Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Арман Қани шығармалары

Кереку толғаулары

1. Қағанаттан кейінгі тарих

Төсінен Ұлы Даланың кірпік қақпаған.

Балбалдан

Баба дәуірдің сырын ақтарам.

Тоғыз вал тарих толқынын кешкен біздің ел

Кереге жарға жеткенде ғана тоқтаған!

Ақырғы қаған елесі кезген өңір бұл

Жоғалтып алтын тәжінің тасын,

Таппаған...

Әйтсе де, соның үш қырлы күміс жебесін

Мойныма тұмар сияқты іліп  сақтағам!..

Ұғынар ұрпақ егемендіктің қадірін

Ер жеткенінше

Ел-жұртқа оңай соқпаған!

Соңыма бір сәт бұрылсам,

Көрем сұмдықты:

Қарашадағы қара  жаңбыр мен ақ боран

Көзімнен ұрып,

Дүниені түнек қаптаған!..

Қызыл мен аққа бөлінген елдің серкесін

Көкпардай алып қашады  уақыт ақтабан!

Абақтыдағы тар кезең

Айбоз Алаштың

Табанын мұзбен,

Маңдайын отпен қақтаған!

Ошағы сынған қазаннан ырыс төгіліп, 

Итжеккен жақтың дәм-тұзын кімдер татпаған?!..

 

2. Ескерткіштер

 

Ескерткіштерді көргенде тыным жоқ маған,

Мүсіннің сырын білуге үйір боп барам!

Жетім ұл отыр аш құрсақ мүрде жанында,

Аспанға қарап

Анасын жылап жоқтаған!

Жиегіндегі Ертістің жеті текше тас

Төсіне қанды шежірелерді   хаттаған.

Қос қабырға тұр

Көкірекке басып Шындықты,

Кешегі  қоғам табанға салып таптаған.

Исабек ишан, әулие Мәшһүр мазары

Аруақты ерді имандылыққа баптаған.

Бір шебер құйды Иманжүсіптің тұлғасын,  

Қырық қатын бірдей толғатса,

Қайта таппаған!..

Қалижан ақын тұсынан көкке самғайды

Қара өлеңдерін қанатына ілген аппақ ән.

Қияли оймен кей сәтте: «Төбем аспанға

жетердей болып отырсам солай!» – деп қалам...

Кереку –  көне түркінің көзі еді ғой,

Ілтипат қылмай өткенге,

Ізет жоқ маған!

Мұзафар абыз тарихтың өзі емес пе,

Шәкірттері де уақыттан әрі аттаған!..

Шөберелері  Әнұранға елтіп жөргекте,

Бесікте жатып  «Маралды» әнін жаттаған!

Бүгінгі  жастың ырзығы толы торсықта

Ғажайып дәм бар үлкендер әлі  татпаған!

Айдарлы ұлға бақ қонды  бата берген соң,

«Асығың түссін алшысынан!» – деп,  мәрт бабам.

Әлмисақтағы өрнекте біздің өмір бар,

Әжелер бағзы жүзікті бекер тақпаған!

Әйтеуір,  Ерлан әкімнің,

Арман ақынның  

Тұсында ел-жұрт рухтанды,

Соған   шаттанам!

Билік пен халық тұтасып кеткен бұл жерден

Мен ертең Ұлы Болашағыма  аттанам!..

 

                               2013 жыл, қараша

 


            

Батысқа ұқсас Кереку

 

Жаһанданудың елесі елді кезгенде,

Жаңалықтарды салмақтап көрем безбенде.

Батыстық  дәстүр кеңестік салтты қиратқан

Кереку сынды қала жоқ, сірә, өзге елде!..

 

Сұқтанып супермаркетке

Танса есінен,

Көшеде жатқан нашақорды да кешірем!..

Сомбреро киіп,  сигара тартқан джентельмен

Билбордтан күлсе,

Техастан ол жер несі кем?..

 

Түтіні көкке шапшыған алып зауыттар,

Кафелер, барлар, сауналар, түнгі сауықтар!

Жабайы әуен,

Жалаңаштанған дүние,

Ыршыған билер,

Ышқынған үндер, жарықтар!..

 

Домналар буы будақтап бұлтпен шектесіп,

Менің де буым бұрқырап,

Көңлім көкке өсіп!..

Буалдыр қала төсінде жайлап  жүзеді

Сәулесі аппақ қызғылтым собор, көк мешіт!

