Бағдат Даниярұлы Дүйсенов өлеңдері
Гимназияға құттықтау!
Білім - теңіз, мектеп - кеме желкенді,
Балбұлаққа сусындатар өркенді.
Керекудің гимназиясы әйгілі,
Бар әлемге таныстарған өлкемді.
Білім берді шәкірттерге көп терең,
Балғын сәттер сол ордада өтті ерен.
Мемлекетке мәрт мамандар дайындап,
Көкке өрледі түлектері көптеген.
Қара Ертістің толқынындай тербеліп,
Ұстаздары жаңа әдістер меңгеріп,
Шәкірттерін заманға сай оқытқан,
Дәл осында білім - қамал ең берік.
Басшысына байланысты өркендеп,
Нәтижесін берді міне, мәрт еңбек.
Халықаралық жарыстарды жеңіп ап,
Күннен күнге көтерілді көркемдеп.
Әлі алда алар асу армандар,
Ұстаздардың қанаттары талмаңдар.
Құтты болсын мерейлі той мереке,
Шәкірттері шалқар жолды жалғаңдар.
Түлектері биіктерде самғаңдар!
Ерте кетті...
(Павлодар қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернатындағы мұғалімім Мүсілім Мұсағитұлының рухына)
Мынау мың мұң тұнған бұлттар астынан,
Жер деген жебір жын ойнақтың үстінен,
Тағдырдың таңылып тәлкегіне тас тұман,
Жалғаннан көшті бақи тірлікке жас қыран.
Қабағына халқы менен қалқасының түсті рең,
Қылышын құтыртып кептеріне қыс күрең.
Қиылдың қыршын қыл құйрықтай кесілген,
Шылбырындай шын тұлпардың үзілдің,
Орның аға, оңалмайды қап түбіндей тесілген,
Көлеңкеңде көлшік едім көсілген.
Тірлігіңде тың тылсым боп түзіл мың,
Құлы екенбіз құдайдан келген құзырдың.
Азамат едің ақыннан бұрын ақ көңіл,
Адал арыңмен пейіштің ашқын пердесін,
Сен кеткенде сел болып жас жатты өңір,
Шашын жұлқылап шарасыз қалды шатты өмір.
Қара жер сені бесігінде тербесін,
Ертерек үздің ерке тірліктің кермесін.
Ертерек үздің үмітін үлкен ауылдың,
Той жасамай Қапанбұлаққа әкеп қалыңдық.
Артыңда ару арқалап қалды ауыр мұң,
Ұзын сары уайымын жұтып сәуірдің,
Тағдыр-тірлікте тарындық та, тарылдық,
Ұзамай барамын тәнімнің жара жанын күт!
Эпостары қазақтың
Эпостары қазақтың – түбі шорлы қайыңдай,
Балтаның ізін батырмай
Ғасырлар күнін танытқан.
Бәдауидің бәйітін айтқан шайырдай,
Ақындарым заман зарын ағытқан.
Эпостары қазақтың – тарихымның күзетшісі,
шырақшы оттай,
Сақтап келген сан ғасырдан шежіремді шырғалаң!
Гректерде Одиссей мен Илиаданы айтқан рабсодтай,
Жырауларым – елдігім мен ерлігімді жырлаған.
Эпостары қазақтың - өсиет тұнған қарттардай,
Ұрпаққа үлгі тұтарлық,
батасын берген бабамның.
Шотландта – сайран, сауықшы бардтардай,
Сал серілерім – сәні мен әні даламның.
Эпостары қазақтың – жалғасып жатқан жолдардай,
Соқпағы, соры, даңғылы, өрі-төрі бар.
Толқын ұрған, таусылмас теңіз қорлардай,
Ішінен інжу, лағыл мен маржан жолығар.
Ақын мен өлең.
Ақын дегенің – ақыл кенімен ұштасқан,
Зердесі зерек, көкірегі өксік пенделер.
Өлең дегенің – өнермен қол ұстасқан,
Жаныңның дауасы, жаралы жүрек емделер.
Ақын мен өлең айырмасыз бір бүтін,
Сұлулық. Муза. Мұң. Сезім.
Серігі ақын өлең туатын сырлы түн,
Тізбектеу сосын қазақтың көркем мың сөзін.
