«Туған жер – алтын бесігім» атты жекпе-жек айтыс
Ақындық дарын – Алланың берген өнері, талант – табиғат сыйы. Ақынды қалыптастыратын – айтыс. Жас ақындарды қалыптастыруда өңіріміздің алатын орны зор.
16 қарашада мектебімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен Семей және Павлодар қалаларының оқушылары арасында «Туған жер – алтын бесігім» атты жекпе-жек айтыс өтті. Айтысқа 10 оқушы (Семей қаласынан – 5, Павлодардан – 5) қатысып, 5 жұп құрады. Мектебімізден 11-сынып оқушылары Жанбау Марғұлан, Сарыбай Құдірет, 10-сынып оқушысы Абдраимов Ердәулет, 5-сынып оқушысы Асығатұлы Шыңғыс қатысты. Аламан бәйге нәтижесі бойынша екі қаланың жас айтыскерлерінен құралған топтар өзара жекпе-жек айтыста тепе-тең түсті.
Дүбірлі айтыста жас ақындарымыз мектебіміздің 55 жылдығына арнап жырдан шашу шашты. Жас ақындар өзара айтыста әлеуметтік мәселелерді көтере білді. Бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарды. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын айтыс сүйер қауым жас айтыскерлердің суырыпсалмалығына, тапқырлығына, ұлттық өнеріміздің кереметтілігіне көздерін жеткізгендей. Әсіресе, Асығатұлы Шыңғыстың өнеріне риза болдық. «Тұлпарды тай күнінен таны» деген халық даналығы бар. Халқымыздың төл өнері айтысқа түсіп, болашақта айтыс саңлағы болатын талантты да дарынды оқушыларымыздың бірі деп таныдық.
Оқушыларымыздың жас айтыскер ақын ретінде танылуына себепкер болған бапкер ұстаздары – республикалық ақындар айтысының жүлдегері, айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді халқымыз. Бүгінгі айтыс – осы тұжырымды ойдың дәлелі.







