"Полигон", Социал Айтенов
Полигонда туған қыз
Қараша айы…
кештетіп
Ақжар жаққа келген күз,
Жол соқты боп, қалжырап, шопан үйіне енгенбіз,
Төргі бөлме есігі ашық қапты,
Қарасам,
Кер маралдай таң алды керіледі кербез қыз.
Қыр мұрынды, кең маңдай, қолаң шашы төгілген,
Жанары өткір
Көзімді көлегейлей көмілген
Тағы бір рет қарадым…
Сурет қой, құдірет,
Перизат жан дәл мұндай кезікпепті-ау өмірден.
Дала еркесі десем бе, хор қызы ма,
жаны асыл,
Қытықтайды сезімді жанарының аласы.
-Түсті ме әлде аспаннан,
қайдан келген қонақ деп
Бәлкім жүрген жан шығар айдалада адасып.
Ойлады ма осылай, айыра алмай ол жағын,
Жайып салдық үстелге қалған-құтқан жол дәмін.
Аңшылықпен түн қатып әбден шаршап қалыппыз,
Баспақ болдық бір уақ бойдың жаурап, тоңғанын.
Таңырқай ол қарайды бәрімізге жымиып,
Ибалы қыз екен бір, біз де отырдық шын ұйып.
Шай қамына кірісті,үн қатпайды бірақ та,
Неткен ару
Мінезі елден ерек тұңғиық.
Есік ашты қарт әже
Түкпірдегі бөлмеден,
-Қайдан жүрген жансыңдар,
Бұрын тіпті көрмеген,-
-Деп қария таңырқай бетімізге үңілді,
Шай ішіңдер асықпай, бұл сусын да шөлге ем.
Жапандағы жалғыз үй қуат берсін сендерге,
Дәм саламыз қазанға, жайғасыңдар кең жерге.
Құдайы қонаққа жабылмайды есігім
Қолым ашық,
жүрегім соғып тұрса кеудемде.
Ажал шашқан айдаћар болған жоқ па елге сын,
Жарылыстың лаңын айтамын мен көргесін.
Тоз-тоз күйге ұшырап, атамекен аза ма,
Тіршілікте құн жоқ қой, гүлдемей тек сөнгесін.
Адам ғана төзе ме, төнсе зұлмат- зобалаң,
Кем түспеді-ау зардабы қырғын-апат обадан.
Естімеген сырқатқа киліккен жан айықпас,
Дауасы жоқ аурудан сауыға ма сол адам…
…Мәнін білгің келсе егер, сөзді тыңда, шырағым,
Полигонның іргесі…
жарты ғасыр тұрағым.
Шопан келінім шошынып кезекті бір сынақта
Шауып келе жатты да, ат үстінен құлады.
Үш күн жатты нәр татпай, мықты екен шыдамы,
Сөніп барып, бір уақ қайта жанды шырағы.
Осы қызға босанды,
айы-күні толмай-ақ,
Таскерең боп туған соң естімейді құлағы.
Мұнымен тағдыры түгесіліп, бітпепті,
Тілі шықпай қалғаны жан-дүниемді күпті етті.
Әлдилеумен сәбиді осы күнге жеткіздім,
Жаратқаным аямай ауыр міндет жүктепті…
Осылай деп кейуана, шайын ұрттап қойды еппен.
Өзі жайлы айтқанын сезіп отыр бойжеткен.
Жаратушым берсе де аямай-ақ көрікті,
Жанға батты-ау қойғаны ғұмыр бойы сөйлетпей.
…Үнсіз қалдық бәріміз,
ойға шомып әрқилы,
Радиодан назды әуен аспанға өрлеп шалқиды.
Тіл шықпаған бойжеткен
осы әуенге елітіп,
Ыңылдайды ырғала
естігендей ән-күйді.
Социал Әйтенов