 

Соборда қыз жүр,

Мойнына крест байлаған,

Мешітте ұл жүр,

О дүние жайын ойлаған.

Бәрі де жаңа!

«Казкрай» ғана сол қалпы,

Қазақылық пен бұзақылықтан таймаған!..

 

                                        2008 жыл

 


Түсінісу

Кереку  тұлғаң бөлек, атың ерек,

Жая түс керегеңді.

Өзіңе мен тәрізді ақын керек,

Батыр да керек енді.

 

Арғымақ арман өлер қамалдарда,

Ақ шаңдақ жолымыз бар.

Тірлікте қала түгіл, ғалам тар да,

Өлгенде көріміз тар.

 

Ендеше, тұрқымды елге таныттырған

Ереуіл ат арысын!

Пенде өмір замананы жалықтырған

Жалғыз сәт шаһар үшін.

 

Жүргенде жұпар желді жұтып күзгі,

Жапырақтай жаурап кетем.

Көпірдің үстінде, әне, күтіп бізді

Біреу тұр,

Аруақ па екен?..

 

Ханзада дәуіріңді түсінем мен,

Жатсынған көп қазақты.

Күні ертең, айсыз түнде түсіңе енем,

Абыз боп ақбоз атты.

 

Төсіңнен ақ сапарым басталмақшы,

Төбемде мөлдір ғалам.

Енді өзің өлеңімді аспандатшы,

Зерлі иық, зеңгір қалам!

 

                                                2008 жыл, мамыр

 


 

Өмір

 

Балалық  –  бұл күндері күңгірт елес,

Жас шағым – бұлдыр сағым.

Көзімде – жарқыраған күн нұры емес,

Жарығы түнгі шамның.

 

Көн қалқан тәрізденіп тозған айды

Төрге ілген аспан қандай!

Құс жолы тұманданған көзді арбайды,

Жұмаққа бастар жолдай.

 

Жағажай – тебіренген сыршыл әлем,

Төсінде жыр ұялар.

Сыйдиған үйеңкіден сыңсыды әуен,

Суыды жылы ұялар.

 

Жоғалды көкжиектен құстың легі,

Қалың лек, қаралы лек.

Айшықты Ақ мешіттің үстіндегі

Шытынап барады көк.

 

Мен, сірә, кетем сенен,

Арай нұрлы,

Ақ заңғар, зерлі қалам.

Қара аспан дір-дір етіп қақ айрылды,

Жол ашық енді маған!..

 

                                              2008 жыл, мамыр

 


 

Мерейлі шақ

Жарықтық, Ертіс жатыр жырлап ағып,

Жылап та ағады ертең.

Кірпігін шұғылалы нұрға малып,

Жымиды қала көркем.

 

Жағалау сызылтса әнді ертедегі,

Соңыма қараймын ба?

Желқайық – арманымның ақ желкені,

Заулайды ақ айдында.

 

Төсінде жетпіс бота ойнақтаған

Жаңғырып жатыр өңір.

Жерошақ отымен де жайнап далам,

Желпінді ақын көңіл.

 

 

Өмірді шат күндермен өлшеп енді,

Шалқию –  тексіздік-ау.

Думанды даладағы жол шектеулі,

Ал ғалам шексіз мынау.

 

Көмкеріп көне әлемді жаңалықпен

Радио толқындары,

Жүздесті бота тірсек балалықпен

Қария нар тұлғалы.

 

Әйтсе де, күнде қызық кешесің бе,

Қала ертең дамылдайды.

Тек қана Короленко көшесінде

Жәрмеңке жабылмайды...

 

                                        2008 жыл,  мамыр

 


Уақыт

 

Көктемнің күркірейді тасқынды әні,

Аспан тұр арайланбай.

Қарт тарих асфальт алаң астындағы

Жатыр-ау, әлі оянбай.

 

«Казкрай» көшесінде ырғатылған

Әнді кім ұғына алар?..

Қимақтың жебесіндей түнде атылған

Таспа жол ыңыранар.

 

Сан дәуір төбесінен самғап өткен

Ескі жұрт дертті ме еді?

Қағанның сұсты елесі қанға бөккен

Намысты тепкіледі!

 

Кетті ме қорқау тірлік көріне еніп,

Таусылдым табанымнан.

Сонда да сұсты елестің соңына еріп,

Кек алам заманымнан!

 

Сенбеген баба рухтың өлгеніне

Ақынын жебер елім.

