Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Жанбау Марғұлан Сейфуллаұлы шығармалары

Махамбеттің Құлажиренмен соңғы сырласуы

Бұл екеуі: Құлажирен, ер ақын

Қазық басы оңашада болатын.

Арғымағын бағып-қаққан батырдың,

Қылығына қызығатын қара түн.

 

Ай шықты да, жамырады жұлдыздар,

Ал ақынның жанарында мұңды ызбар.

Қысқа ғана сырласудың мәні көп,

Жалғыз ғана куәгері  - түнгі із бар.

 

Сәйгүлігін сипалады жалынан,

Тұлпарлығын тай күнінен таныған.

Серігіне ақтарылды егіліп,

"Жануар, - деп - жігерімді жаныған".

 

Тұла бойын толқытқасын сезім көп,

Семсер мінез бастады ақын сөзін кеп.

"Қанды көйлек Исатайдан кейінгі,

Сенер досым, сырласарым - өзің", - деп.

 

Оқыранды сонда арғымақ жұлқына,

Иесінің қарап өңсіз сұрқына.

Қол бастаған тақымында батырдың,

Тулағанын бақ санап тұр жылқы да.

 

Арлан ермен арқалап ап  тете мұң,

Серігіне сездірмейтін  секемін.

Аңғармады арғымақ та, батыр да,

Бұл арқандау соңғы арқандау екенін.

 

"Құлажирен, құйын жүйрік, Құлашым,

Маған сендей қай сәйгүлік ұнасын?!

Тарланым-ау, тағдырыма сыйлаған,

Көңілімде сен кісінеп тұрасың"

 

Деп Махамбет қараша үйге беттеді,

Санасында сары уайым, текті елі.

Құлажирен, құба белде қозғалмай,

Сынық ай тұр сәуле шашып көктегі.

 

                        ***

Киіз үйдің айқара ашып есігін,

Кіргізді кеп жалғыздық пен наланы.

Ең соңғы рет сұрап еді кешірім,

Жабырқаулы күйге бөлеп даланы.

 

                        ***

ІІ бөлім              

Өкініш 

Керегеде тұрған кербез ілініп

Домбыраға көп қарады үңіліп.

Қасын қақпай қалың ойға берілді,

Жанарында көп өкініш, бір үміт.

 

Қолын созды қу тақтайға киелі,

Күдік басқан көңілінің күй емі.

Домбыраның бұрап еді құлағын,

Орнынан ойысыпты тиегі.

 

Кетті бірден шешен шегі күмбірлеп,

Өзектегі өксік ойды кім білмек.

Шықты зарлы үн, шанағынан аспаптың,

Пернелерін басқан кезде бір-бірлеп.

 

Күңіренді күрең басып жаны асыл,

Домбырадан жалғыз ретін таба шын.

Шымшылады, шырмауықтай қиысқан,

Сағасында салмақты ердің санасын.

 

Іліп алар, қас қақтырмас қағысы,

Шарықтаған шанақ ұрып дауысы.

Күй түсірткен өкінішпен есіне,

Елестеді арыстандай  арысы.

 

Күй төгілді кейде баяу сәл қатты,

Өкінішті-ақ, оралмайды таң тәтті.

Сол өкпелі өкініші батырдың,

Шемен болып қатқан шерін тарқатты.

 


 

Абай Құнанбайұлына арнау

Мен – қазақпын. Шүкір, Алла, бар бағым,

Түбім – түрік, түсірмеспін арға мін.

Маған мақтан, өлең – сөздің патшасы ...

Абайменен бір тамырдан болғаным.

 

Асыл сөзін жасымыздан жаттадық,

Даналықтың әліппесін ақтарып.

Бабам айтқан енжарлықты тізгіндеп,

Білім қудық әлем танып, көк танып.

 

Қапалансам «қара сөзге» жүгініп,

Үкіміңнен аштым құран үңіліп.

Сіз сырласқан құлдық ұрдым Аллаға

«Мыңмен жалғыз алысқанда» түңіліп.

 

Абай жолы мөлдіреген ақ айдын,

Ақ айдыннан Абайлаған тарайды үн.

Тіл ұшына тәубе ұйытқан тұлғам бар,

Күдігімді күн түбіне қамаймын.

 

Заманыңнан оза тудың ол да бақ,

Туыстан сор жүргенінде сорғалап.

Ұрпақтарың дұға етеді жырымен

Қазынаңды қарпып жатқан қамбалап.

 


Алашордамның арыстары еккен дән еді

 

Зұлмат жылдардың зұлымдығынан жеркеніп,

Зар замандарға үңілем өткен шер теліп.

Қаһармандарға араша түсер қайран жоқ,

Өксік пен кектің кермегіне өскен өлке едік.

 

Тілімнің тіліп тілерсегінен қидалап,

Дінімнің көрдім маталғанына үй қамақ.

Ұлтымның алтын діңгегіне құрт жүгіртіп,

Тамырымды шауып қатыгездікпен қинамақ.

 

Айбатты сонда арыстандары Алаштың,

Тағдырына елдің алаңдап талай таң астың.

Ұрандап "Оян, Қазақ!"-деп тыңнан жол бастап,

Жұдырықтай жұмылып сеспен жарастың.

 

Мұраттарыңда Алаштың қамы, ұлтымның

(Қазағым, қайран мың сүрініп, мың тұрдың)

Данышпаным-ай, "халық жауына" айналған,

Арыстарым-ай, құрбаны болған жұртымның.

 

Әуелеп барып арманда кеткен ән еді,

Ғасырлар салып жүректі қайта бөледі.

