Бағлан Ерлан шығармалары
Арайлы таңым азаттық
Жәнібек пен Керей бабам бастаған,
Тәуке менен Абылай атам қостаған.
Жері үшін ұзақ жылдар күрескен,
Азаттықтың самал желі бір ескен.
Елі үшін қанша батыр мерт болды,
Соғыс деген қазақ үшін дерт болды.
Мойынсұнбай бейбіт елдің бағы үшін,
Күресті ғой азат елдің таңы үшін.
Бейбітшілік бізге қонған бір бақыт,
Осы үшін кетті бізге мың уақыт.
Қастерлейік ұмытпайық ерлерді,
Сол ерлеріміз азаттыққа дем берді.
Батырларым ақындарым бір алып,
Жете алмайды оларға да мың алып.
Ауыр болды елі үшін еңбегі,
Тегіннен де тәуелсіздік келмеді.
Қазір міне тәуелсізбіз, азатпыз,
Өйткені біз абыройлы қазақпыз.
Елбасымыз елі үшін мәңгілік,
Оның сөзін тұрады елі ән қылып.
Біздер де қазір Қазақстандай елім бар,
Бұлағы аққан ұлан-байтақ жерім бар.
Болашаққа бастайтын бар арнасы
Сонын бәрі Елбасынын арқасы.
«Махамбеттің ізімен...» атты толғауы
Ел намысы – өр тұлғам,
Ел бағыңа ер туған,
Қасиетің бек тұнған,
Сынығың болсам деп едім!
Бастаса қолдың көсемі,
Сөйлесе сөздің шешені,
Серт болған семсер сөзіңнің,
Тұнығы болсам деп едім!
Қалдырған жырдан өсиет,
Қадірлі қазақ – қасиет,
Аманатқа бас иер,
Көзі болсам деп едім!
Ақпараттық заманда,
Бәрі аралас қоғамға,
Тура жолға бастайтын,
Кезі болсам деп едім.
Берекесіз білімнің,
Көз алдаған ілімнің,
Сыбайласқан күнімнің,
Өрті болсам деп едім.
Өз баласын сатқанның,
Өз анасын атқанның,
Жауыздыққа батқанның,
Дерті болсам деп едім.
Отырып тақта қалғыған,
Ақыл кірмей алжыған,
Мансап құмар семіздің,
Басын кессем деп едім.
Өтірік айтып күлгеннің,
Өсек қуып үргеннің,
Шындықтың туын тілгеннің,
Тасын тепсем деп едім.
Жұртты жалмап талтақтап,
Жуанды көрсе жалтақтап,
Жағымпазды қалтақтар,
Жерге тепсем деп едім.
Алласы жоқ ауызда,
Иманы жоқ ауызда,
Арам болған атаны,
Көрге тықсам деп едім.
Ерлері қорқып кіретін,
Елдері іштен іретін,
Иттері жатып үретін,
Елден қашсам деп едім.
Былығы жоқ, шуы жоқ,
Жыланы жоқ, у жоқ,
Қазақ елің қайтадан,
Шөлден ашсам деп едім.
Ақ жолдағы құранның,
«Қазақ» деген ұлы әннің,
«Алаш» деген ұранның,
Үні болсам деп едім.
Бірлігі кеткен әр елдің,
Дұшпандық басқан әлемнің,
Жоқтау болған өлеңнің,
Нүктесі болсам деп едім.
Тәуелсіздік ән-бағын,
«Ел» дейтұғын таңбаның,
Қасиетті қағбаның,
Нық төсі болсам деп едім.
Мынау байтақ жерімнің,
Жерді жапқан елімнің,
Елді сүйген ерімнің,
Жүрегі болсам деп едім.
Қолы жоққа қол болып,
Соқырға көрер жол болып,
Аяғы жоқ атаның,
Тірегі болсам деп едім.
Уа, бабамның рухы!
Ұрпағың мынау адасқан,
Ұлттығымды шаң басқан,
Шындығымды қан басқан,
Қайғының бұлты әлі бар.