Ақын ажары – терең толғаныс термеде,
Ақын азабы – түсініксіз түйсік пендеге.
Ақын азады дейсің ғой кейде сен неге,
Ақын ажалы – байлаулы тұрса кермеде.
Ақынды салма теперіш пен тепкіге,
Жүрегі жүгенсіз жұлқынады бағынбай.
Мәрттігі оның тән құбылыс тектіге,
Пәктігі оның аққудың адал арындай.
Баянаула
Баянаула-сұлу жер,
Шертілген дала күйлері.
Арқары асып әр қырды,
Текесі тауда биледі.
Тасы қына жамылып,
Қарағай таудың кигені.
Қайыңдары қаймақты,
Шыршалары түймелі.
Қалап қойған тастары,
Қыз жинаған күйме еді.
Сабынды болса бауыры,
Жасыбай оның бүйрегі.
Жасыбайдың астында,
Сабақтауға болады,
Жібек жіпке инені.
Аспаралы Ақбеттау,
Болашаққа сүйреді.
Ақбетке шығып қарасаң,
Ақ бота шөккен үйлері.
Құлап аққан бұлақтар,
Сүтті інгеннің иігені.
Ертегі тастар елітіп,
Қобызын қоңыр күйледі.
Найзатас пен Кемпіртас,
Тәңірім тартқан сый ма еді?
Қалмаққырған қамалы,
Найзаға басын имеді.
Көлдері тұнық, мөп-мөлдір,
Үйіріліп қонған үйрегі.
Бұлт кетпейді басынан,
Түтіндер тірлік иреңі.
Сұлулық тұнған сырлы жер,
Табиғаттың сирегі.
Баяным сұлу болған соң,
“Швейцария” дейді елі.
Ақкөл-Жайылма әуендері
Ақкөл жері мекендеткен аққуды,
Жайылмасы жайлауындай гәккулі.
Тоғыз көлі тоқсан көлдей тасынып,
Жерұйықтай даласына бақ туды.
Әулиекөл, Талдықамыс танымал,
Өлеңтіден өмір нәрі ағылар,
Бозайғыр мен Бәсентиін тербеліп,
Қылдыкөл мен Тоқкөлден құт табылар.
Ежелгі елі Естай бұлбұл шайырдың,
Шорындай ол шоң өнерде қайыңның.
Естай әні әуелетіп аспанды,
Ақкөл тасып Жайылма боп жайылдың.
Жері сұлу малға жайлы шұрайлы,
Хош иісті хордың өзі сыңайлы.
Малы семіз, төлі егіз туады,
Ұлы-ұлық, қызы сұлу шырайлы.
Қазақтығым, қасиетім даладан,
Ақкөл жерін Алла нұрдан қалаған.
Шідертінің етегіне ел жиып,
Ишан ата аса таяқ қадаған.
Содан бері иманға елі қанықты,
Алланы хақ, расулды шын таныпты.
Әулиелі Ақкөл содан атанып,
Хақ жолына бастаған ол халықты.
Қасиетті Әулие Ақкөл - Жайылмам,
Сарыарқаның сәні кірген сайыңнан.
Көлдің бетін мал жапқанда сыймайды,
Балығың да кем туламас тайыңнан.
Туған жері небір текті, асылдың,
Атағыңды алты алашқа асырдың.
Атың мәңгі жазылады алтынмен,
Аспанына ғаламаттай ғасырдың,
Әулие Ақкөл - Жайылмадай бауың бар,
Қанжығалы мекендеген қауым бар.
Сүт пен қаймақ, жүн мен етті өндірген,
Мал ұстаған ырзығы мол ауылдар.
Егіні де ен далада тік өскен,
Шабындығы тіземенен тірескен.
Өлеңті мен Шідертінің арасы,
Жұмақ жердей жұпар иіс гүл өскен.
Аталы жер – Әулие Ақкөл-Жайылма,
Аспандағы күнім бе, әлде, айым ба?
Әуелесін аққу әні ауылдың,
Тайраңдасын тарланың мен тайың да!
Тарайды ұлылық Шығыстан!
(аруз өлең үлгісімен)
Алыстан күн күлді арайлы,
Талайды тамсантты тыныш таң.
