ОЙ ТҮБІНДЕ ЖАТҚАН СӨЗ
Мен қазақ тілі мен әдебиеті сабағын жанымдай жақсы көремін, сабаққа бар ынтаммен, қызығушылықпен қатысамын. Әр сабақ маған жан ләззатын сыйлайды, себебі мен сабаққа үнемі дайындалып келемін. Сондай бір сабақтан алған әсерімді қағаз бетіне түсіріп, оқушылармен ой бөліскім келеді. Жалпы әр пән – ғылым. Сол ғылымды меңгеру – біздің міндетіміз. Ал ғылымды мойындау үшін көп ізденіс, жүрекпен қабылдау, сабаққа ынтамен беріліп тыңдау, пәнді сүю, қиыншылыққа мойымау, жеңу, жеңіске ұжыммен, ұстазбен бірге жету дер едім.
О, туған жер! О, қасиетті атамекен!
(Қ.Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесінің желісі бойынша)
Уа, туған жер, топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығыңнан жүзіп іштім сендегі
Алтын арай таңғы жұпар самалдың.
Ә.Сәрсенбаев «Туған жер».
Туған жер... Туған жер дегенде ең алдымен кіндік қанымыз тамып, туып-өскен жеріміз ойымызға келеді. Менің туған жерім, тал бесігім – Жаңатап ауылы. Онда үркер жұлдызындай шоқталып, қызыл жақұттай жарқыраған бүлдірген, балдай тәтті жидектер, ботаның көзіндей мөлдір қарақаттар өседі. Оның аралас өскен тоғайы жасыл желек киіп, жапырақтары сыңғырлап күй тартқандай болып тұрады. Жаңатаптың жуасының өзі мен үшін тәтті. Себебі, ол – менің барлық балалық шағымның куәсі. Оның теңселген талы, күміс қабықты қайыңы, қалайы қабықты терегі, кірпі түкті тікені – бәрі-бәрі көз алдымнан кетпейді.
Шәлкөде, ыстықсың сен маған,
Жайнай бер жазира, кең далам.
Кетсем де бел асып алысқа,
Шәлкөде, мен сенің бел балаң
- деп, Мұқағали атамыз бар-жоғы төрт тармақ арқылы туған жері Шәлкөдеге деген ыстық махаббатын көрсете білген. Асан қайғы нулы өлке, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздеумен өмір бойы Желмаясымен желіп өткен. Менің ойымша әркімнің туған жері – жерұйық.
Мен ақын да, жазушы да емеспін. Сол себепті, мен Жаңатабыма деген махаббатымды жеткізе алмаймын. Бірақ ақын-жазушылардың туған жер жайлы шығармаларын оқи отыра менің туған жеріме деген махаббатым арта түседі. Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесінде қырық жыл бұрын жат өлкеге аттанған қарттың туған жеріне қайта оралуы баяндалады. «Аққу көлін аңсайды, адам туған жерін аңсайды» демекші, әңгіменің «Қаздар қайтып барады» деп аталуының себебі, адамзат баласының туып-өскен ортасына оралуын құстардың жылы жаққа ұшып кетуімен салыстырып алған. Қаусаған қарттың тау асып, тас асып, көп қиыншылықпен шекарадан өтуінен, әккі көкжалды жеңуінен оның ержүректілігін, төзімділігін көруге болады.
Ойлап қарасам, Байтас қарт сияқты шекарадан өтіп, басымды қауіпке тігіп, сонау шетелден туған жерге оралу менің қолымнан келмейтін сияқты. Бірақ Байтас қарттың жасаған әрекеттерінен үлгі алуға тырысамын. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, қарттың туған жеріне аяқ баса сала, ең алдымен зират жаққа барып, аруақтарға құран бағыштауынан оның аруақтарға деген сый-құрметін көруге болады. Қарттың барқыттан тігілген, ішінде бір уыс қиыршық топырағы бар тұмарды әлі күнге дейін сақтап жүргеніне қарағанда, оның туған еліне, жеріне деген адалдығын көреміз. Туған жерінің топырағын аттаған сәтте қарттың қуанышында шек болмайды. «О, туған жер! О, қасиетті атамекен! Торқадай топырағыңды қия гөр адасқан ұлыңа. Ел шетіне бір жеткізсең, екі дүниеде арманым жоқ деген сертім бар еді. О, Алла, аманат, жанымды бүгін алсаң да разымын» - деп тәңірге деген ризашылығын, атамекенге деген сағынышын, қуанышын білдіреді. Қарттың табанынан топырағы өткен жерін жат елде бір сәт ұмыталмауы менің жанымды толқытады. Осындай шығармаларды оқи отыра менің туған жеріме деген махаббатым арта түседі. Қарттың туған еліне оралып келе жатқанда көрген қиыншылықтарын көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Себебі, мұндай батылдық көбінің қолынан келе бермейді. Мен қарттың бойындағы қасиеттерден үлгі аламын.
Қазақ халқының тарихындағы ащы қасырет – Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қомданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасайды. Олар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратады. Тірі қалғандар атамекенін тастап, шет елдерге қашады. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Осы тұста халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар ауыр мұңға толы «Елім-ай» әні дүниеге келеді. «Елім-ай» әнін тыңдаған кезде еріксіз көзімізге жас аламыз. 1931-1932 жылдары ашаршылық кезінде Қытайға, Жоңғарияға және басқа да елдерге шұбырып көшіп кеткен отандастарымыз аз емес. Көптеген қырғи қабақ шайқастардың азабынан шаршаған қазақ халқы Ресейдің қол астына кіре бастады. Ресей өкіметі қазақтың құнарлы жерін тартып алып, отар-отар мал айдап, орыстандыру саясатын жүргізді. Қазақ деген ұлтты мүлде жойып жібергісі келді. Осы кезде Исатай, Махамбет, Сырым, Кенесары сияқты бабаларымыз патша өкіметіне қарсы көтеріліске шығады. Кейіннен 1941 жылы Гитлердің нұсқауымен неміс халқы жерімізге соғыс ашты. Осышайқаста Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев және шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк сынды апа-ағаларымыз ерлік көрсетті. Кешегі қанды желтоқсанда Қайрат Рысқұлбеков, Ляззат Асанова, Ербол Спатаев сынды жас студенттер туған жер үшін, ел үшін, тіл үшін, келешек ұрпақтың, яғни біздің болашағымыз үшін бастарын өлімге тікті. Ата-бабаларымыздың байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғауының нәтижесінде егемен ел болдық. Олардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылып қалмақ. Ендігі менің парызым – сабағымды жақсы оқу, ата-бабаларымыз сыйлаған тәуелсіздікті, туған жерімді көзімнің қарашығындай сақтау, ата-бабаларымыздың үкілі үмітін ақтау.
Шарапиден Аида
8 «Б» сынып оқушысы