Уа, Махамбет рухы!
Тілінен безген балаңды,
Дінінен безген қалаңды,
Кенеттен кел де адам қыл,
Сонда қайғым жарылар.
Уа, бабамның рухы!
Әділдік бар ед, кетілді,
Әдепсіз күн боп өтілді,
Қапыда өлген күніңді,
Мереке қылып тойлап жүр.
Уа, Махамбет бабам-ай!
Қайнаған ыза-кегіңнің,
Табы болсам деп едім.
Сен ұстаған семсердің,
Сабы болса деп едім!
Уа, бабамның рухы!
Шерімді іштен ақтардым,
Жүректе сені сақтармын,
Жырыңа намыс суарып,
Сөзіңдей болсам арман жоқ!
«Махамбет» деген ғасырға,
«Алашпын» деген асылға,
Құрбан ғып беріп басымды,
Өзіңдей болсам арман жоқ!
Ұлы Абайдың әлемі
(Абай әнінен туған ой)
Адамдықты таптым Абай қойнауынан,
Арайлы, аппақ нұрлы аймағынан.
Қара сөздің патшасы Абай атам,
Қара өлеңді қалқытқан қаймағынан.
Құр бекерге жылтырап, құрғап кебу,
«Бес асылды» жүрекпен тындап сену,
Арманым ед, шіркін-ай, арманым ед,
Абайдың әніндегі ырғаққа ену.
Сезініп көзбен көріп жыр бұлағын,
Шәрбаттан ішіп сонда тез құладым.
Жанымның жайсыз қылар қылықтарын,
Сенесің бе, қолыма ұстап ұрғыладым.
Қара сөзін қару қылсаң атамыздың,
Адаспайсың соңына ерсең баталы іздің.
Ағам, әкем, атама азық болған,
Рухани ем болған- татар ізгім!
Нұрлы жүрек сыйлаған адамдарға,
Жөн сілтеген биік-биік қадамдарға.
Жүрек ішін тазартып Абайды оқып,
Қара өлеңмен қадам бас қаламды ал да!
Бірлік, сабыр, жақсылық, данышпандық,
Абай атам бойында жарысқан нық.
«Ой кеселін» құрбан қып етсек достар,
«Рух» деген орнайды таныс хандық.
Туған жер
Туған жер келбетіңмен ашыл маған,
Арайлаған шуағы шашыл маған,
Жайлауы мен киелі жер орнаған
Қымбат сенің кең өлкең, тасың, далаң.
Көркемдігің соншалық туған жерім,
Өзің де орналасқан орман-белім.
Көруге құмарым да басылмаған,
Мен сені мәңгі-бақи қорғар едім.
Әр қазақтың киелі қымбатысың,
Кереку Отанымның сымбатысың.
Арайлап атады ғой күннің көзі
Әдемі боп көрінеді күн батысың.
Отаным әдемі боп көріне бер,
Жүздеген облысқа бөліне бер.
Тілімді қастерлейін қазақ болып
Жырымнан шашу, маржан төгіле бер.
Тәуелсіздік
Тәуелсіздік мерейтойы тойланады,
Қиындығын сезіп бәрі ойланады.
Осындайда әр қазақ жастары үшін
Жігер, намыс, қайратты бойға алады.
Ұлты үшін арпалысқан жастары бар,
Осынау қиын күннің астары бар.
«Желтоқсанның ызғары» деген сөзбен
Ақынның жазып кеткен дастаны бар.
Қайратпенен Ербол ағам батырлар,
Сәбира мен Ләззат апам батылдар.
Ұмытпаймыз біз оларды ешқашан,
Қосыңдаршы жырларыңа ақындар!
Мұз да болды, итке де олар таланды,
Қорғады ғой ұлан-байтақ далаңды.
Біз олардың арқасында бейбітпіз
Ұмытпандар уа, қазағым, балаңды!
Бабасының ерліктерін жалғаған,
Ей, қазағым намысшыл ғой әр балаң!
Биік шыңға қалықтады Отаным
Отанымның қанаты мәңгі талмаған.