«Ғаламтор және әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны» атты пікірталас
28.04.18 ж. күні 8 «б» сыныбында «Ғаламтор және әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны» атты пікірталас өтті. Мақсаты – оқушылардың интернет туралы толық ой қалыптастыру, шығармашылыққа баулу, оқушылардың ой-өрісін дамыту, ізеттілікке тәрбиелеу. Сабақ барысында интернеттің пайдалы мүмкіндіктері: мәтін теру, әр түрлі есептер шығару, көлемді мәліметтер сақтау, көңіл көтеруге қолданылуы. Сонымен қатар электронды сәулелердің денсаулыққа тигізетін зиянды әсері радиация тәрізді бірте-бірте қосыла келе көбейіп отыратыны, оның адам жүйке жүйесіне әсер етуі, есте сақтау қабілеті нашарлауы, өмірге деген қызығушылығы азаю, жиі-жиі салқын тиіп, асқа тәбеті де нашарлауы.
Сайыс кезеңдері:
1) Компьютер мен ғаламтордың пайда болуы жайлы (1 жақтаушы, 2 даттаушы), 3 минуттан – 6 минут.
2) Ғаламтор досымыз ба, әлде жауымыз ба? (2 жақтаушы, 2 даттаушы), 3 минуттан – 6 минут.
3) Спикерлердің қорытынды сөзі (3 жақтаушы, 3 даттаушы), 5 минуттан – 10 минут.
4) Қорытынды сөз.
Дебатта «жақтаушы» және «даттаушы» тобының 3 спикерлері қатысты.
«Жақтаушы» тобының спикері: Біз бүгінгі дебатта сіздердің сұрақтарыңызға барынша жауап беруге тырысамыз. Біздің ұстанып отырған позициямыз «Ғаламтор керек, ол біздің өмірімізге қажет» Ғаламтордың пайдасы өте зор. Алдымен Ғаламторға анықтама берейік. Ол бүкіл ғаламдық тор, бүкіл әлемдегі миллиондаған компьютерлік желілерді бір-бірімен байланыстыратын орасан зор компьютерлік желі. Қазіргі уақытта кез келген информациялық технологияның жаппай техникалық компоненті компьютер болып табылатыны белгілі. Компьютерлік телекоммуникацияны пайдалану – алыстағы компьютермен диалогтық режимде немесе электрондық почта режимде жұмыс істеуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, электрондық почта өте қолайлы және аса қымбат емес. Кез келген адам күніне 6–7 сағат уақытын компьютер алдында өткізеді Қалаңыз, қаламаңыз, бірақ компьютерсіз жұмыс бітіру әсте қиын. Халықтың ақылды машина мен ғаламторды меңгеруі жұмысты да жеңілдетеді. Алысқа бармай үйде отырып-ақ біраз шаруаны тындырасыз. Осыны ескерсек, нық сеніммен «компьютер – біздің айнымас досымыз» деуімізге болады.
«Даттаушы» тобының спикері: Біздің қарсыластарымыз «Ғаламтор керек, ол біздің өмірімізге қажет, ғаламтор пайдасы зор» деп жатыр. Қазіргі таңда Ғаламтор әлемдік қауымдастықтың негізгі ақпараттық-коммуникациялық құралына айналып отыр. Бұл тұрғыда қарапайым халықтың күнделікті өмірдегі байланысқа деген қажеттілігі туралы айтпасақ та болады. Жаңа сен бір сөзіңде «компьютер – біздің айнымас досымыз» деуімізге болады деп айтып кеттің. Мүмкін дұрыс та шығар. Алайда, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, «ақылды машинаның алдында көп отыратын ересек адамдардың 92 % жұмыс соңында өзін нашар сезініп, шаршап- шалдығады екен. Дәрігер мамандардың айтуынша, олардың денсаулығына зор нұқсан келеді. Дәрігерлер «адамзаттың басына түскен дерт пен қауіп-қатердің түп-төркіні компьютерде жатыр» деген тоқтамға келген. Рас, бүгінде жас та, кәрі де монитордан көз алмайды.
Қазір адамдар қызмет орнында да, үйде де компьютермен жұмыс істей береді. Оның өмірімізге, кеңінен енгені соншалықты, бала біткен ойыншықпен емес, компьютермен ойнап, өзінің өміртанымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастырады. Қазіргі күнкөріс қамы мен заман ағымының күрделілігі, көптеген ата-аналар тәулік бойы балаларының тыныс-тіршілігіне бақылау жасай алмай, олар шектен тыс бейне монитордың алдында отырғандықтан денсаулығына зор зиянды әсер алады.