранты сертификатымен Семей мемлекеттік педагогикалық институтына түсті. Жоғарғы білімін ПМПИ-де жалғастырған Асылжан үш жылдан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алып шықты. Жұмыс өтілін «Қазақстан-Павлодар» арнасынан бастаған ол бүгінде «Хабар 24» арнасының жураналист-редакторы.
Арман Қани
Арман Қани 1954 жылы 22 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген. 1968-70 жылдары №3 облыстық мектеп-интернатында 8-9-сыныптарда оқыған. «Ұлттық саясат мәселелеріндегі өрескел қателіктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан, мектептен шығарылған. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, білім алу құқы мен баспасөз бостандығына шектеу қойылған. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы қара жұмыс істеген.
Айбек Қали
Айбек Қали 1992 жылы 22 қыркүйекте Павлодар облысы, Екібастұз ауданы Өлеңті ауылында дүниеге келген.
Республикалық Абай оқуларының 2-орын иегері, Оралхан Бөкей оқуларының жеңімпазы, республикалық М.Мақатаев атындағы ақындар мүшәйрасының І орын иегері, облыстық және республикалық ақындар айтысының жүлдегері.
2011-2015 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын аяқтады. Бүгінде осы білім ордасында педагогика ғылымдарының магистрі мамандығы бойынша білім алуда.
