АНА ТІЛДІ БІЛУ- ПАРЫЗЫҢ, ӨЗГЕ ТІЛДІ БІЛУ- АРТЫҚШЫЛЫҒЫҢ
Мектебімізде 8-12 ақпан аралығында «Ана тілді білу- парызың, өзге тілді білу- артықшылығың» атты үш тілде оқытатын пәндердің апталығы болып өтті. Апталықтың басты мақсаты- тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру, үш тілдік саясатын дамыту.
Қазіргі уақытта көп тілді білу аса маңызды. Ағылшын, француз, орыс, испан, араб, қытай тілдері - Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми жұмыс тілдері. