Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Алтынбек Мақсатхан шығармалары

Аққулы мекен-арда Ақсу

(Ақсу даласына арнау)

 

Ағытып ақ түймесін ақ шұғыла,

Алқынып көктем келді Ақсуыма.

Сарыбел құшағыңды ашшы ұлыңа.

Қойныңа кіріп кетем қараша ауыл,

Қою түнде бас қойып жастығыңа.

 

Ақбота бұлттан нұр боп тамсам ба екен?

Жоғалсам жұртың мені аңсар ма екен?!

Ақ дариға ақ белге ән сал көкем!

Жоқ әлде қара бұлттай қабақ түйіп,

Асандай азалы күй шалсам ба екен?!

 

Қой бағып қоңыр үйге кезігемін,

Жолығамын бабама сөзі-керім.

Көзімді ашқан мекенде көз ілемін.

Топырағыңа табан тисе ғажабын-ай,

Жаныңның дір еткенін сезінемін.

 

Қоңыр салқын көрінген наз дауыл бұл.

Қалықтап қанат қақты қаз бауыр – жыр.

Боталап-ел, баяғы боздап ұл жүр.

Орманын тапқанымен уа, дүние

Айналып жатқанын-ай қазға –бұлбұл .

 

Шіліңгір шер шешілмес тағасынан,

Жандар қайда кешегі жаны ашыған?

Қорқытта қаша алмаған моласынан.

Сен бақытты әке исі бар есіміңде,

Есін  сәл ерте жиған ағасынан.

 

Мезгілдің болғанымен аты көктем,

Хат келсе қайтем қалқам ақыреттен,

Есіл ел емде мені қасіреттен

Перзентіңе Кеңсайдың керегі не?

Алматы емес мені ақын еткен

 

Ақ таңдардың тараған алтын жалын,

Дариға-ай, текті екен-ау бар құндағың!

Тамырың боп бүлкілдеп солқылдадым.

Сабалап ұша берсін Аққу-ғұмыр,

Ертістің еркелетіп толқындарын.

 

 

Ағытып ақ түймесін ақ шұғыла

Алқынып көктем келді Ақсуыма.

Сарыбел құшағыңды ашшы ұлыңа

Қойныңа кіріп кетем қараша ауыл

Қою түнде бас қойып жастығыңа.

 

Шыңғыстау – көне жұрт

 

Шыңғыстауға бардың ба, Шыңғыстауға?

Ақша бұлттар аспанға тырмысқанда.

Қошқыл түннің қозысын күн құшқанда,

Шығар биік  - тұншығып, мұң қысқанда.

Шыңғыстауға бардың ба, Шыңғыстауға?

 

Өлгендер айта ала ма тіріміз деп?!

Фәниден де кетеміз, біріміз кеп.

Жылу іздеп жүр бәрі Жидебайдан,

Барған адам бар ма екен ұлын іздеп,

 

Ұлар қағар қанатын талмағасын,

Ұшқаныңа тым биік алданасың.

Жолда қалдым,  сұмдардың балтасынан,

Жолдастарым Ерболдай болмағасын.

 

Сейілер тар маңдайдың соры бір күн,

Қобызымның шері бар өмірімнің.

Тоғжандардың аңсайды бал қылығын,

Көлді айналып тырнасы көңілімнің.

 

Қырында гүл қаулаған бақта қалам,

Ескі көзден еміздір хақ тағалам.

Зерені іздеп бардың ба Зерендіге,

Ақ сүт берген қайдасың, аппақ анам?

 

Сексеуілдің шырпысын шоқ қыла алмай.

Сонар мұң сәл жасқансам соққылардай,

Ұл тапқызар, дүние-ай барлық еркек,

Ұлық қылып өсірген тек Құнанбай.

 

Сағынса ұлын сала ма  сайран дала?!

Сар ауыз ұлдық- сандырақ, байлам ғана.

Сен айтқалы ғасырдың жүзі болды,

Баяғы жартас-сол жартас, қайран баба.

 

Шыңғыстауға бардың ба, Шыңғыстауға?

Ақша бұлттар аспанға тырмысқанда.

Қошқыл түннің қозысын күн құшқанда,

Шығар биік  - тұншығып, мұң қысқанда.

Шыңғыстауға бардың ба, Шыңғыстауға?

 

 

Нала

 

Алматыға сүйремейді бүгінде

Алатаудай болып алған ақ мұңым.

Алмаларын сатқан қала, іңірде,

Арулардың саудалайды пәктігін.

 

Ажарыңды жасыратын мақпал түн,

Көрген кезде қағатын ет таң күлім.

Бес тыйын ғой сәукелеңді сыпыру,

Бес жүз жорға емес пе еді сәл бұрын.

 

Жез тырнаққа аймалатып денесін,

Ол кешегі пәк қыздардың өзі емес.

Тыр жалаңаш туылғаның анадан,

Тым жалаңаш жүрсін деген сөз емес.

 

Айдыныңнан аққу ұшқан бұл күнде,

Сірә сені жұбатпайды ештеңе.

