Асылжан Жеңіс шығармалары
Қайдасың, ата?
Кайдасың, ата?!
Халқының сырын ұғатын,
Дана сөздерің көңілінде елдің тұнатын.
Таспадай тіліп, сынаған сәтте ширығып,
Аз болды-ау жұртың зердесі өсіп шығатын.
Қайдасың, ата?!
Айықтыр мені өкпемнен,
Түңілді жаным шайтаны бойда көптерден.
Сені ұмытқасын ұлын оқуға «біл» емес,
«Қызмет қылып, шеніңді аласың» деп берген.
Қайдасың, ата?!
Ақынмын деп жүр бұл балаң,
Бөтен сөздермен жырының жүзін былғаған.
Солардың көшін түзете алмай жүрміз, себебі
Бүгінгі Ұлжан бұрынғы сені тумаған.
Қайдасың, ата?!
Қалды ғой сенсіз жетімің,
Мен де бір жүрген сол жетіміңнің шетімін.
Аясаң бізді тағы да жөн айт қазаққа,
Дүниенің кірпіш таба алмай жүрген кетігін.
Қайдасың, ата?!
Расында біздер жетім ек...
Өзіңсіз, кеткен иман мен ардан шетінеп.
Талқыға салып қасқыр тағдырым шайнаған
Қыран тұяқтың жарасы қашан жетілед?
Қайдасың, ата?!
Өртеген күнін ел үшін,
Бола алдық па екен «сылдырап өңкей келісім».
Білмедім, ата, қуанар ма едің, түңілер
Көріп бір кетсең өзің кеп бүгін ел ішін.
Білмеймін, ата, сағынам сені не үшін?!
Сағыныш
Тағдыр қойды көңілді жарым қылып,
Сырласатын пенде жоқ жанымды ұғып.
Аңсап қалдым бір жылы құшағыңды,
Қайда кеттің, аташым, сағындырып?
Бозторғайдай көктегі арнайын ән,
Одан басқа не тамар таңдайымнан.
«Атамның баласы» едім бұған дейін,
Иіскемей ме енді ешкім маңдайымнан?!
Үмітімді үзбедім жан атамнан,
Сәлем күтем арайлы ала таңнан.
Кірді ме деп есікке қарай берем,
Жем іздеген қозыдай алақаннан.
Көп көрердей немере еркелеуін,
Жаратқанның мейірімі келте ме еді?
Озса-дағы Алланың қалауымен,
Тастағаны қинайды ерте мені.
Ұстаздарыма
Мектептің нұрлы қабырғасында
Бақ қуған жігіт жабырқасын ба?
Мұсылман қылып жаратқан Алла,
Рақымсыз жанды жарылқасын ба?
Мешітіндей боп жамағат үйдің,
Мектебім, сені дара танимын.
«Екі» алсам-дағы алғыс айтамын
Алғыр ұлына Анатолийдің.
Болса да ынта шамалы ғана,
Қатысқым кеп жүр сабағына да.
Сағынышпенен сәлем жолдаймын
Нұргүл апай мен Мамановаға.
Бас иіп Алла жарлығына да,
Талай ұстазым болды ғұлама.
Жаратқанымның шапағат нұры
Себелеп жаусын барлығыңа да.