Жұтынып тұрған уақыт өңменіне

Қадалды жебе өлеңім!

 

                                      2008 жыл, мамыр.

 


 

Олжасқа хат

 

               -І-

 

Сөйле, Олжас!

Сөз күтер Құдай сенен!!!

Тұнжырайсың үн-түнсіз

Мұңайса Әлем.

Ұлы Дала атынан Ұлы Үрімге

Үш қайтара айт енді дұғай сәлем!

 

Елің аман тас-түйін қамалдайын!

Ата жұртың атомсыз аралдайын…

Сөйле енді,

Қазақтың ұлы Елшісі,

Қаз дауысты Қазыбек бабамдайын!

 

Алатаудың алмалы алаптары

Бүр жарды әне сен жаққа қарап тағы.

Ушыққан жоқ жарасы Дегелеңнің

Ұшықтаған бозторғай қанаттары…

 

«Арғымақтар» таппайды тыныс-тыным,

Серпілгенің сенің де дұрыс бүгін!

Ұлы Дала – Ұлы Русь ұқты міне

«Мың бір сөзден» мыңжылдық туыстығын!

 

Мың екінші сөзіңді бастап енді,

Бір бастықтыр кеудесі асқақ елді!

Жер Ана да, Адам да жалқы екенін

Бұл адамзат түсінер жасқа келді!

 

                 * * *

 

Тырна үнімен тұрса да жырлап Далам,

Өзге өлкенің мінезі жұмбақ маған…

Дір етті ғой Ғаламшар

Кей сәттері

Тәңір көкте, Сен жерде тіл қатпаған!..

 

Жұлдызды ойлар жатқанда жамырап-ау,

Бейқам тұрған Сен мынау,

Тәңір анау…

Перзенттері қадірін ұққан күні

Жер Ана да Адамға табынар-ау!..

 

Кешір, Аға!

Ділмарсып барамын ба?..

Он ғасырдың зілі тұр қабағыңда!

Атылған нұр жарылған жұлдыздардан

Жарқ етті де сөнді ғой жанарыңда!

 

Іздегендей болдым-ау өзіңнен мін.

Жерді айнала желгенде боз інген Күн,

Ғарыштағы бозғылтым тұмандықтай

Жаудырайды жап-жарық көзіңнен мұң.

 

Асқақтатпас Даланы күншіл жұртқа

Аласармас Тау болып

Тұрсың сыртта!..

Бірақ Елші болу да оңай емес,

Пайғамбарсыз өткен бұл мыңжылдықта…

 

                     * * *

Сөйле, Олжас!

Саңқылдап, сайрап бүгін,

Қайта естілсін Ғарыштан айбатты үнің!

Қайта оянсын Тарихты дүбірлеткен

Қыл шашағы желкілдеп байрақты Ғұн!

 

Ескі жұртқа Еділді* ұмытпаған

Еміренсе маңдайын бұрып Далам,

Қырық қақпасы Үрімнің сыңғыр қақты,

Мың жарым жыл үнсіздік құлыптаған…

 

 

Суға салып ақынын, өртке салып

Сынаса ел, еңбегі еш кетпесі анық!

Сен күрсінсең ұлиды-ау ұлы түнде,

Көк бөрі ана емшегін көкке сауып!

 

Жер астынан естілсе дүбір тағы…

Тырна даусын құс жолы шұбыртады!

Көк Байрағы желкілдеп Отанына!..

Оралар, – деп ойлап ем, – Ғұн ұрпағы.

 

Боз Даланың исінен талай дана

Елтігенде…

Шыдайсың қалай ғана?!

Боз жусанның бір талын алып ертең,

Мен соңыңнан барайын жарай ма, аға!

 

Көлеңкеңе іңкар боп қаншама бақ,

Ізіңді де бұл шақта аңсар алап.

Перзенті едің әйтсе де Ғаламшардың,

Қайда жүрсең болғайсың сау-саламат!

 

 

                  -ІІ-

 

Саған арнап төгілтіп толғау Дала,

Үшбұрыш хат тырнадан жолдауда, аға.

Сенің ісің – Адамды табыстыру,

Менің ісім – өлеңді қорғау ғана…

 

Өзім – жұртта, ой-санам жүр қаңғырып,

Шөже торғай төрде отыр, сұңқар тұрып…

Менің ұлтан болғаным аздай,

Бұл ел

Жырымды да қоймақшы ұлтан қылып!

