ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ
Тіл – ұлттың жаны. Дүниежүзінде жетпіс мыңнан астам тіл бар. Олардың кейбірі күннен-күнге дамып, өркен жайып жатса, кейбірі жойылып кетіп жатыр. Тіл – әрбір егемен мемлекеттің тәуелсіздігінің нышаны. Тілі жойылған жұрттың күні қараң. Оны Елбасымыздың мына сөзінен көремін: «Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес. Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл».
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, –
деп жерлесіміз, асқақ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырына қосқан, анамның ақ сүтімен бойыма дарыған қадірлі ана тілім қазақ тілінен асқан дүниенің бар байлығы жетпейтін қымбат қазына жоқ шығар. Себебі, қазақ тілі – біздің жан дүниеміз, бүкіл болмысымыз.
Тіл – халықтың өткені, бүгіні мен болашағы. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі нелерді көрмеді, нелерді басынан өткермеді десеңізші?! Халқымыз 1932 жылғы нәубет аштықты да, жарты миллион халқымыздан айырған екінші дүниежүзілік соғысты да көрді. Еліміз бастан кешірген бұл ауыртпашылықтар тілімізге де өз зардабын тигізді. 1924 жылы революционер ақынымыз Сәкен Сейфуллин «Қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы» Қазақстанның Губерниялық әм уездік совет комитеттерінің төрағаларына ашық хат жазған екен. Бірақ түрлі сылтаулармен бұл іс қолға алынбады. Мен осыған қынжыламын. Егер бұл алапат жылдар болмағанда, қазіргі таңда қазақ тілі әлемдік алты елдің қатарында болар ма еді деген ой келеді.
Бүгінде Қазақстан күллі әлем таныған ұлы державаға айналды. Биыл тәуелсіздігімізге 24 жыл, ал Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін тіліміздің мәртебесі биіктеді. 1989 жылы 22 қыркүйекте «ҚР тілдер туралы» Заңы қабылданып, қазақ тіліне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» мәртебесі берілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде бұл Заң қайта талқыланып, ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілді. Бұл Заң бойынша, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ұлттық тілі болып есептеледі. Бұған қоса, биылғы жылы еліміздің басты төлқұжаты – Ата Заңымызға 20 жыл толды.
Қазақ елі – көпұлтты мемлекет. Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан-ғайыр ұлы даланы мекен еткен, берекесі мен бірлігі жарасқан, жері шұрайлы, суы мөлдір, табиғаты әсем қазақ жерінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ, бұл жыл – Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы жылы. Осыдан «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз» деген Абылай бабамның асыл сөздерін көруге болады. Қазақ тілі – осы ұлт өкілдерінің де тілі.
XXI ғасыр – бәсекелестік заманы. Бұл заманда білімді жастар ауадай қажет. Қазір Елбасымыз үш тілді қатар білуді міндеттеп отыр. Өз тілімен қатар өзге тілді жетік меңгерген адам рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені, ол сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін үйренеді, танымы кеңейеді.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! –
деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, ең бастысы – өзге тілді біле отырып, ана тілімізді қастер тұту.
Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол – ұлы Абайдың, Жамбылдың, Ғабиттің, Мағжанның, тау суындай сарқылмайтын, тасқа қашап жазылған таңбадай өшпейтін бай ауыз әдебиетінің тілі. Көркем сөздің зергері Ғабит Мүсірепов: «Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу бейнелері ерте туған тіл»– деген екен. Қазақ тілі – ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Демек, әрбір адам өз тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап сөйлейтіндерді, қазақ тілінде сөйлеуге ұялатындарды көргенде, К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі есіме еріксіз оралады. Тіпті, біздің мемлекетімізде өкінішке орай өз тілін білмейтіндердің және білем деп талпынбайтындардың бар екені ащы да болсын шындық.
Ана тілін білмеген –
Ақылы жоқ желікбас.
Ана тілін сүймеген –
Халқын сүйіп жарытпас,–
деп Б.Сарноғаев жырлағандай, өз ана тілін білмеген адам сол тілді көркейте алмайды.
Халық қаһармандары, жазушылар, зиялы қауым ҚР Преиденті Н.Ә.Назарбаевтың (25.05 №22 (807) 2006 жыл) «Ана тілі» газетіне басылған «Қазақстаның болашағы – қазақ тілінде» атты Халыққа Жолдауын басшылыққа алып, халықпен жұмыс істеуде. Елбасымыз «100 мектеп, 100 аурухана» , «Балапан» бағдарламалары бойынша әр облыстарда мектеп, аурухана, балабақшаларды көптеп салуды өкіметке тапсырды. Бұдан ұғатыным бізге жағдай жасалуда. Менің ойымша, біз өз тілімізді көркейтіп, өз тілімізбен мақтануымыз керек. Себебі, мына тұрған ғимараттардың, материалдық байлықтардың қасында қазақ тілі мың есе қымбат. Олай болса, осы қазынамыздың айбынын жоғары ұстап, мәртебесін асқақтата берейік!
Шарапиден Аида, 9 «б» - сынып оқушысы
