Абдираимов Ердәулет
Алты Алаштың қамын жеген қадірлім
9 жаста топқа түскен бел байлап,
Езілген жұрт еңіреген елді ойлап.
Қазыбек бабам қадірлісі қазақтың,
Көре алар ма сендей тұлға енді аймақ.
Қара қылды қақ жарардай шешімің,
Даналықтың аштың алтын есігін.
Судай сіңген көсемі едің қазақтың,
Жатталатын мәңгілікке есімің.
Өткір тілің көзіңде от жандырған,
Терең ойың көктен жұлдызды алдырған.
Қазыбек ата, бәйтеректей биіксің,
Шыны сөзің бұлақтай шөл қандырған.
Ханға лайық билік айту жасқанбай,
Атың, ата, ханнан әрмен асқандай.
Жастайыңнан жалын едің лаулаған,
Әділдігің тайға таңба басқандай.
Әжіміңнің астарында сыр тұнған,
Аямадың қолда барын жұртыңнан.
Елге сіңген қара терлі еңбегің,
Қарғыс емес, алғыс алдың ұлтыңнан.
Жарық бейнең сәуле шашып өңімде,
Ұшқын бердің күлдей сөнген көңілге.
Мүмкін, мүлде әкеле алмас еш ана,
Сендей жанды бес күндік бұл өмірге.
Алты Алаштың қамын жеген қадірлім,
Тәтті сыйы тарту еткен Тәңірдің.
Өзіңіздей бабалардан бата алған,
Ұрпақтардың өсуіне кәмілмін!
Тәж бен тақты балқытқан...
Сәуле іспеттес шапағаты төгіле,
Бақ боп енді тәуелсіздік төріме.
Бостандықтың таңы қызара атып,
Желбіреді туым қазақ көгіне.
Сені аңсаумен өтті елдің уақыты,
Елдігіне бұрды арналсын бағыты.
Міне, бүгін аспанымда шарықтар,
Жылдар бойы күткен Алаш бақыты.
Тәуелсіздік – халқымыздың жеңісі,
Сан азапқа толы ед оның келісі.
Егемендік – бостандыққа ұмтылған,
Арман менен қайсар рухтың жемісі.
Тәуелсіздік – бітпес қазақ дастаны,
Тәуелсіздік – бәрі, тіпті тас тауы.
Елдіктің, көңілге мұң қалдырған,
Гүл солдырған желтоқсан ед бастауы.
Еркіндікті қалайды аң сұсты бір,
Көкке ұшқанды ұнатады құс түгіл.
Тәуелсіздік – шынжырларды балқытып,
Тәж бен тақты күйрететін күшті нұр.
Бостандығың саған байлық жамағат,
Елдігің де күшке ие ғаламат.
Келген елге ақ найзаның ұшымен,
Тәуелсіздік біздерге ұрпақ аманат.
АНАШЫМНЫҢ АҚ СҮТІНЕН ДАРЫҒАН...
Анашымның ақ сүтінен дарыған бұл қасиет,
Ана тілімнің алдында талай уақыт бас иед.
Қазақ тілін құрметтеңдер, әрқашан да дәріптеп,
Бұл бабамның асыл сөзі емес қой құр өсиет.
Ана тілсіз бұл фәниде адамдар жан еместей,
Шөл далада көрінетін сағым менен елестей.
О, адамзат, ана тіліңнің барына шүкір ет,
Кей пендеге ана тілің биік таудай, белестей.
Ана тілім, махаббатым, Құдайымның бергені,
Әрқашанда құрметтейді, аялайды ел сені.
Бір өзіңе көк тер болып, аңсап жеттік, шөлдеп біз,
Сенен кейін, рәміздерді, алдық алтын теңгені.
Мұның бәрі елдігімнің күшіменен болғандай,
Ана тілдің арқасында бақыт құсы қонғандай.
Болашаққа қадам басып, қол жеткіздік елдікке,
Тіліміздің арқасында қазақ жолы оңғандай!
Жалын ба, әлде ұшқын ба?
Сұм жалғыздықтан жүрегім менің жабықты,
Қоштассам деймін ұмытсам сол бір уақытты.
Бірақ та сенің жаныңда болсам кей кезде,
Шын сезетіндей жүрегім ыстық бақытты.
Елестетемін қап-қара мөлдір көздерің,
Шыдамым жетпес, тауысты берік төзімді.
Сен алыстасың, қасымда болсаң егер де,
Бөлер ме едім тек махаббатқа өзіңді.
Ақ маңдайыңа кекілің тұнық төгілген,
Қоп-қою шашың беліңе дейін өрілген.
Шығыстан шыққан сәуледей бейнең кіршіксіз,
Жаныма жылы, көзіме оттай көрінген.
Шөлдеген менің жүрегімді қандырдың,
Мұң менен зарды артыма мәңгі қалдырдың.
Өзіңе деген сезімім менің жаңғырған,
Дәлелдеусіз аксиомасы ед тағдырдың.
Арманыма қанатым бітіп ұштым да,
Ғажайыптың бағына барып құштым да.
Айтшы маған бір сүйген көңілім,
Жалын ба, әлде, түсіне алмадым ұшқын ба?!