 

Арым көнбей жат жұртқа жаутаңдауға,

Асау жырды бұл інің арқандауда!

Жанарында зердемнің бұлдыраған

Іңкармын мен Бұланай, Балқан тауға!..

 

Шақта бірақ шайқалған теңіз кеуде,

Шағала үміт шалғайдан көз үзбеуде!

Ер Тарғынның ізімен ертең інің,

(Ерлік емес),

Кетеді-ау Ел іздеуге!..

 

 

Шарасыздан жат жұртқа басты бұрсақ,

Бұрқылдайды-ау жанардан ащы бұршақ!..

Мен Қырымға қаратсам маңдайымды,

Ту желкемнен тіл қатпас Дәшті Қыпшақ!

Ту сыртымнан күрсінбес Ұлы Дала!

Мен көзімді иілткен Қырымда ана

Маңдайыма тигізер ыстық ернін

Кім бар дейсің?!

Түсінем мұны да, Аға!

Сондай бір ер шықса егер,

Ой, дүние-ай!..

Мұздап тұрған жон арқам жылына ма?!

Сыздап тұрған жүрегім,

Ит көйлекті

Киген жерден сонда да суына ма?!!!

Шыққыр көзді соңыма бір қаратсам,

Жұрт көңілі маған да бұрыла ма?!

Кеше әкең Омардың кіндік қаны

Тамған Баян жайымды ұғына ма?!

Соны ойлаған Ертістің жағасында

Мендей іні өзіңе туыла ма?!

Осы сөзді айтқанша, Ағатай-ау,

Бұрсам етті маңдайды құбылаға!!!

 

Қайда барам бұл жерде тусам жылап?!

Көңілді жүр… дегені кіл сандырақ.

Тостағанын тауысқан қолындағы

Тас балбалға тұрмын ғой ұқсаңқырап…

Ол да бәлкім бұл Елге керек шығар,

Қой көзінде қоздаған мың шамшырақ!

Менде арман болар ма,

Ел-жұртымның

Қалауымен маңдайды бұрсам жырақ.

Айһай, шіркін!..

Жат жерде Сен тәрізді

Көк Байрақтың түбінде тұрсам бірақ!!!

 

                    2000 жыл, желтоқсан.

 

*Еділ (Аттила) ғұнпатшасы, 410 жылдары туып, 453 жылы опат болған.

 


Патшайым Фариза әпкем

                   -І-

 

Тұманданған санамды мұншама күн

Мұнар, мұнар оймен де тұмшаладым!

Мен өзіңе, Фариза әпкем, енді

Мұқағали ағамдай мұң шағамын!

 

Керенау ел ұмытып ерлік ісін,

Өз ақынын өлтірер өрлігі үшін!

Көгендетіп көз нұрын Жайық жаққа

Қойды-ау енді Ертістің кер бұғысын!...

 

Тентегің тұр қаз үнін ұзатып-ау,

Ұлы Атырау ұғынар,

Заты мынау,

Қыз мінезді ұл тумас

Керекудің

«Казкрайы»  әуелден бұзақылау…

 

Жатса да алда ақ парақ – жайнамазы,

Бауырыңның сен жақта ой, назары.

Бірақ мынау өр кеуде «Казкрайдың»

Өршіл ақын боп туды қай қазағы?!

 

 

«Жаяу Мұса, Мәди – деп – арғы затым!..»

Аруақтанар бұл жақта жалғыз ақын!

Ол да бүгін Жайыққа жаутаңдап тұр,

Екпінінен жаңылып тау бұзатын.

 

 

                   -ІІ-

 

Көңіл жаурап кей кезде өртті аңсаған!..

Шулы өмірде адасып кеткен санам.

Мен ғой енді сыбырлап айтайыншы,

Бір сырымды, Фариза әпкем, саған.

 

Бекзада құс мәуесіз қарағайға

Шалдығып-ақ жеткенмен,

Паналай ма?

 


Керекуге шақырған Төлеужанды

Әзілхандай* бізге енді аға қайда?!

 

Сол Төлеужан уақыттың ырғағымен

Өр мінезі үйлеспей,

Жырлады кең.

«Менен құжат сұраған сендерде осы

ес барма?!» –  деп,

Ұрсыпты ол мұндағымен…

 

Кеңсеге осы енгенде,

Мына маған

Кеңкелестің сұр көзі ұнамаған!

