Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Саяхат Оразбек өлеңдері

Мектеппен қоштасу

Уақытта болып па еді теңдік тұғыр?!
Мамыр кеп ед көңілде шер бітті бір.
Қоштасатын сәт келді.
Бірақ, бірақ ....
Қаңырап қалатындай мендік ғұмыр.

Алғаш тулап шабытым кеше менің,
Өлең болып жатып ед дос өнерім.
Оқушылық соңғы күн – бүгінгі күн.
Оқушылық ең соңғы – осы өлеңім.

Қадіріңе жете ме желікпе адам?!
Соңымнан қарайсың-ау сеніп маған.
Сенен жинап балалық қазынамды,
Базарына өмірдің еніп барам.

Орнымызды келер қыз бен ұл басады.
Шәкірттер қабылданар тым жас әлі.
Ал бірақ сіңіп кеткен кеудемдегі
Мына сенің орныңды кім басады?!

Қия алмайды ұлың мен қызың жылап.
Жанардан жас ыршиды жүзін бұлап.
Ең тәтті сәттерімнен белгі қалған
Жер бетінде тек өзің – қызыл жұмақ.

                                

Р.S. Ұғынбаған тұсымды толықтырып,
Оқуға жатқанымда салып құрық,
Баламын ғой, сабақтың қоңырауы
Кей кезде жіберетін жалықтырып.
Амал не?!
Сені енді еске аламын
Жүректің қоңырауын соғып тұрып!

                             25.05.2014

 


 

Мазасыз шақта


Көңіл бұлтты. 
Сен де бұлтты көк аспан. 
Жанымменен боп тұрсың ба жарасқан. 
Нөсер қылып төккеніңе қарамай 
Өтуде өмір мұң мен шаттық таласқан. 

Бұлттанамыз мен де, сен де қаңырап. 
Кетер ертең көңілді аулап бәрі ұнап. 
Бүгін уайым торлайды да сананы, 
Ертең көзге жарқ етеді тағы бақ. 

Жарқ еткенмен, бақты біреу тапқан ба?! 
Түсер қайтып мазасыз бір шақтарға. 
Қара түннен жеткенімен ақ таңға 
Ілінбеген кім бар екен қақпанға. 

Ащы-тұщы жарыса аққан жылғалар. 
Тәтті-қатты, күлер, қайта мұңданар. 
Қара жерден таптым дейсің бақытты 
Көзіңді ашсаң, уысыңда құм қалар. 

Солай-солай, сырымды ұқсаң, көк аспан. 
Дүние ғой іште бәрі толасқан. 
Шын бақытың – бағалауың әр сәтті, 
Өйтпегендер – жоқты іздеп адасқан. 

 


 

Мұқағалиға



Сарқыты едің кешегі дана шалдың.
Қара өлеңнің алдында аласардың.
Поэзия көгінде қалықтадың
Қанат беріп Қарасаз қара шалғын.

Өлеңіңе, таға алмас сөзіңе мін.
Хас өлеңді тек сенен сезінемін.
Қарасаздан түлеген пенделерден
Қарасы озған мұзбалақ өзің едің. 

Тағдырыңда таңдап ең жолды дара.
Болмысыңа бас иер бар ғұлама.
Қазақтың қасиетімен сен сусындап,
Ел сусындап жүр бүгін мол мұраңа.

Бейнесі сенде еді шын ғашықтың.
Мұңыңа құлақ асты тыңдасып кім.
Бітімің бөлек болып жаралған соң,
Талайлар шыға алмаған шыңға шықтың

Сен үшін байлық та өлең, білім де өлең.
Өлеңмен мұңайып ең, күлімдеп ең.
Арман болып қалады өзгелерге
Енді сенің шыңыңа шығу деген.

 


 

Таң атырдым

 

Таң атырдым.

Тәтті ұйқысы жоғалып қара түннің.

Қиялымның қақтырып қанатын мың,

Сезімге еріп, толғанды жаны ақынның.                                                            

 

Ай – сәулелі.

Көңілге сай даланың байсал лебі.

Ару деуге келмейді-ау мен сүймейтін,

Сарсаңға сап осылай қойсаң мені.

 

Жаным жібіп.

Ой-санамды өзіңе таңылдырып.

Өз әмірім жүрмейтін бұл жүректі

Қалай ғана алғансың бағындырып?!

 

Шытырмандай.

Махаббатқа отырмын үкімді арнай.

Көңілдің қалағаны НҰР-ым барда.

Бақытсызбын деуіме құқым қандай?

 

Боз кескінді.

Жазғанымен тағдырдың кездестірді.

Саған көңіл ынтыққан сәттен бастап,

Байқамайтын болдым мен өзге ешкімді.

 

Ойымдасың.

Нұрлы бейнең ойымнан жойылмасын.

Енді бізге керегі – ажырамау.

Қалған ғұмыр бір жолға қойылғасын.

 

Қымбаттымсың.

Қымбаттымды өзгеге жұмбақ қылсын.

Жан сарайды өртеген мендік сезім,

Түн ұйқыңды сенің де ұрлап кірсін.

 

Таң атырдым.

Орынымнан ырғалып жаңа тұрдым.

