Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Қайдаров Рауан Жақсыбекұлы шығармалары

Туған жер

Сан сағыныш санамды буындырдың,

Мен өзіңсіз бұлт басқан  бұлыңғырмын.

Бәйгесіне өмірдің баптап қосып,

Кекілінен сипадың құлын жырдың.

 

             Қайта түлер қайманам келді көшің,

             Артық көрер өзіңнен енді несін?

             Құрсақтағы тағдырым Құдайға аян

             Сәби күнгі сырымды сен білесің.

 

О, туған жер, сен едің оққағарым,

Сезінбеппін себебі жоқ хабарым.

Қиял қуып қияға аттанғанда

Қимастықпен қол бұлғап көп қарадың.

 

             Әлпештеген әлдиің әлі есте жүр,

             Пендеміз ғой әрнеге әуес көңіл.

             Шаһарыңнан шарықтап шабыт құсы

             Іңгәлады іргеңде нәресте жыр.

 

Туған жердің сағындым отты кешін,

Жанардағы жасымды кептіресің.

Кіндігімді кескеннен куәгер боп,

Менен гөрі мен жайлы көп білесің.

 

               Соқпағына тағдырдың соғылдым-ау,

               Соғылдым-ау сондықтан көңіл қырау.

               Өзің ғана басып ең бауырыңа

               Өзегімнен тепкенде өмір мынау.

 

Атам айтып жүретін фәниді көп,

Туған ұлын туған жер таниды деп.

Сағыныштан бір күні үзілер ме?!

Алып ұшқан сендерге сәби жүрек.

 


 

 

Сәби сәлемі

 

Әке-шеше  қуаныштың көбін көр,

Бала кезден бізге қорған едіңдер.

Мамандықты «беске» бітірмесең де,

Адамдықты « беске білші» дедіңдер.

 

                      Жанұяма жайсын құшақ ырыс күн,

                      Ұлдарыңа адам бол деп ұрыстың.

                      Кешір әке дәл өзіңдей болмасам,

                      Бірақ сендей болуға да тырыстым.

 

Жаным әке, жабырқап жүр ұлыңыз,

Перзенттердің бағын тілеп жүріңіз.

Тентектігім болса егер бойымда,

Сізден жұққан қасиет деп біліңіз.

 

                      Әкелерін сүймегендер сорлы ғой,

                      Санамды кеп сабалайды сол бір ой.

                      Артық туған ештеңем жоқ ешкімнен,

                      Тартып туған ұлың болсам болды ғой.

 

Алла жар боп алдымнан жол төселер,

Үш тілекті орындаймын десе егер.

Ең бірінші тілегіңді айт деп тұрса,

Аман болсын дейтін едім шешелер.

 

                      Ата-анаңды басқалардан кем көрме,

                      Шамаң жетсе арқалап шық белдерге.

                      Ал екінші тілегіңді айт десе егер,

                      Жәннат қана сұрар едім сендерге.

 

Ал үшінші тілегімді дос түсін,

Олар менің қолымдағы қос құсым.

Ата-анам арамызда сау жүріп,

Ата-әже деген сөзді естісін.

 

                     Тағдыр бізге тарту етпей келте бақ,

                     Өзегімді бара жатыр өртеп-ақ.

                     Үш ұлдарың аман жүрсе алдыңда,

                     Үш тілекте орындалар ертең-ақ!

 


 

 

Қос көктем

 

Көңілімді көктемге көпір еткен.

Махаббаттың ыстық ед оты неткен.

Ес білгелі ерекше елжіретіп

Есімде қалып қойды екі көктем.

 

Асау сезім арманға асықтырды.

Баспалдағын кеудемнің басып кірді.

Бір көктем кеп айырып сүйгенімнен

Бір көктем кеп басқаға ғашық қылды.

 

Қайғы әкелген өткен жыл, өткен көктем.

Мұнарасын мұңымның көкке өрлеткен.

Қырық қия, отыз ой, алпыс арман,

Сексен түрлі іске аспай серттер кеткен.

 

Көңілсіз болады екен көктем бұлай.

Өзгеге шертпеуші едім өкпемді лай.

Көктем бірақ кектеніп қайтем саған

Басқарып тұр емес пе көктен Құдай.

 

Жадыратты осы жыл осы көктем.

Жабырқау ед жанымның көші көптен.

Толқыныма тосқауыл бола алмассың,

Өйткені мен ғашықпын есі кеткен.

 

Иә, ғашықпын, сырымның бәрі мәлім.

Жан сырыңды жасырма жалынамын.

Жаным, сені қаншалық жақсы көрсем,

Көктем, сені соншалық сағынамын.

 

Біздің бақыт тұр екен биік кімнен.

Ой оқығым келеді тұйық түннен.

Енді қалған көктемді қарсы алайын,

Енді ғана қосылған сүйіктіммен.

 


 

Ескелдіге барғанда..

 

Жаздың айы. Жапырақ гүлдеп еді,

Бала біткен демалып жүрген еді.

Есімде жоқ екі айдың біреуі ғой

Маусым ба еді, жоқ әлде шілде ме еді.

Біздің ауыл Кереку іргедегі.

 

Көрген бе едік, біз оны сезген бе едік,

Тұрса дағы тарихта безбенделіп,

Барып қайтсақ деп еді Ескелдіге,

Астанадан арнайы жездем келіп.

 

«Ертең жолға шығамыз, аттан»,- деді,

Маған қызық Баянтау мақпал белі.

Елдің бәрі білмейді-ау, Ескелді – ол,

Мәртебелі Мәшһүрдің жатқан жері.

