Президенттің бес әлеуметтік бастамасы
2018 жылдың 27 наурызда елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына жолдаған үндеуі мектеп ұжымына таныстырылды. Тарих пәнінің мұғалімдері Ж.Т.Кәрімжан мені Т.М.Сарсенов елбасымыздың атап көрсеткен бес бастамасын атап, жекелей тоқталып, мектеп ұжымына кеңінен түсіндірді.
«Елбасымыздың халыққа жолдаған Үндеуін ерекше ықыласпен тыңдап, толық таныстым»,- деп бастады, - «Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». «7–20–25» бағдарламасы. Елбасымыздың бұл бағдарламасы аясында несие өлшемінің мөлшерлемесі 7 пайыз болса, көптеген қазақстандық жас отбасыға баспаналы болу мүмкіндігі ашылуда. Арамызда пәтер жалдап жүрген жас мамандар бар. Бұл бағдарлама армандап жүрген пәтерге жол ашады. Сонымен қатар елбасымыз халықтың баспанаға қолжетімділігін бұрынғыдан да жеңілдетейін деп отыр.
Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысынан 1 пайыз ғана салық алынатын болады. Бұл - табысы төмен отбасылар үшін өте жағымды жаңалық. Қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жасалған қадам деп түсінеміз»- деп өз көзқарасын білдіріп, әр бастаманың халық үшін маңыздылығын атап өтті. Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту», бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бағыттарына да тоқталды. Жиынға қатысқан ұстаздар мен тәрбиешілер арасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Б.Касыбаева, мектеп директорының ғылыми –әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Г.К.Абитаева, еңбек пәнінің мұғалімі Б.Н.Асаиновтар өз ойларын айтып, «Елбасы бастамалары - отанымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың кепілі», - деп атап көрсетті.
Жас маман Т.М.Сарсенов: «Біз, жастар, бес әлеуметтік бағыттың жүзеге асырылуы үшін үлес қосамыз. Елбасының сенімді жас серіктері ретінде болашағымыз үшін бес әлеуметтік бастаманың нәтижелі орындалуына дайын болуымыз керек. Президентіміздің Үндеуін тарихшы ретінде сіздерге толық түсіндіріп, маңыздылығы мен мәнін ұғындыруды басты міндетім деп санаймын»,- деп өзінің баяндамасын аяқтады.
Елбасы Үндеуін тыңдап, Елбасы көрсеткен бағытпен жұмыс істеу, мүмкіндігімізше өз үлесімізді қосу — бәріміздің міндетіміз. Біз, зиялы қауым, ұстаздар ұжымы, елбасымыздың көрсеткен жолын ұстанып, алға қойған міндеттерді шешуде «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өзіміздің үлесімізді қосуға ат салысамыз. Елбасымыздың саясатын көп болып қолдап, жарқын болашаққа батыл бетбұрыс жасауымыз керек. Сол арқылы біз бағдардан айнымай, Мәңгілік Ел болуға қадам басарымыз анық.