«Салауатты тірліктің салты осы!..» – деп,

Кілт салатын тесіктен сығалаған.

 

Төлеужандай ақын боп толғансам да,

Сері көңіл бұзылды-ау анда-санда…

Төкең қазір тірілсе кімге барар,

Әз ағаңдай бір адам болмаса онда!..

                       

                -ІІІ-

 

Бұл фәниде қырық белден әрі ұзап мен,

Саған барам, патшайым Фариза әпкем!

Адамдардың ішінде дәл өзіңдей

Пендешілік жуымас перизат кем.

 

 

Жауыздықпен жас күнім өлтірілген…

Мен Ақиқат іздермін жер түбінен!

Көп таланып қотанда төбет итке,

Еркін өскен елсізде бөлтірік ем!

 

Енді ұлысам көкжалмен қатар тұрып,

Бөрі дүние бөрлігіп, жатар ұлып!

Ұлы даусым Ертістен уілдеген

Ақ Жайыққа құйылар қотарылып!

Боз Далада боздаған, ақ аруана,

Мен – Жұмекен жоғалтқан боталы үміт!

Жүрмін қазір, тұп-тұтас Ғаламшарды

Жұдырықтай жүрекке Отан қылып!

Ұлы Ғалам үніме селт етпесе,

Жан-тәніммен кетермін қопарылып!

Сонсоң тозақ отынан күл болармын,

Әлемді де күнәкар атандырып!

 

                 -IV-

 

Қарсы бұрып ағысқа ақ кемемді,

Көк желкенді көтерер шақ та келді!

Будақ-будақ бұлт ойдан мен өзіңе

Қол созамын, Фариза әпкем, енді.

 

Қошалақты назқоңыр өлең тербеп,

Қоңыр іңір барады белеңге өрлеп.

«Темірқазық»** туғанда

Ой толғайды-ау

Кекілбаев тәрізді кемеңгер тек!

 

Сол Жұмекен сыйпаған кекілінен

Құлын-жырым тай болып,

Жетіліп ем.

Енді асығам қырық үш күн Тайбурылды

Күте алмаған Қобыланды секілді мен!..

 

Бұрқ-бұрқ қайнап беймаза ғасырымда,

Хақым бар ма тап қазір басылуға?!

Құс жолымен мәреге жұлдыздардың

Керуені де әнекей асығуда!

 

Жүргенде жұрт Қорқыттың көрін қазып,

Жақсы сөз де болмай ма көңілге азық?!

Самаладай самсатқан үмітімді

Сенсің маған көктегі Темірқазық!

 

                      2000 жыл, желтоқсан.

 

*Әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов 1953-1954 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту»  (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде редактор болып істегенде аса дарынды ақын Төлеужан Сымайловты редакцияға қызметке алған.

** «Темірқазық»  Жұмекен Нәжімиденовтың жыр жинағы. Оған Әбіш Кекілбаев алғысөз жазған.

 


 

Интернатты еске алу

Мен өмірге тым сирек еркеледім,

Тағдырыммен тартысқан тентек едім.

Содан болар есігі интернаттың

Тарс бекіді алдымнан ерте менің.

 

Жаңғырықтар жайлаған жарды беттеп

Кете бардым,

Соңымда қалды мектеп.

Қарсы алдымнан көкжиек самғап ұшты,

Қанатынан қып-қызыл қан дірдектеп.

 

Жезтырнақты үрейден іңірдегі

Жез киіктей жан дүнием дірілдеді.

Қабыландай қара түн тереземнен

Қарғып түсті көзіме үңілгелі.

 

Десек те біз: «Ол кезде балғын едік»,

Есеймеске ертерек қалды ма ерік?!

Тісті қақпан тәрізді кірпіктерім

Алқымынан түнектің алды келіп.

 

Құрдымдардың түбінен аппақ арай

Жалт етіп бір жоғалған шақта талай,

Қара түнге қайралған жанарымды

Қададым мен жасындар жаққа қарай.

 

Болғанымен мұңым мен жырым айқын,

Кейбір ұстаз сырымды ұғынбайтын.

Құс көңілім интернат әйнегінің

Тұсына кеп, сондықтан шырылдайтын.

 

Осынау құс жырлаған шуақ, нұрды,

Қара түннің қойнына құлап тынды.

Сол мезетте көз жасы көк нөсер боп,

Интернаттың әйнегі жылап тұрды.