Данышпан туғызған Абайды,
Тарайды ұлылық Шығыстан!
Шынары Шығыстың ғұлама,
Бұл ара мәңгілік тұрағы.
Тұр әні, мешіті мұнара,
Мұраға хаттаулы құраны.
Қажы боп Құнанбай қамықты,
Халықты бастаған назы көп.
Хазірет Тәкие салыпты,
Танытты Меккеге уәзірет.
Құлшылық жасаған құдайға,
Бұл аймақ мекені тіршілік.
Құлшынып Тәңіріге, Ұмайға,
Түн-айда түледі күн шығып.
Алланы ұлықтап хақ, ұлы,
Ақыны арлы жыр арнады.
Арманы халықтың ақыры,
Хакімі арқылы орнады.
Абай боп хакімі қалаулы,
Алаулы жыр елге тарайды от.
Талай көп байрақты, жалаулы,
Санаулы тұлғадан қалайды от.
Шығыстың тағы бір шырағы,
Пырағы Шәкәрім ұлыстың.
Жыры ұшқын қырдың ол қыраны,
Қырағы жүзіндей қылыштың.
Саяттап сайдағы қорасын,
Тобасын жүргенде аяқтап,
Тояттап қызылдар жорасын,
Моласын бұйыртпай оятпақ.
Құдыққа құлатқан құланды,
Құнанды ілгендей құрыққа.
Былыққа бұл өкімет бұланды,
Құранды ұмытқан ұлық та.
Қарашы Шығысқа, ғаламзат,
Тәмам жақ білер бар баласы.
Данасы Әуезов адамзат,
Оған жақ бар қазақ даласы.
Ғаламға Шығысты танытқан,
Жарық таң секілді жаранға.
Далаңда әдебиет дамытқан,
Қамыттан босатқан алаңға.
Шың биік Шыңғыстау шығыста,
Тынысқа тұнатын тұңғиық.
Сүңгиік қарағай жынысқа,
Дыбысқа жел айтқан мың күйіп.
Алтайдың аспара таулары,
Баурады Қатоны қарты айбын.
Марқайдым Марқакөл баулары,
Аулады көңілді шалқайдым.
Мөлтілдеп өзені ағады,
Жағаны өбеді шөлпілдеп.
Желпілдеп желі ұшып барады,
Даланы құшқандай елпілдеп.
Шынары шығыстың – Өскемен,
Өшпеген ешкімнің құмары.
Сыңары Семей де өсті ерен,
Төстеген Алаштың ұраны.
Жайнай бер, жасай бер, Шығыстың,
Ұғыстым бұлбұлы сайрай бер!
Қайнай бер, қазаны жұмыстың,
Ырыстың бәйгесін байлай бер!
Ташкент әуендері
(аруз өлең үлгісімен)
Шығыстан күн күлді шырайлы,
Шұрайлы шаһарда Гүлістан.
Нұр – аспан гүлденген сыңайлы,
Түні айлы Ташкент – ол бүр ашқан.
Көгінде жұлдызы шашылған,
Асыл, һәм, інжу бар көбінде.
Төрінде шығыстың ғасырдан,
Асырған атағын өңірге.
Гүл бағы бал тамған жүзімі,
Құзыры бау-бақша құрмалы.
Тұнбалы сезімнің үзігі,
Қызығы – маржан сыр ұрлады.
Қолаң шаш, қою қас, хан қабақ,
Сан қабат сезімге орамдас.
Оқ – алмас жанары сан қарап,
Бал тамақ аруы санадан жоғалмас.
Әлішер арналған ғазалы,
Мазалы жүректің әні шер.
Арыс ел түркінің ажары,
Ғажабы ғаламның ғарышы өр.
Әмірдің Темірдей азалы,
Мазары осында табынғын!
Тәңірдің ауған жер назары,
Базары тарқамас шадымның.
Ұлыста Ұлықбек ұлылы,
Ірі ұлы түркінің Шығыста.
Ырысқа бөлеген ғылымы,
Білімі Ай – жұлдыз ұлы ұста.
Мағыжан жыр сыйлап өткен жер,
Көк белдер сүйсінген бағылан.
Ағызам өлеңге көктемдер,
Көкке өрлер сыр берген лағылдан.
