Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Арман Қани

     Арман  Қани

"Ақындар мектебі-Школа поэтов": Арман  Қани     1954 жылы   22 ақпанда   Павлодар қаласында  дүниеге  келген. 1968-70 жылдары №3 облыстық   мектеп-интернатында   8-9-сыныптарда оқыған. «Ұлттық саясат мәселелеріндегі өрескел қателіктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан, мектептен шығарылған. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, білім алу құқы мен баспасөз бостандығына шектеу қойылған.  Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы қара жұмыс істеген. 

      Бұл күндері есімі республикаға белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,  Павлодар қаласының, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы. Сондай-ақ  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл», «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Тіл жанашыры» медальдарымен марапатталған. Бірталай республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері.

     Ақынның қаламынан  «Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Баянауыл жырлары» (Павлодар, «Парасат» – 2014)   жинақтары  жарық  көрген.

     Ақынның зайыбы Аханбаева Бақыт, қазіргі шақта зейнеткер. Дана  және  Дариға   есімді қыздары жоғары білімді мамандар.