 

Қалай оны дәл қазір елемеспін?

Жасынмен де өйткені ерегестім.

Құлаған құс бір ұрпақ үні шығар,

Мен емеспін, әйтсе де, мен емеспін!

 

                                1992 жыл.

 


 

Ұстаз

(Әбжанова Ғазиза Рамазанқызына)

 

Ұмтылдым Айға мектеп партасынан,
Ымыртта құлап түсті ол шалқасынан...
Тәңір тау бозғылт нұрмен көзді арбады,
Төрдегі география картасынан.

 

...Бұлқындым бұғауында кеңкелестің, 
Сонда да тайдырған жоқ серттен ешкім! 
Серке күн кетті айналып көкпарына
Комсомол жиыны мен педкеңестің...

 

Кідіріп Керекудің қақпасында
Толғандым, енді ұстазым жоқ қасымда.
Еріксіз еске оралды есіл сөзі 
Ақ бормен жазған сынып тақтасына.

 

Ылдиға қанша өлеңім жылап ақты?..
Құдай-ау, ешкім соны сұрамапты. 
Қол бұлғап тұрды бірақ ту биіктен 
Бейнесі ұстазымның ұлағатты!

 

Көкжалға туасы жат жер бауырлау,
Елсізде жалғыз жорту енді ауырлау... –
десем де, 
Ұстазымның тәлімімен
Кеп қаппын етегіңе, беу, Тәңір тау!..

 

                               2017 жыл, 1 ақпан.

 


 

Өнердегі     өмір

(Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі

Жанат   Чайкинаға)

 

 

Жұрт көзінше бір ғұмырды жаратқан,

Өнерпазды ұлы десем, теріс пе?

Сахнада жалғыздық пен Жанаттан

Жаратылды жұмақтағы періште!

 

Неге дулы дүниеден безінді,

Оны ұғынған Шекспирді түсінбек.

Ұлы шебер сөзбен сомдар сезімді

Шығарды ол жан-тәнімен мүсіндеп!

 

Сан заманның зерлі сырын ол жалғыз

Үлестірмек екі бірдей ғасырға!

Ұлы Абайға арман болған Тоғжан қыз,

Жанат болып туғаныңды жасырма!

 

Сахабадай айбынданған ақын ем,

Аялайын маңдайынан сүйіп бір.

Айдай әлем Абай махаббатымен

Аядай-ақ сахнаға сыйып тұр!

 

Мыңжылдықтың бетін ашқан үздіге

Әсерде әлі Аймауытов театры.

Айтматовтың Әселіндей қыз, міне,

Қызыл шәлі бұлғай ма екен ақыры?

 

Жаным, Жанат, түспеші енді азапқа,

Бір Медея жетер грек елі үшін!

Томиристі жоқтатпасаң қазаққа,

Егізім деп таныр едім сені шын.

 

 

Бұл жалғаннан сейілгенше зұлымдық,

Егіз жүрек жұмаққа жол іздер ме?

Жабылмайды біздің қара шымылдық,

Жағылмайды мақшар нұры біздерге!

 

                        2004 жыл, 14 маусым.

 


         

Суретші

 

(Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі

Әнуар Игембаевқа)

 

Жыраулардың ізімен аңызға еріп,

Зерлі сырын заманның сан іздедік.

Қақ төріңде «Тастағы таңбалар» тұр,

Туған жердің тұмары тәрізденіп.

 

Жұлдыз нұры жұтаған кей түндері

Сайқал бақтың күлкісі сыйқырлы еді.

Кәрі жартас төсінен сәуле шашар

Баба сурет Күн құдай кейпіндегі.

 

Ай маңдайы малынған шуаққа ерек,

Ұқсайды екен «Жер Ана» жұмаққа тек.

Керекудің ақтарсаң жылнамасын,

Түркі әуені тұрады құлаққа кеп.

 

Тіршілігін мыңжылдық бұл қаланың

Тілеп ағар Ертісте бұрқақ ағын.

«Қимақ елін» тарихтың қойнауынан

Аршып алды өзіңнің қылқаламың.

 

Сапырылған заманның шарасында

Бояуыңа жұрт бей-жай қарасын ба?

Бір суретің уақытты керіп әне,

Тұр ілініп Көк пен Жер арасында!

 

                                  2005 жыл,  сәуір.

