Алтай Қадырбек
Алтай Қадырбек
1990 жылы дүниеге келген. Өлеңді жеті жасынан бастап жаза бастаған. Алғашқы туындылары Баянауыл ауданына қарасты Жаңатілек ауылында мектеп қабырғасында жүргенде дүниеге келген. Аудандық "Абай оқуларында" екінші орын, "Мәшһүр Жүсіп оқуларында" екінші орын, "Сұлтанмахмұт оқуларында" бірінші орынға ие болады. Жоғарғы сыныпта Алтай облыстық Ы. Алтынсарин атындағы гимназия–интернатында оқыды. Осы кездері айтысқа да бет бұрып, облыстық "Жас дәурен" оқушылар айтысына қатысады. Гимназия қабырғасында жүріп облыстық "Мәшһүр Жүсіп оқуларында" үшінші орын, студенттер арасында өткен "Мұқағали оқуларында" "Жас ақын" номинациясын иеленеді.
Мектеп бітірген соң Павлодар Мемлекеттік университетінің "Машина жасау" факультетіне оқуға түссе де өлең мен айтыстан қол үзген жоқ. Облыстық "Наурыз", "Ғасырлар жырлайды", "Тәуелсіздік бабалардың арманы" атты айтыстардың лауреаты атанып, Павлодар қалалық "Ақмешіт" мешіті ұйымдастырған "Адамзаттың абзалы" атты ақындар мүшәйрасында бірінші орынды иеленді.
Бүгінгі таңда Алтай Павлодар ауданының Заря ауылында тұрады. Жеке кәсіппен шұғылданады. Биылғы жылдың көктемінде шаңырақ көтерді. Өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде тұрақты жарияланып келеді.
