Сарыбай Құдрет шығармалары
Ақиық түлер Абайлар ұшқан тұғырдан
Кірпіш дүние жігіңді басып жыл жатыр,
Қас-қағым ғұмыр құзырындағы кім батыр.
Жалған тірліктің жұмбағына жауап іздесең,
Тұшынып тыңдар Абайдай заңғар тұлға тұр.
Абайды тыңда, өмірдің түсін бар мәнін,
Кемеңгер тілі арқалатпайды арға мін.
Алаштың айы оңынан туған емеспе,
Аялай білсе алып мұралы ардағын.
Тәңірдің жолы, бақыттың жолы нұр тұнған,
Нұр тұнған баққа қалады жасты ұмтылған.
Қаршадай ұлдың құранмен ашқан зейінін,
Пай-пай шіркін, Құнанбайларды кім туған?
Тербелді бесік тектілік құтын түгендеп,
Өкініштерді жұбатты жүйрік күнемдеп.
Данышпан Абай алаңдап аңғал жұртына,
Жігер мен намыс тұлпарын мінді жүгендеп.
Осыдан болар қанатын қақты ғұмырлы ән,
Шапшыды көкке әуелеп өксіп тығылған.
Ата жұртыма амандық керек Алладан,
Ақиық түлер, Абайлар ұшқан тұғырдан.
Азаттық
Арқылап аңсау зарығып,
Көндігіп талып тарығып.
Таңыңды сенің сағынып,
Бабалар өтті-ау азаттық.
Үдере көшіп таласып,
Жүре алмай бірге жарасып.
Туыстан туыс адасып,
Қандастар кетті-ау азаттық.
Күміс сақалы желбіреп,
Көзінде жасы мөлдіреп,
Дін менен тілі селдіреп,
Даналар өтті-ау азаттық.
Ұлтымның қамын ойлаған,
Бастарын оққа байлаған.
Зиялымды атып жайлаған,
Замандар өтті-ау азаттық.
Қасірет- қайғы шектіріп,
Алыптарымды шөктіріп.
Кенеземізді кептіріп,
Жеттің-ау тәубе, азаттық!
Жаратқан ием сұранам,
Елімді қылғай дін-аман.
Биігім,шыңым- мұнарам,
Байлығым, бағым -азаттық.
Елбасына
Дәріптеп Азат елдің жатқа айғағын,
Көгінде желбіретіп көк байрағын.
Сындарлы сан белесті бағындырып,
Басына қазағымның бақ байладың.
Тәуелсіздік тұғырын бекемдедің,
Белгілі ел ауқатын көтергенің.
Сағынып сыртта жүрген туыстарым,
Ата жұртқа оралып мекендеді.
Өркендеп білім жолы ашылады,
Шырқалар шырқау көкте ғасыр әні.
Жүз ұлттың сәбиінің жүрегіне
Нұраға сенің нұрың шашылады.
Сіз сыйлаған өлкеге мұра қандай,
Басқа жұрт тек Тәңірден сұрағандай.
Бар әлем достық үйі тәрізденер,
Болса егер елбасылар Нұрағамдай.
Жаудырғандай жауһармен лағыл аспан,
Патшамыз салихалы сабыры асқан.
Қазақстан қарыштап асқақтай бер,
Ханымыз жасай берсін қадірі асқан.
Тарланы көктің
Қыран құс едім өрлеген көкке,
Аспаннан алыс мақсатым.
Шылбыр үзбеспін кермеден текке,
Жасыған менің жоқ сәтім.
Мұратым бөлек бағындырармын,
Шынары сұлу шыңдарды.
Жабырқағанда жаныңды ұғар кім,
Мойындамаспын мұңдарды.
Нысанам айқын Аллаға құлдық,
Жуатын күллі күнәмді.
Аталар жүрген арнаға кірдік,
Ұлтыма болсын ұнамды.
Қырандай құстан құс жоқ ау асқан,
Кең етіп жайған қанатын,
Аспанды құшқан, тек алға ұшқан,
Тарланы көктің бар ақын.
Ұлы ұстаз
«Арнау»
Жақында көрген едім, түсім деймін,
Аян беріп кеткен бе, түсінбеймін?
Жолықтым жүзі жылы жайсаң жанмен,
Жоримын жақсылыққа, мүсіндеймін.
Таныдым, шырамыттым бұл адамды,
Иллаһи түс болғаны сірә мәнді.
Ұйқымнан ояндым да ойға баттым,
Жақсымен жолыққаным ұнаған-ды.
Ол ұстаз елі ерекше құрметтеген,
Күрескен қараңғылық індетпенен.
Саналы ғұмырында жан-тәнімен,
Жүріп өткен ізінде гүл көктеген.
Ыбырайша жанына жарық шашқан,
Зерттеген түрлі ғылым жалықпастан.
Абайша айтсам, шәкіртке үйретумен,
Байсалды баппен жүріп анық басқан.
Бойында тек ұстазға тән қылықтар,
Білікті маман деуім заңдылық дәл.
Барша жұрттың ұстазы ұлағатты,
Бар шәкірт ісіңізді мәңгі ұлықтар.
Ардагерге өлеңмен сый арнадым,
Қалықтап қанат қақты қиянға әнім.
Мақаш ата, мен Сізді кеше көргем,
Бірақ бүгін сексенге қия алмадым.
Күш-қуат ажырамай бойыңыздан,
Сөз асылы түлесін ойыңыздан.
Шашудан ырымдар күн нәсіп етсін,
Тоқсандағы торқалы тойыңыздан!