 


Бала махаббат

(Рысжан Түсіпбаеваға)

 

Бала едік қой жыраққа жаны құштар,
Ақ сапарлар, сан жолдар, сабылыстар...
Өбіспей-ақ өткізген іңкар күнге
Өкініш жоқ, тек мөлдір сағыныш бар...

 

Сарыала мұң жамылып жасыл әлем, 
Шырқау көктен құлады жасын өлең! 
Іздеріміз шашылып қалды біздің,
Түскенде аунап тұп-тұтас ғасыр ерен!

 

Кей қызықтан басымды ала қашып,

Жүрген кезде нәпсіммен   жағаласып,

Аппақ   бормен  мендегі пәк сезімді  

Жазып кеткен еді  ғой  бала ғашық!..

 

Енді, міне, көзіңнің шарасынан 
Балғын кезің жарқ етіп, аласұрам!
Жаңа туған айдай боп он бесіңде, 
Көрініп ең көп қыздың арасынан!

 

Әттең, өлең тақтадан өшірілді, 
Зерлі сөзім зердеңе көшірілді.
Сәбиіңді сен бәлкім алдыңа алып, 
Аялаған шығарсың есімімді.

 

Екі гүлің бүршігін жарғаны шын,
Төрде ойнаған төрт жиен – алданышың.
Жаным, ертең сертке адал жар кездессін,
Сенен туған жалғыз ұл Арман үшін!

 

                                      2016 жыл.

 


Үміт

Тар кезеңде  «Мен – Арман Қанимын!» – деп,

Алға ұмтылсам,

Алланы танимын тек!

Мені қойшы,

Мәшһүрдей әулие де

Абақтыға барған ғой Мәдиді іздеп!

 

«Сөйтпедің!» – деп, кімге енді кектенемін,

Еш пендеге  келмейді-ау өкпелегім!

Өйткені мен тар жерде бұғауланып,

Жендеттерге жем болып кетпеп едім!

 

Кейде тіпті ел-жұртқа сәл мақтанып,

Ата даңқын айттым-ау салмақтанып!

Айхай, шіркін, келешек ұрпақ ертең

«Арман Қани!» – дер ме екен аруақтанып!..

 

Сергелдең мен серуенді көргем неше,

Сенем енді сан жұлдыз сөнген десе...

Қаныш, Әлкей, Олжастан ұл тумады,

Менен туған жалғыз ұл өлген кеше!

                         

Қалмас бірақ иесіз есіл өнер,

Тарпаң мінез жырларым, көсіле бер!

Қас тұлпардың толағай басын танып,

Жылар ұрпақ ертең-ақ өсіп-өнер...

 

                                         2013 жыл.

   


 

Таупық пен  байлам

 

Дәл мендей он бес жасында албырт жүрекпен

Құрсауын сеңнің омыраулап жарып, кім өткен?!

Иірілген ойдың иінін жазып,

Ойпаңнан

Көктемгі Ертіс тасқыны сынды  үдеткем!

 

Жұлдызшы болып

Көңілі күпті Алаштың

Жарқылдап ұшқан арманын көрдім  түнектен!

Сүмбіле туса,

Бағбан да болдым

Шыңдағы

Жаутеректерге жапырақтарын түлеткен.

Боз таңда Ұлы Даламның өңі кірсін деп,

Бозғылтым қырға алқызыл раушан гүл еккем.

Бозторғай күннің ұясын бақтым,

Жай оты

Шатырлағанда балапандары шыр еткен.

 

Дәупері дәуір шегінді,

Тілді шідерлеп,

Маңдайын тауға, тұяғын тасқа тіреткен!

Жармақты жұтқан құрдымға енді тірідей

Жерлесем  деймін отаршыл ойды күні өткен!!!

Өңештен ызам шабынса бірақ,

Шарасыз

Өзіме-өзім тұрамын таупық тілеп мен!

 

 

Бес күндік мейман едім ғой мен де,

Бұл жалған

Басыма шатыр тігер ме екен жібектен?..

Перизат сезім кей сәтте үркіп жалт берсе,

Ібіліс күліп жан дүниемді жүдеткен.

Қараша халық тұрғанда көзім бұршақтап,

Қарашығына қара өлеңімді түнеткен!

Зағиптың өзі қазаққа қайыр қылуға

Бел буып,

Үміт жетегіне еріп күнелткен.

Осынау Елдің еңсесі өссін,

Табанын

Тұрайын енді жауырыныммен тіреп мен!

 

                                       2008 жыл.