 

Жолсерік боп жездеме келдім дағы,

Көп нәрсеге таңғалдым мен мұндағы.

«Иесі келді деген» жер екен ғой

«Ескелді» деп жүрсе де елдің бәрі.

 

Жазғанына сын айтпас пешененің,

Жырға жүйрік, тілге бай шешен едің.

Бұл оның өмір сүрген жасы дейді,

Жетпіс үш баспалдағы кесененің.

 

Серік қоспай Алладан сұраса нық,

Қабыл болар мүміннің дұғасы анық.

Керемет оқиғаға кездестік қой,

Кесененің ішінен шыға салып.

 

Өлімді ойлап, еске алып қияметті,

Шыққан кезде кім қандай зиян етті.

Күн ап-ашық, бұлтсыз боп тұрсадағы

Аспан жақтан ақ жауын құя кетті.

 

Қоршап алып сол жауын бұл алаңды,

Жуындырып алдың ба тірі адамды.

Біз көліктің ішіне кіре сала,

Аппақ жауын әп сәтте тына қалды.

 

Болсадағы күнәмыз қардан қалың,

Тәубе қылсаң кешірер Аллам бәрін.

Әлі күнге есімнен кетер емес,

Кесененің басында жауған жауын

 

 


 

 

Қайтар күнге қам жаса

 

Құрметтесең мөлдір таза дініңді,

Құмар болма құнары жоқ әзілге.

Ахиретке апаратын жүгіңді

Әзірейіл жеткенінше әзірле.

 

Талай теңге шашқанменен той үшін,

Зекет жайын жүрміз әлі біз ұқпай.

Бұйрығына Жаратқанның бой ұсын,

Бұйымына тіршіліктің қызықпай.

 

Іске ассын деп ойласаңдар жоспарың

Адалдықты, адамдықты айт елім.

Арамыздан қыл өтпейтін достарым,

Қыл көпірде сатып кетсе қайтемін.

        

Тағдырыңда тап болса да түрлі жол

Сүннет дейтін сүрлеумен жүр бұрылмай.

Үмбеттердің барлығына үлгі бол,

Құбылаға бұрылғандар құбылмай.

 

Жүре алмасаң тура жолда ту алып.

Шырылдайды шыбын жаның көрге енсе.

Мұсылман боп туғаныңа қуанып,

Мұсылман боп қалуды ойла өлгенше.

 

Бой ұсынбай Жаратушы шеберге,

Барлығы да жәннат бақтан дәмелі.

Қасқыр мінез қазақ болсаң егер де

Нәпіл оқып, нәпсіңді жең әуелі.

 

Я, жаратқан, абыройымды асқақ ет,

Алла жалғыз тек осыны білші адам.

Дұға қылдым дұрыс жолға баста деп,

Тағдырымды тапсырдым да бір саған.

 


 

 

Керуен көш түзеді

Керей мен Жәнібектен

 

Құт дарып құлпырғандар,

Құның да артық елім.

Ғұндардың ғұрпын жалғар

Сақтардың сарқыты едің.

 

Жолында кіл мазақтың,

Жасадың кемел бағдар.

Ертеңі бұл қазақтың

Ертегі дегендер бар.

 

Хандық ол – ескі із еді,

Халықтың жауы деп пе ең.

Керуен көш түзеді

Керей мен Жәнібектен.

 

Иесін адал ардың,

Иманмен некеледі.

Бағыты бабалардың

Бақытқа жетеледі.

 

Тұлпардай шауып едік,

Тұяғы тас илеген.

Жауынгер халық едік

Жауына бас имеген.

 

Байқатпай құлдық кейпін,

Болайық бүгін батыл.

Біздің күш - бірлік дейтін

Бір ғана ұғымда тұр.

 

Намысы асқан елде,

Той, міне, дүбірлеген.

Намаздан басқа жерде

Тізесі бүгілмеген.

 


 

 

Мақтаныш

 

Мамыражай мамырдың тұнық таңы

Алдымыздан атуда күліп тағы,

Атам онда жетпістің жетеуінде,

Мен оқушы бастауыш сыныптағы.

 

Жыландардай жылжитын иір ізбен,

Араласып жүргендей жиі бізбен.

Әйтеуір, оқу жылы бітер кезде,

Әкім қара шықпаушы ед үйімізден.

 

Жапырағын жанымның тербейді леп,

Өкпелеуші ед оларға мендей жүрек.

Бар сыйлықты атама бере бермей,

Неліктен бізге тәтті бермейді деп.

 

Балғын едім кәмпит қой бар қызығым,

Ол болмаса түсердей қан қызуым.

Білмеппін ғой тәттіден тәтті екенін

Тәуелсіздік дейтұғын жалғыз ұғым.

 

Көрдің ғой деп қария көп әурені,

Құттықтауға асыққан қоғам ба еді.

Атам бар да ат ізін сап тұратын

Ағаларды көрмедім содан бері.

 

Білмеймін, ата, сіз үшін не етерімді,

Бар білерім өзіңді етем үлгі.

Мақтанышпен айтушы ем достарыма,

Майдангердің ұрпағы екенімді.

 

Үндемесін, сыртыңнан күндемесін,

Халық берген атағың кірлемесін.

Медальіңнің мен үшін қадірі жоқ,

Ата, сенің кеудеңде жүрмегесін.

 

Сіз өскен жер ел емес тасадағы,

Серікбайдай батыр ғой бас адамы.

Мүткеновтің ауылында туған ұлдар

Мүмкін емес бір ерлік жасамауы.