Серікболсын Дүйсембай шығармалары
Шығармашылық өмірбаян
Туған жер, бесік дүние
Мәшһүрдей түлеп қойнынан зарлы Ескелдінің,
Серт беріп сүйдім Жаяудың наркескен жырын.
Баянауылдың тасына бедерлеп жаздым
“Ақ сиса” әнмен ұрандап хал кешкен күнін.
Көкжалдар ұлып,
Жыраққа марал безгенде,
Дүбірге толып кетеді дала – боз кеуде.
Сағақтан жұлып жапырақтарды жауқазын
Көкпарға салып, шабады шабандоз жел де.
Таулардың шанағындағы сарын ғасырлық
Үңгірдің ішін сарнатты жалын, жасын қып.
“Қыз қуудағы” қыз ғұмыр, желқанат арман
Сарыала қырда барады сағымға сүңгіп.
Қамданған шақта қызарып белді асқалы Күн,
Оятар үкі дүние шерлі аспан үнін.
Алтайдың төсін арда емген
Ертіс толқыны –
Желісін үзген қоңыраулы керқасқа құлын.
Жұлдыз жанарлы балғын түн жиып шаштарын,
Сері асулардың сипады, сүйіп тастарын.
Тостаған Айдан төгілген самала нұрға
Сарғалдақ гүлдер майысады иіп бастарын.
Ұлымын елдің,
Жарқ еткен аңсарым – ұшқын,
Сыңғырлап еді кеудемде қанша күміс күн!
Перизат қыздың құмырасындағы
Сан жылғы
Сағынышымның мөп-мөлдір кәусарын іштім.
Нәресте өлең өзімнің келбетім екен,
Бесік дүние!
Жырымды сенде түнетем.
Киелі мекен Кереку, кейіме маған,
Сені де, жаным, кеудемде тербетіп өтем!
Тәуелсіздік таңы
Көкжиектен қызара қымсынып Күн,
Қыл мойыны қылтиды қылша үміттің.
Тіршіліктің толқыны жарға соқты,
Құрдымында құлдықтың тұншығып түн.
Бола алмаған кезеңде кеңдік пана,
Еңіреді-ау егіліп Еңлік дала.
Бодандықтың шынжырын үзе алатын
Аймаңдайлы тарланкөк елдік қана.
Саясында қайыңның сезім ықтап,
Қылығыма жымиды, көз іліп бақ,
Шарайна Күн шытынап сынды бірақ,
Қара бұлтқа қапыда кезігіп қап.
Жыртық желкен кеме өмір ескегімен,
Күңірене көк дауыл кешкенімен,
Белін үзбей құлады құба жоннан
“Қазақ” дейтін қаралы көш – керуен.
Дүбір қосқан күмбірлі күй – әуенге
Тұлпарлардың тұтанды тұяғы өрде.
Бостандықты тілеген бодан халық
Шалып еді бозқасқа қия белде.
Жырып өтіп дүбірлі қыр көмбесін,
Түндік бұлтты ысыра түргенде шың,
Күнбатыстан мұзбалақ Мұстафалар
Кетіп еді тілгілеп түн кеудесін.
Мына жарық әлемге құлшынып тым,
Гүлдеп жатыр бүршігі жыр шыбықтың.
Тәуелсіздік таңы атты,
Содан бері
Көкжиекте тұрады қымсынып Күн
Жанарындай мәңгілік тіршіліктің.
Дүрбелең кеште
Тарланкөк елдің тұяғы таусылып босқа
Тілінсе,
Тағдыр кетеді-ау қамшы ұрып басқа.
Жар қабақ толқын бұрқанды бұлқына тулап,
Шарболат сертім қалғанда шаншылып тасқа.
Шарпысқан бұлттар шытынап күркіреп көктен,
Дүрбелең кеште жатқанмен дүркіреп көктем,
Ғазиз тіл кірпіктерінен ғазал нұр саулап,
Шаңқақбозымның шабысы күрт үдеп кеткен!
Үдере көшкен ұлттықтың көшінен алап
Дүр сілкінсе де,
Тәңірден несібе қалап,
Топ тырна болып самғады ана тіл үні
Үкілі жұлдыз үмітті төсіне қадап.
Балауыз нұрға шомылса балбырап дала,
Қарғып мініп ап Ахаңдық арғымаққа да,
Атойлап едім «Тілім» деп,
Перизат арман
Жалт қарап қалды жанары жаудырап қана...
Уілдеген желқобыз үнін тыңдап...
