Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Социал Айтенов шығармалары

Жоғалған өлең

 

Жоғалған өлең қымбатсың маған бәрінен,

Шыққанда іштен өзегімді өртеп, жарып ем.

Ғайыпта  қалай айрылып қалдым, қайранмын,

Көңілдің  сазды күйі ме ең, әлде әні ме ең?

 

Қағазға түскен ой толғау-тұғын,  шымыр жыр,

Түсінбеген жанға мағынасы бәлкім, бұлыңғыр.

Жүйкені жұлқи, намысыңды жанып жарқ етер,

Сөздері асыл, тереңге тартар  құнын біл.

 

Ешкімге  оны  көрсетпей тығып жүруші ем,

Оқитынмын тек өмірден қатты түңілсем.

Ақынды тастап, қапияда ұштың қай жаққа,

Демеушім  едің қолтықтан  сүйер  сүрінсем.

 

Жат қолға түсіп, жабырқайсың ба, тұншығып,

(Көктемей сөнді-ау құндақта жатқан тіршілік).

Лақтырып бәлкім тастады ма екен қоқысқа,

Музадан  мүлдем хабарсыз жүрген  бір шірік.

 

Жетпей-ақ  қалдың  асыға күткен қауымға,

Зіл батпан –денем,

барады неге ауырлап.

Басым мең-зең, көтеріліп барады ыстығым,

Тартып кетсем бе, Ақсу жақтағы ауылға.

 

Жүректен туып, рахатқа жанды бөлеген.

Шабытымды  қанша шақырсам тумас сол өлең,

-Несіне, сонша  қамығарсың дер  бәз біреу,

-Асылыңды құртсаң, мүшкіл  халіңді көрер  ем.  

 


 

 

ЕГІЗ ШУМАҚТАР

 

Қайраймын сені, нар інім

 

Қайраткерлер бар-ау өмірін қиған халқы үшін,

Өліп кетсе де құпиясын  мәңгі ашпайтын.

Ұрпағы оның келеді әлі тартысып,

Тілін кессең де ойындағысын  сыртқа шашпайтын.

Сол үшін бәлкім  Кескен тау өтіп кетсем де,

Ырзамын  інім,  тағдырдың салған лаңына.

Қайысып қабырғам, жалғыздықпен жапа шексем де,

Аман оралсам  жоламаспын иттің  маңына.

 

                           *******  

-Қуылдың деді, өмірің -өгей мәңгілік,

Мен куәмін,

 отбасыңа оралмасыңа…

-Рахмет саған,

қалғам  жоқ шетте  қаңғырып,

Өмірдің өзі  куә ғой жоғалмасыма.

Келемін қайтып, құшағын ашты  дос-жаран,

Есігің  жабық, сығалайсың саңылауынан.

Әділдік  жеңді, шығарсың  бәлкім,  тоспаған,

Сақтасын құдай   дәл сендей залым жауынан.

 

                         ****** 

Тоқташы жаным, қорықпашы ешбір  пендеден,

Неліктен сенің ұнжырғаң түсіп кетті тым.

Өткенді ойлап, еріксіз кейде сенделем,

Күресумен,тіресумен  қанша өтті күн.

Ендеше,  сенің иілетіндей жоқ түрің,

Басыңа тіпті  салмасын қайғы-мұң дертін.

Арпалысумен, арбасумен өтті күн,

(Орындалар ма  әуелгі берген   шын сертің).

 Алдыңнан шығар  арайлы таң мен күн еркін.

 

                        ******  

Тырысып тұрса  бастығыңның бас терісі,

Ауырлап денең, соласың деме.

Ішіне сыймай, сыртына тепсе лас перісі,

Кінәлі оған боласың неге?

Айрылса егер  адами қасиетінен,

Не күтерсің ондай  мақұлық жаннан.

Әділін айтса бас иетін ем,

Кезім көп  әттең… аһ ұрып қалған.

 

                 ********

Текті атаның дүр ұрпағы едің,

Іс түссе басқа  жасыма  жаным.

Әнұранын көкке шырқады елің,

Осы емес пе,  асыл арманың.

 

Мүжілген кезде  намысқа  басып,

Аруаққа сыйын,

 қорғайды бабаң.

...Едірей таудан нұр сәуле шашып

Жаңа бір әуен толғайды  далаң.

                          ******

Болады кейде жаныңды түсінетін інілер,

Соларға қарап  сөнген үмітім тірілер.

Бұл  шынымды ұғынбаған кей адам

Алжаса бастаған қарияның бірі дер.

Айта берсін ондай  жасқа жеткем жоқ,

Әрбір күнім өтіп жатыр  көктем боп.

Дала гүлін аялаймын,

Үкілеп

Талай жастың  кеудесіне еккем көп.

Ендеше, мен өмір сүрмеппін тектен - тек.