Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Қабдраш Абзал Қайратұлы шығармалары

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗІ...

                              (М.Жұмабаевқа арнау)

 

Мағжанның сөзі - маржанның көзі тұңғиық.

Кемеңгер ұлың.

Көксеген күні: бөрілі байрақ тұр биік

Төбеңде бүгін.

 

Сор кештің, барыс бабамнан қалған құты кең

Барыңды аялай.

Алаш деп уды, жұрт үшін қанды жұтумен,

Жаныңды аямай.

 

Мұңмен қоздаттың кертолғау сырдың көгінде

Жүрек қобызы, -

Торғындай нәзік тылсым табиғат төрінде

Дір етті абыз үн.

 

Жетпеген сынды кеудеңді қажау, кіл бақты -

Кемірген кектер.

Бипаз бейнеңнің биязылығын құрғатты

Жебір жендеттер.

 

Қатыгез заман қаһарман ұлға лайықсыз,

Атылып тұрды.

Ақ түтек дүлей тап беріп талап, айыпсыз

Бақилық қылды.

 

Бұл -

Ажардың гүлін азаға орап өрт ілген

Азаптың кезі.

Сәулесін сырып тайдырды сені сертіңнен

Ғажап күн көзі.

Мағжанды өлтірген - ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗІ...

 

 

Көксерек көңіл

 

Тұтандырып ең бейқам көңілде сезімді,

Бейберекетсіз өзгеден лүпіл безінді.

Көзіңнің ұшы іле алмай мені жүргенде,

Көксерек көңіл ұлыды аңсап өзіңді.

 

Күндіз күлкі жоқ, көркіңді көргім келеді,

Сан түрлі ойлар санамды сөгіп бөледі.

Таңертең, түсте, кешке де тамақ ішпеймін,

Түнде ұйқы жоқ, қарным ашады себебі.

 

Маңғаз қалпыңды жырақтан жүріп көріп мың,

Сағым боп тұрған нәрселерге тек сеніппін.

Қиялымда мен тежегіші жоқ машина,

Ал жақындасам, «ручниктағы» көлікпін.

 

Сенен табылар шипасы шерлі жараның,

Көшеге неге шықпайсың, айтшы, қарағым.

Масаға жем боп күнде күтемін тыпыршып,

Артында анау қойлар тұратын қораның.

 

Мені сүймейсің, не етейін, енді не етейін,

Мәнсіз тірлікте мінбеге дара жетейін,

Махаббат деген лаулап тұрған жалын ғой,

Мейлі сол отқа, жалғыз-ақ жанып кетейін.

 

 

Мен ғашықпын

 

Мен ғашықпын, ғашықпын, шынымен  де,

Сен дегенде байланбас бәле тілім.

Ойлаймын күнімен де түнімен де,

Ол менің тәтті ұйқымды бөлетұғын.

 

Жазуменен параққа кең өреде,

Жылы жүзді жұртымнан алғыс алам.

Мен ғашықпын жансызға!

                          «Неге» деме!

Менің жаным күрмеулі мәңгі соған.

 

Танымаған, таныған жақындарға

Өзің ең осы бізді асыл еткен.

Сені сүю тынығу ақындарға

Қоғамдағы шекпе зар қасіреттен.

 

Өзіңнен басқасымен үйлеспедім.

Қондырумен көлемсіз миға дастан.

Қолдан келсе мен сені сүймес те едім,

Мына бейбақ кеудемді қинамастан.

 

Жо-о-оқ!

Мен ғашықпын, «Өлеңге» бура жанмен,

Тілдестірер соқырмен, кереңменен.

Өйткені адам келіп сұрағанмен,

Сыбағасын сұрамас  өлең менен.

               

Егер менің өмірім ...

 

Әр сөйлемі сезімнен құралғасын.

Мәтіннің махаббатқа бұрам басын.

Егер менің өмірім кітап болса,

Сен ондағы ең көркем шығармасың.

 

Сезімім сериалдағы кейіпке енсін,

Сен менің бағалымсың, биіктенсің,

Егер менің өмірім кино болса,

Сен ондағы ең басты кейіпкерсің.