Кер маралдар керіліп
Тұрар тағы
Өрісте небір.
Пейіш баққа беймезгіл құмартады
Періште көңіл.
Өр еңсесін езгендей күз тұманы
Күңгірт тау бұқты.
Қақ жарып тек бір асқақ құз тұрады
Сұрғылттау бұлтты.
Жалғыздығымды әзәзіл сезген кезде
Қақпамды қағып,
Ғайып қылып жіберді көзден лезде
Ақ таңды ғаріп.
Уілдеген желқобыз үнін тыңдап
Құбыла жақтың,
Ібілістің қылсам деп түнін тулақ,
Шұғыла жақтым.
Бірте–бірте ол-дағы сөне берді,
Шам құрлы болмай.
Беу, Жаратқан, күтемін сенен енді
Тағдырды қандай?
Жар бола көр жүргенде селебемді
Қан қылып алмай...
Көк адыр, керқұлын ән
Толқынына көміліп ақ сағымның
Сары бел шалғайдағы,
Сімірді де саумалын ақша нұрдың,
Қалғыды тау қойнауы.
Сыңғырлатып шаттықтың қоңырауын,
Тас бұлақ жорта ағуда.
Аруана тау жібіген омырауын
Емізді бота қырға.
Желбіреген қазбауыр ақ ұлпа бұлт
Бағады жел қабағын.
Ұшарында құзарттың дамыл тауып,
Керілді кермарал Күн.
Жоны күйіп шілденің аптабынан
Жөңкіліп шарқ ұрып бел,
Жағалауға толқыны ақтарылған
Жатады алқынып көл.
Желмен жеткен қоңыр саз
Шерлі құлан
Көңілін елжіреткен.
Көк адырға жетеді керқұлын ән
Ойнақтап көкжиектен.
Жүрісінен керуеннің бір ырғақты
Сыр тыңдап атырап бар,
Ақ самалдың лебінен діріл қақты
Жап-жасыл жапырақтар.
...Найзағайлы бұлтқа ұрған өз маңдайын
Құзарттың ұлы дауысын
Кілт естідім,
Талма енді, жезтаңдайым,
Алланың нұры жаусын!
Үзілме, бозторғай үн...
Беймаза шақ. Бел буу
Кездескен шақта ұсқынсыз түннің жолы алдан,
Ұмтылып Айға сұрғылтым бұлтқа оранған
Сүрініп кетіп, омырауы тасқа ұрылып,
Орынан қайта сілкініп тұрды бөрі Арман.
Он екі өрім жез қамшы тіліп арқамды,
Ышқына ырғып үзіп ем бұғау арқанды.
Күншығыс жаққа көсілген сәтте ізімге
Жыңғылдар жырған тілерсегімнен қан тамды.
Сіміре жұтып тағдырдың ащы сусынын,
Іңірде бір сәт тыныштық тауып, тыншыдым.
Жеті қат Жердің астынан сонда тың тыңдап,
Естіген едім от тұяқ өлең дүрсілін.
Аңсарым болып шұғыла нұрлы ерке күн,
Қарашығымда қап-қара түнді өртедім.
Тұңғиық ойдың түбіне лажсыз үңілем,
Жел жұлып кетсе желқайық арман желкенін.
Жанартау жүрек атқылап сезім оттарын,
Жарқыратқанда қараңғылықтың соқпағын
Кертөбел ойдың кекілін түйіп,
Ер ғұмыр
Додасына ендім,
Өңгеріп өлең көкпарын!
Қаратып ұлы теңізге мөлдір жанарын
Аққулар ұшты, айдында қалқып жаралы үн.
Бөбексіз қалған қоңыраулы бесікті тербеп,
Сыңсыды бесін кезінде Найман Ана күн.
Даламның күйі бебеулеп тұрған белесі,
Уақытқа өзі боп тұр-ау, сірә, төреші.
Дүниенің жүрек тұсына дәлдеп көзделген
Ал, анау кімнің жебесі?!
Баянды өлкем – Баяным
Аңқытып маңғаз қыраттар қынаңның исін,
«Ақ сисалатсам» ақ қайың – бұралды бишің.
Күмбір де күмбір күй тұнған толқындарында
Сабынды көлім – сыр мінез, сыралғы күйшің.
Шақырған шығар жондарға жусаны көптен,
Көзімде толқып кетті ғой шыршалы бөктер.
Сағымға сүңгіп сумаң жел жоқ болып лезде,
Шіліңгір аптап шілдеде сусады көк бел.
