Ашық есік күні

2017 жылдың 14 желтоқсанында мектебімізде 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Ашық есік күні өтті. «Мұғалім мен оқушылар жетістігі», оқушылардың қолөнер бұйымдары көрмелері, мектеп мұражайына саяхат ұйымдастырылды.


Сағат 14.00-де «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігі қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті. «Қазақстан! Нұрсұлтан! Жас ұлан!» деп ұрандаған, жүрегінде жалыны бар белсенді оқушылар «Жас ұландар» құрамына мүшелікке қабылданды. Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелейтін және туған тілі мен дінін дәріптеуге, отандастарымыздың даңқты ерлігі, өнегесі негізінде ерлікке баулитын, сонымен қатар туған елінің жанашыр азаматы болып өсуіне зор ықпалы бар осынау ұйым балалар үшін маңызы айтарлықтай үлкен деп айтуға болады.
Сайдың тасындай іріктеліп алынған оқушылардың жанарынан білімге деген құштарлық пен болашаққа деген сенім көрінеді. Болашақта «Мәңгілік ел» тізгінін ұстайтын азаматтар бүгінгі «Жас ұлан» қатарына кірген оқушыларымыз екені анық. «Жас ұлан» ұйымына қабылданушыларға төсбелгісі және галстуктерді табыстау рәсіміне Павлодар облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәуенов Ернұр Нұрланұлы мен «Ертіс Дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Тұрсынов Ғажданбек Қуанышұлы қатысып, оқушыларды бүгінгі қадамдарымен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Сонымен қатар мектебіміздегі беделді ұстаздары, ата-аналар комитеті мен «Жас Ұлан», «Адал ұрпақ» мүшелері де бұл рәсімде белсенділік танытты. Жауапты: 7 «б»-сынып тәрбиешісі Мусабаева А.К.


Сағат 15.00-де «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбында салтанатты кеш өтті. Тәуелсіздік мерекесін ұлықтау, егеменді елдігіміздің маңызын білу, туған халқының тарихын құрметтеу мақсатында өткен шараға Ашық есік күніне келген қонақтар, ата-аналар, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер мен тәрбиешілер ұжымы және оқушылар қатысты. Мерекелік кешті мектебіміздің директоры Сүлейменов Жомарт Нұртайұлы ашып, оқушыларға бүгінгі кештің мәнін, «тәуелсіздік», «бостандық», «еркіндік» ұғымдарының тарихи маңызын түсіндіріп өтті.
Іс-шара барысында тәуелсіз Қазақстанды, атамекенімізді сүюге, қадірлей білуге үндейтін патриоттық әндер шырқалды. Домбыра оркестрінің орындауында «Балбырауын» күйі төгілді. «Айжан қыз» би тобы «Мереке» биін биледі. Мектебіміздің жас ақындары тәуелсіздік тақырыбында жазған өз өлеңдерін оқып, айтулы мерекеге орай жырдан шашу шашты. Шара барысында егемен еліміздің қалыптасуынан, бүгінгі шыққан биігі мен қол жеткен жетістіктерінен сыр шертетін бейне фильм көрсетілді. Оқушылардың орындауында егемендік пен бірлік жайында сөз еткен қойылым көрсетілді. Жауапты: тәрбиешілер Шаймерденова К.М., Исина Ж.М.