Келгендігін күтумен тағы арпалыс,

Сеніменен өткізер сағатымның.

 

 


 

Даңқты жанартау

 

«...Оңыма да, солыма да  мән берем,

Өйткені ақын жанартауға тең дер ем:

Сөнген, өшкен жанартаулар – даңқты,

Атылмаған жанартаулар – қауіпті!»

 

                        Қадыр Мырза Әли

 

Жалын қылып бойға жинап шабытты,

Сілкіндіріп, күйден ауып қалыпты,

Жыр арнасын жанартауға – даңқты,

Атылмаған бір жанартау – қауіпті.

 

Жанартау ең дер кезінде атылған,

Бар әлемге даңқың асқан атыңнан.

Сүйсінгендер қасиетіңе тамсанып,

Кейбіреулер қорқатұғын отыңнан.

 

Сол қасиет сөнсе дағы көшпейтін,

Ешкімі де оның жолын кеспейтін,

Сенің алтын қойнауыңнан атылып,

Үнің қалған, жырың қалған өшпейтін.

 

Поэзия жаныңменен бір еді.

Асыл сөзге тұнған үлкен жүрегің.

«Нағыз қазақ – домбыра» деп білгендер,

«Нағыз ақын – Қадыр»,- деп те біледі.

 

Қызыл тілдің шеберлері көп еді,

Сенсің соның ішіндегі кемелі.

Шеберлігің асқандығы – өзгеге 

Бар қазақты таныта алған өлеңің.

 

Сен – жанартау сөнген, өшкен даңқты,

Өлеңімен таныта алған халықты,

Ал қазағың – даңқты әрі бақытты

Дәл өзіңдей тудыра алған алыпты!

 


 

 

Халыққа қалдырған тәбәрік...

(Мағжан Жұмабаевқа арнау)

 

Толғатып бір қызы өрілген бұрымы,

Қазақтың дүниеге келген-ді бір ұлы.

Жұртымның маңдайда жарқырап жұлдызы,

Тар құрсақ кеңейіп, тас емшек жібіді.

 

Өркендеп, шарпысып бойдағы жалыны,

Арысқа айналды, дес бермей дарыны.

«Нұр жұлдыз» тілімен, жазылған жырымен

Серпілді қан жүріп қазақтың тамыры.

 

Даналық ой түйіп, ойын қап балалық,

Халыққа мәңгілік қалдырды тәбәрік.

Тұранда «Түркі!»- деп ұрандап баурына, -

Түбінде өз баурынан көрінді алалық.

 

Опасыз дүние отына қарсы айдап,

Тұрақ та бола алмай ақынға жаршы аймақ.

Бұлқынған көкірек тілінді ақыры,

Мекен боп абақты, арқада қамшы ойнап.

 

Кері кеткен Кеңестің тұтанып шырағы,

Алаштың асқарлы бір тауы құлады.

Бүгінде жырынан сусындап Түркі елі

Маржандай ағуда Мағжанның бұлағы.

 


 

 

Туған жер – алтын бесік

 

Туған жер арқау әніме,

Арқау ғып барам әріге.

«Алтын құрсақ», «алтын бесік»

Жарасар саған бәрі де.

 

Қойныңда жүрсе сыр тұнған,

Армандар туар бұлқынған.

Далаңа аяқ басқандар

Даналыққа да ұмтылған.

 

Қимастық сезім қарқындап,

Күн сайын артар нарқың нақ.

Бір тасыңа да жетпейді

Хан астындағы алтын тақ.

 

Жырымды арнасам бұрқаған,

Түсінбес, бәлкім, сырт адам.

Мен түгіл күнің өзі де

Сағына атқан қырқадан.

 

Р.S.   Туған жер деген ең асыл

Санаға жетсе кеш ұғым,

Жасарсың сен де кешірім.

 

Ұйықтап келіп өзіңде,

Ашып ем өмір есігін,

Кіндігім тауып кесімін.

 

Ұйқыға кетсем оянбас,

Тағдырым жасап шешімін

Өзіңсің тағы,

              Өзіңсің мәңгі бесігім.


 

 

Құйынды жел

 

Қарынан ерте арылып биылғы бел,

Кез келді қыр басында үйір жүрер.

Бесін уақыт.

       Өзінше мінез қылып,

Құйғытып соғып жатыр құйынды жел.

 

Барған сайын үдеуде серпін қызып.

Күлімдеген күннің де еркін сызып.

Ойда, қырда ойнағын салады кеп,

Көктемдегі даланың көркін бұзып.

 

Кейде айнала кетеді түнектеніп.

Бір сойқанды басынан тұр өткеріп.

Қалтылдаған кәрі ағаш шыдап бағад,

Терең кеткен тамырын тірек көріп.

 

Бұл желдің желөкпеге тепкісі бар.

Бітпейінше біраз уақ көп қысылар.

Құйын соқса дұрыс қой, топырақтың

Бетіндегі қоқысты шетке ысырар.

 

Кім бұл сәт табиғаттың күйін білер.

Дауылдың көрер кез бар сыйын бірер.

Анда-санда тазартып беретұғын

Қоғамға да керек-ау құйынды жел.