Алтай Қадырбек шығармалары
Киінген жалаңаштар
Қарындасым, мен саған таң қаламын,
Шырқатасың өзіңше арман әнін.
Берешегің жоқ адам сияқтысың
Келешегіңді ойласам зар боламын.
Бастайын ең алдымен киіміңнен,
Мұндай сынды естуші ең жиі кімнен.
Сен жартылай жалаңаш киінгенде
Төмен қарай құладың биігіңнен.
Кешегі өткен аналар заңғар биік,
Сен секілді жүрмеп ед шалбар киіп.
Әуел бастан әйелдер тарихында
Қашан да ар-ибалы жандар биік.
Күн ыстықта деп жүрсің шолтиыңдар,
Мини юбка немесе шортиың бар.
Қыз баланың осылай жүруіне
Дініміз бен дәстүрде зор тиым бар.
Көпшілікке көрсетіп сыр-сыйыңды,
Қылығыңа өрескел кім сүйінді.
Ашуыңды киімнен алғанбысың
Жыртып-жыртып тастапсың джинсиіңді.
Бұл жанашыр адамның өлеңі еді
Ескертіп қатты айтуым керек еді.
Сендер жайлы сүйікті пайғамбарым-
Киінген жалаңаштар деген еді.
Қазақ қызы қай кезде ұяң болған,
Тәрбиесіз қыз өссе лаң болған.
Қазақ түгіл жабайы үнділер де
Жапырақ байлап алат ұялғаннан.
Ұқсамайсың Айша мен Фатимаға,
Есі дертің шашбаусыз Шакирада.
Би алаңын қыздырып сен жүресің
Төбе шашың шошайып шоқилана.
Қыз едің клубқа көп барып жүрген,
Батыстың бүлік әнін салып жүрген.
Еліктеймін деп жүріп есерлерге
Ар-ұяттан жұрдай боп қалып жүрме!
15.06.2014.
Сенің тойың...
Жақсы қыз ең, жайсаң едің жайдарлы,
Бір қуантып, бір мұңайтты кеткенің.
Менің тойым енді өзіңмен болмайды
Сенің тойың болып кеткен өйткені.
Болмаса да соншалықты беделім,
Сезімімнің тұңғиық ед тереңі.
Мен тойыңа бара алмадым білесің
Сен тойыңа шақырмадың себебі...
Жә, оны қойш, қалай екен жан жарың?
Орындалды оның да бір арманы.
Енді мені ойлауға шамаң жоқ
Көптігінен жаңа үйдегі шаруаның.
Уақыт емші, жаным қайта серпілді
Аңсамаймын енді сенің көркіңді.
Мендік сезім жүрегімнің түбінде
Өзін-өзі тұншықтырып өлтірді...
Ары болдың, жары болдың бөтеннің,
Жар рөлін ойнайтұғын сәтің көп.
Мен өзімді сағынбастай етермін
Енді сені сағынуға хақым жоқ!
19.11.2013
Қауышу
Кешір өлең!
Айыптымын алдыңда.
Жоқпын ба, әлде бармын ба?
Ойлар мені жетелеуде сан қырға.
Мен өзіңе қайта оралдым қайғырма
Мойынсұнып өлеңі бар тағдырға.
Кешір өлең!
Тастап қойдым мен сені,
Иең едім еңселі.
Қиын болды маған өмір өлшемі.
Адасыппын, бағалаппын кем сені,
(Кем санауым - неткен сұмдық, ерсі еді.)
Кешір өлең!
Түсіне алмай өзіңді,
Тауыса бердім төзімді.
Сен жоқ кезде тыңдамады ел сөзімді,
Жолдастарым жоламады, безінді.
Сен жоқ кезде жалғыздығым сезілді.
Кешір өлең!
Мен өзіңмен бек өстім,
Сенсіз ешкім емеспін.
Түсіне алмай жатса - дағы көп ешкім
Өлеңімді енді бөтен демеспін,
Өлеңімнен енді кетем демеспін.
Кешір өлең!
Кешір мені, кеш енді,
Қайтарайын есемді...
Былғап сені қор қылатын есерді,
Сол есерді тыңдап жүрген кеш елді.
Түзу жолға түссін елдің көші енді!
Қайран өлең!
Мынау елге бөтенбіз,
Бөтен болсақ не етерміз?!
Бәрібір де біздер бірге екенбіз
Әлі бірге талай шыңға жетерміз.
Сағыныштан сусап қалған мауқымды
Басайықшы, келші өлең, екеуміз!
18.11.2013
Вокзал маңындағы ой
Бұл қаланы жек көрем тірлігі көп,
Тірлігі көп болғанмен бірлігі жоқ.
Сергелдеңге салатын қайғы- мұңның
Кеудемде керіледі түндігі кеп.
Көлгірситін, қоймайтын көз алдауын,
Бұл қаланың жек көрем көкжалдарын.
Мекеніне айналған түлкілердің
Біртүрлі ұнатпаймын вокзал маңын.
Тірлік кеп тықыршытқан кезде мені,
Жалған достар жанымнан безген еді.
Жылу берген жаныңа құрбыларың
Қалада қуыршақтай өзгереді.
Естіліп жағымпаздың әні ғана,
Шетінен бәрі көсем, бәрі дана.
Білімі бар болғанмен рухы жоқ,
Бізде бүтін елдің сырт жағы ғана.
Тәлімсіз тәрбиесіз береді ақыл,
Зардабын бұның елім көреді ақыр.
Мұнафықтар жайлаған бұл қалада
Имансыз ұрпақ өсіп келе жатыр.
2015 жыл, наурыз.