 

Мендік көңіл өзіңе бой ұрғасын,

Әрдайым жүрегімде, ойымдасың,

Егер менің өмірім бір ән болса,

Сен оған ең әдемі қайырмасың.

 

Сағынынсам сені сезім серісіндей,

Сағым боп кетуші еді, көз ұшында ой.

Егер менің өмірім өлең болса,

Сен өлеңнің бір шумақ сөзісің ғой.

Жоқ, жоқ, бірақ, тағдырым жазып берген,

Сен менің өлеңімнің өзісің ғой.

 

Тәуелсіздік – тірегім!

 

Қан менен қарғыс, қатыгездіктің төрінде,

Рух пен намыстың таразыланған белінде...

Кеңестің тауын жанартау сынды қақ бөліп

Тәуелсіздік атты жас жүрек келді өмірге.

 

Желтоқсан жыры. Ызғарлы алаң. Нұр сағым.

Бағасыз тарих қарт Алматының бұл шағы.

Мұзға өртеніп, аязға жанып толғатқан

Ақ жаулықты ана - Алатауымның құрсағы.

 

Ол  Қазақ еді, мың бірінші рет тірілген,

Құлагер тағдыр құламай жетіп дүбірден.

Құдайсыз күннің темір кісенін сындырып

Егеменді елдің ұланы болдым бүгін мен!

 

Сызат түсірмей сақтаған иман, сабырын,

Түнек түбінен әлемге шашып жарығын.

Елорда тігіп Бәйтерегімді көтеріп

Бәйтерек елім тереңге жайды тамырын.

 

Тай-құлыны ойнап, маңына қайғы жолатпай.

Қазаны қайнап, отауы берік одақтай,

Көкбөрі қазақ көк туын ілді төбеге

Түркі жұртының түп тектілігін жоғалтпай.

 

Мәңгілік елдің бақытқа толы той көші.

(Түсім бе екен деп ойлап қаламын кейде осы).

Дүние жүзінде қақтығыс, атыс, топан су,

Қазақстанымда бейбітшіліктің бейнесі!

 

Қыршыннан кеткен қыз-ұлдарымның киесі -

Дұшпан аңырап дүбарам қалды дүниесі.

Абыздар аңсап, даналар дұға жасаған

Бүгінгі ұрпақ - аңыз арманның иесі!

 

Қақ жарып өтіп мұң бодандықтың мұздығын,

Жарқырап нұрлы күн кешудеміз  біз бүгін.

Бабаларыма тағзым жасап тілеймін

Ілгері басып,

Жасай бер, Тәуелсіздігім!

 

 

Жұлдыздай аққан көктегі

(Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай батыр Серікбай Мүткеновке арнау)

 

Серікбай батыр,

Жарқын дидарың жүретін ашу танытпай,

Мейірімің сенің түнекке шашқан жарықтай.

Қатыгез тағдыр жазылған екен алайда,

Ақ маңдайыңа мамықтай.

 

Танк дүрсілі, бомбының даусы азанда,

Берекеңді алып, құлады үй, мазар да.

Туған жер үшін темір мылтықтан тайсалмай,

Бетпе-бет шықтың ажалға.

 

Отан, елім деп сан рет мұздадың, сан күйдің,

Балам бесікте үнін естір деп әлдидің.

Дұшпан алдында екіге бүкпей тізеңді,

Қасқайып тұрып жан қидың.

 

Серікбай батыр,

Ерлігің сенің әлі де үлгі, әлі жыр,

Өлімге сені қимағанмен халығың.

Құрсақтан шыққан пенденің бәрі - қабірлік,

Қамшы ғұмырдың заңы бұл!

 

Сұрапыл соғыс – зарлы заманның төккені,

Бақилық қылды баһадүрімді шептегі.

Дүниеден өтті дүниені мойындатқан ұл,

Жұлдыздай ағып көктегі...

 

Әмірге қарсы адамның бар ма амалы,

Жаспен жуылды, жанашыр елдің жанары.

Адырам қалсын, сен жайлы жазған сол күні,

Қаралы хаттың қаламы.