Жапырақ жайған Тәуелсіздігім кәделі

Алашордамның арыстары еккен дән еді.

 


Марғасқа елдің Мағжаны

 

Жасындай тілген,

Себелеп сіңген,

Көшелі көштің көсемі ең.

Алашқа айғақ,

Тағдырың – тайғақ,

Тікенек жолын төсеген.

 

Өрісті өлкең,

Мақсатың желкен,

Бұғауды бұзу бодандық.

Саңлақ серкем,

Ойыңды көркем

Көксеген бүгін балаңды ұқ!

Аңсағаным - адамдық!

 

Тектілік төр - сен,

Жастарға сенсең,

Туған жер бесік тербеткен.

Тәуелсіз күнім -

Бақытым бүгін

Қол созып өткен сен көптен!

 

Жастарда жігер,

Теңізде түнер

Толқынның долы ақ жалы.

Бөрі ұлың білер,

Жадында жүрер,

Марғасқа елдің Мағжаны!

 

 


 

Азат елдің арманы

Байтақ жерге бөтендер кеп жармасты,

Шалқып жатқан шалқар елді шаң басты.

Қарсы тұрып азаттықтың жаңғырған,

Жастар соқты қоңырауын алғашқы.

 

Келер күнге күмәнданбай сенсе шын,

Жеңер енді қайсарлықпен келсе сын.

Қайраттылар, айбаттылар оятты,

Еңгезердей еркін елдің еңсесін.

 

Жасап енді жаңа өмірге қадамын,

Емін тапты жазылмаған жараның.

Бейбітшілік белең алып өлкеде,

Арамыздан алшақтады қара мұң.

 

Санамызда сайрап сансыз көп ілім,

Ұрпақ өсер желкілдетіп кекілін.

Гүлдене бер, көркейе бер, Қазақстан,

Берер нақты келешекке кепілін.

 

Азаттықтың ақ  арманын қиялап,

Көркем болып өркендесін ұя бақ.

Қасықтаған  қанын қиып тапсырған,

Аманатқа жасамайық қиянат. 

 


 

Үш арсыз

Тәрбиенің жоқтығын да сездіріп,

Жетесіздер лайлады ғой көзді ұрып.

Қазағымның болашағын жырлайын,

Абай айтқан үш арсызды сөз қылып.

 

Тәтті дейді кей адамдар көнбейтін,

Бірінші арсыз - ұйқы жауым өлмейтін.

"Қарны тойса еңбек үшін қазаққа,

Ұрпақ керек қалғып сала бермейтін"

 

Қанағат жоқ бар азықты түптейтін,

Екінші арсыз тамақ жауым бітпейтін.

Салынады айрылмастай бұған да,

Қасиеттіден еш жамандық күтпейтін.

 

Мына жастар ұлықтарға телімей,

Теңселіп жүр, мысқылдатып серідей.

Үшінші арсыз - күлкі деген бір сайқал,

Жеп барады асыл ұлтты жегідей.

 

Кіл елімді сондайсың деп сөкпедім,

Талайлары мойындаған текті едің.

Жету үшін келешекке, қазағым,

Үш арсызбен арсыз болып кетпегін.

 


Даламен сырласу

 

О, далам!

Көгінде қалықтап ұшамын.

Жұбаныш сезімді еріксіз мәңгі құшамын.

Өсірген мені, тербетіп самал желіне

Кеңпейіл сені

Анам мен әкемдей құшамын.

 

О, далам!

Қуат алам құдіретті күшіңнен.

Оғаш ой жоқ көңілді түсірген.

Таразысына салғанда мына жалғанның,

Сен ғанасың тек

Мендей еркеңді түсінген.

 

О, далам!

Мақтанам, сүйем жеріңді.

Арнаймын мына саған соны демімді.

Баһадүр бабам қорғаған асыл далам-ай,

Байлығың мол ғой

Марқайтып жатқан елімді.

 

О, далам!

Мойындатқан қасиетің бар талайды-ай.

Көгінде мәңгі сөнбесін күнің қараймай.

Сарыарқа болып, Шыңғыстау болып бірге сен,

Сыйладың тұлға

Қазаққа дана Абайдай.

 

О, далам!

Құлагердей тек бәйгеде алға ұмтылдың,

Тарих боп қалған көңілінде мәңгі жұртымның.    

Қарасаз болып, Мұқағалидай ақын ұл туып,

Көтердің көкке

Мәртебесін тек ұлтымның.

 

О, далам!

Еркелетіп көп шығардың мені төріңе,

Серт бердім қорған болам деп байтақ жеріңе.

Ертеңгі елдің көшбасшысы тек болатын,

Ұлы қазаққа

Тарту еттің ғой мені де.

 

 


 

О, туған жер

 

 

О, туған жер, маған жарық сыйлаған,

Тауым, тасым, ну орманым, ми далам.

Қалықтайын қыраның боп қияда,

Тұғырыма құздың басын қи маған.

 

О, туған жер, жазар жырым бар әнім,

Бабамыздан мирас мұрам, бағалым.

Күлігіңе айналайын көсіліп,

Есші кәне сар даламның самалын.

 

О, туған жер, шалғай шықсам шамалы,

Сағыныштың сары уайымы қамады.

Бола тұра сені қимайды екенмін,

Қасиетті топырағыңның қонағы.

 

Бабамыздың тері тамған, кер далам,

Қазағым бар қазығындай орнаған.

Жеріңді де жатқа бермес  бір сүйем,

Батыр елдің барыс ұлы мен болам!