Сүмелектер жанарларын қадайды,

Шүберектер жетпей қалған бөксеңе.

 

Жаңбырмен жу айғыздалған арыңды,

Жүрісіңді қарындасым тасташы.

Беліңізден батырды ғой күнәға,

Бесіктегі түндеріңнен басқасы.

 

Тауып берсе, тәубе айтар ем тәңірге,

Тұнығыңа тұмсықтарын малғандар,

Ақ орамал тақпай жатып жоғалтқан,

Ақ арыңды, обалыңа қалғандар.

 

Барар жерің бармай жатып белгілі,

Періштелер лақтырғанда дәптерін.

Әй, жасырып тұра алмайды күнәңді,

Өлгеніңде орап алған ақ кебін.

 


 

Көк Түрік пен Көк тудың жыры

 

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

                            (Қазыбек би)

 

Ал, «Бисмиллә»,

Алаштың елі түрегел!

Арқар мүйізді шүйіре.

Насры мен тәңірдің,

Ілестің фәни күйіне,

Ғасырдың ғазал биіне.

Аспан текті қазағым,

Атырау Алтай арасы,

Анық сыйына құдайдың

Алаштан өзге кім ие?

 

Алланы ғана тәу етіп,

Алақан жайып сенгенде.

Тұраннан ризық төгілді,

Төсінен омырау емгенде.

Мұғжизасымен бабамның,

Дұшпанның жұлып жүрегін,

Қолын төңкеріп жеңгенде.

Сонда сен шықтың қопарып,

Топырақ жатпай жамылып,

Қабіріңді бұзып көмгенде.

Ақ киізге көтердік,

Алғаш Керейді хан қылып,

Айдың ар жағы, Күн беті,

Естіді үнді гүр еткен,

Дауылпазыңнан жаңғырып.

 

Тағдыр тасына қашалған,

Тарихың тұтқа-саңылақ.

Жүрегің жолбарыс болғанмен,

Жүрген кезіңде аңырап,

Қозыбасқа байлап ат басын,

Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,

Көк аспанмен таласқан,

Кереге керіп күмістен,

Көтергенім хақ шаңырақ.

Сендегі кие - сол кие,

Бүгінгі күнгі - ахлақ.

Сендегі кие - сол кие,

Жағаңа жармасқан жоңғардан,

Қалмаған уыс топырақ.

 

Бозінген болып боздасам,

Қобызға қосып сыр тағы.

Ат басын тартсақ аспас ек,

Қозыкөштегі қырқаны.

Ақ кіреукелі баһадүр,

Хақназар, Есім, Қасымдар,

Тәуекел, Тәуке, Жәнібек,

Қабылан мінез, нұр тағы.

Ақ туының астына,

Алғайдың құба жонына,

Алашым Нілдей ағылған,

Абылай Үш жүз сұлтаны.

Құлаты тауға қол салған,

Дұшпанының алдына,

Жебеден ажал жол салған,

Кенені де  қара жер,

Көрпесіне қымтады.

Мендегі кие - сол кие,

Бассыз жатса да бабасы,

Бассыз кетпеген ұрпағы.

 

Беу, замана, дүние,

Бес ғасырды да көз көрді.

Күннің бетіне шығардың,

Көлеңкелі түнек кездерді.

Ертіс пен Еділ арасын,

Қалауымен тәңірдің,

Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күренді мінер кез келді.

Нұрсұлтан болып ақ патша,

Маңайың нұрға малынар,

Алатау асар абыройың

Тарихтың өзі сөз берді.

Күлтегіннің ұрпағы,

Көктасқа таңба тарихың.

Кез келді көкжал қазақты

Көк Түріктің сарқытын,

Көк туыңнан танитын.

 

 

МАХАББАТ ХИМИЯСЫ

 

Естілгенінде қоңыраудың сыңғыры,

Сыныпқа кіре бастадық.

Ашылғанымен махаббаттың шын гүлі,

Кітапты бірақ ашпадық.

 

Жас химиктер деп бастады ұстазым,

Үй жұмысын тұспалдап.

Бәріне де қолымды сермеп тастадым,

Бірақ та білім құтқармақ.

 

 

Мас болдым ба неге ғашық боп қалдым,

Реакция жүріп кеудемде.

Қышқылға күйіп, сойылы тиіп шоқпардың,

Жарамай қалдым емдеуге.

 

Денем бытырап атомдарға да ұп-ұсақ,

Магниттейін тартылдым.

Кейбір қымбат элементтерге ұқсап,

Келмейді бірақ сарқылғым.

 

Саф алтыннан сүйгендер мүсін ойғанда,

Мендейлердің кезі кеп.

Екеумізді де бір периодқа қойған ба?

Менделеевтің өзі кеп.

 

Тотыққанымда махаббаттың буына,

Қайтемін қалсаң ұнатпай.

Сені сүйгенде кетпессің менен суына,

Сырт бермегің сынаптай.

 

Домна пешіне әдейі құлап қалып ем,

Шала сезімді пісіріп.

Ақылға келдім ұстазды ұнатқаныммен,

Бала екенімді түсініп.