 

Ұмытпа ұрпақ!

Бұл күндер қалар жаңғырып,

Таң күліп атып, ғасырлар кетер қам қылып.

Батырдың бәрі бір оқтық болып туылған,

Ерлігі ғана мәңгілік.

 

Уақытта шек жоқ, тарихтың куә тау-тасы,

Бүгінгі заман – бейбітшіліктің ортасы.

Ұл-қыздарымың арқасын кеңге салуы,

Серікбайлардың арқасы.

 

Ақындар өкпелесе ...

 

Ақындардың сыртында сəнді жүріс,

Ақындардың ішінде бар құбылыс.

Сондықтан жүрегіне қаяу түссе -

Көше қаңғып кетуі заңдылық іс.

 

Өлеңнен басқа олардың жоқ қалқаны,

Ашуланса əр сөзі от тартады.

Ақындардың жүрегі қыздан нәзік,

Сəл ренжітсең - өмірге өкпе артады!

 

Сорым да, бағым, - дейді  қылыш тілін

Жанартаудай көреді жыр ұшқынын,

Кең дүниеге сыймайды кейде олар

Кеудесінің табам деп тыныштығын.

 

Ақынға ауыр қарудан сөз жарасы

Дертін білсең, үндеме, қозғамашы.

Қарапайым адамдар көре алмайтын

Өмірге басқа олардың көзқарасы.

 

Кете берер керуеннің қамсыз көші,

Ал олардың болмайды мəнсіз кеші.

Ақынның ішкі мұңын ұға алады

Қағаз бен қалам деген - жансыз досы.

 

 

Қасымның қасығы

 

Бес жасар ұл, тыныш жүрмей далада,

Еркелейді әкесі мен анаға.

Бай отбасы баяу келіп  үшеуі

Көшедегі кірді мейрамханаға.

 

Бала отыр қарап қолда мәзірге,

Не таңдайды, білмейді ол әзірге.

Ата-анасы қымбат тамақ сұратты,

Қағаз бенен қаламы бар уәзірге.

 

Әкелгені француздың тамағы,

Әйелінің қуануда жанары.

Қасым болса балмұздақты сұратып,

Қар жаудырды сүп-сүйкімді қабағы.

 

(Әкесі де ұрыспады, жуас-ты...)

Жемеймін деп дастарханда бұл асты,

Жас балақай жерге тастап қасығын,

Дауыл мінез танытып ед бір ашты.

 

Сәлден кейін, көлікке кеп, ауылға,

Атттанды олар туған-туыс бауырға.

Тәтті ұйқыға бата берді еркетай,

Тамшылап тұр терезеден жауын да.

 

              ***

Көзін ашса, аурухана, дәрігер,

Жол апаты, халаттылар әбігер.

Тәңір өзі өмір берді қайтадан

Жетім жанның бағы ма, әлде соры ма ол?

 

... Жеті ме әлде, сегіз жылдың арасы,

Уақыт жылжып,  келді күннің жаңасы.

Күні кеше балдай бақыт кешкен ұл,

Қайыр сұрап отыр міне, қарашы...

 

Сол көшеде, мейрамхана маңайы,

Өтіп жатыр адамдардың талайы.

Қолын созған кіре беріс түбінде,

Тек Қасымның ұсқынсыздау орайы.

 

Бай отбасы келді мейрамханаға

Жас балақай тыныш жүрмей далада.

Әкесінің тартқылайды балағын,

Еркелеуде жылы жүзді анаға.

 

Бақылады шығармастан Қасым үн,

Иісін сезіп үстелдегі асының.

Жас балақай жемеймін бұл асты,

Жерге қарай тастай салды қасығын.

 

              ***

 

Ешкім білмес, не сый келер Алладан,

Болашағын біліп жүрген бар ма адам?

Қасым отыр сол қасықтан көз алмай,

Үш күн бойы аузына нәр алмаған.

 

Қайтармайды құдай көңіл көктемін,

Осы сәтке қалай ғана жеткенім?!

Қасым ұқты,

қолындағы қасықпен,

Бақытының жерге түсіп кеткенін.