Сұлулығыңа сұқтана елтіп жас күнім
Барады-ау өтіп,
Қымсынбай көркіңді аш бүгін.
Сөзіме бірақ селт етпей Ақбет тау жатыр,
Қойнына басып кейуана Кемпіртас мұңын.
Тас Ана егер тарқатса осылай шерін,
Жас толқын еске түсірер Жасыбай ерін.
Тұңғиығыңа ымыртта үңіле қарап,
Үздігіп тұр-ау көркіңе ғашық Ай сенің...
Сағыныш
(Әке рухына...)
Сағынған жүрек сарнатса сағыныш мұңын,
Жаутаңдап қарап жанарым, жалынышты үнім.
Қырықтың бұзып қамалын ғайыпқа кеттің,
Қайтейін, әке, тағдырға бағыныштымын.
Кигізе қалса дүниеңе қара күз шәлі,
Кіргізуші еді-ау көркіңнің анамыз сәнін.
Шықпайды естен Шәмшінің «Ақ бантигімен»
Көңіліме бантик тағатын балауыз шағың.
Жымиып Күн де қырқадан, Ай күлер белден,
Өткінші ғұмыр пендеге қайбір өң берген?!
Шабандоз кезің қас-қағым шапқылап өтті-ау
Күлдірлеп күрең атыңмен бәйгіден келген.
Шоқ салса-дағы маздаған өрт кеудеме мұң,
Сындырмаймын деп сағымды серт берген едім.
Серігің болған сенімді тұлпарың әне
«Гаражда» бүгін шаң басқан төрт дөңгелегін.
Қарашығымда ойнақтап ұшқыны нұрдың,
Шәрбатын ішіп жүр едік біз шырыныңның.
Бәйтерегім-ай, діңгегің шайқалды неге
Көре алмай бүршік жарғанын үш шыбығыңның?!
Көкірегімнен сағыныш күйі ағылғанда
Сарғая бердім, самғатып қиялымды алға.
Дүбірлі мынау өмірде сүріндім деме
Тағалап қойған дәл біздей тұяғың барда!
Сырласып өткен күндердің парақтарымен,
Шер тұнған сандық кеудені сәл ақтарып ем.
Ішімнен ылғи, әкешім, дұға қып жүрем,
Жәннатта қылсын жаныңды Жаратқан Ием!
Аңсау
Төгіле жырлап жатқанда шайыр күн бізді,
Жапырақтары қалқыды қайыңның күзгі.
Жылт етіп жерге түскенде меруерт жасың
Бозамық түнде бозғылтым Ай ілбіп жүзді.
Тар соқпағында тұрғанда тарлауыт жолдың,
Жастық желіктің буына арбалап келдім.
Құс тұмсық құйма жүзіктей жұлдызым кенет
Жоғалды сүңгіп жонына шаңдауыт белдің.
Алқызыл нұрын ғаламға тұндыра бүркіп
Күн көтерілді,
Құралай түн жылап үркіп.
Керімсал кербез сезімім оянды сонда
Қима қас, қынай қабақты, сұңғыла кірпік.
Боз жусан иісін боз таңда үздіге жұтып
Күрсіндім,
Көздің ұшында құз күреңітіп...
Жабырқап жүрмін періште жүзіңмен қоса
Бұрымы алтын шолпылы күзді де күтіп...
Дүрбелеңде
Қоңыр үнді қобыздың шертіп қылын,
Кәусар жасын көзінде көлкітті кім?
Құба белден құлаған құла Тарих,
Қабырғаңнан іздеймін Қорқыт күнін.
Қара қызыл құйынын төгіп өрттің,
Кеме сырды теңселтіп, тебіренттің,
Үрке көшкен үркер боп шашылғанда
Меңіреу түн көгінен меруерт мұң.
Жанарына түнетіп тамшы нұрды,
Сағым арман толқынын қарсы бұрды.
Қыран намыс құлдилап ұшқан шақта
Іздерінен алқызыл қан шұбырды.
Жалғандықтың жармасса бұлты Күнге,
Дір етеді гауһар ой су түбінде.
Семсер жүзді сертімнің
Мұзға айналған
Қыраулары ілулі кірпігімде.
Мұңлық жүрек қалса да жұбанып сәт,
Дүрбелеңге бұл тірлік тұрады ұқсап.
Шынжырменен шідерлеп тастар ма еді,
Тұлпар өмір мойнына бұғалық сап?!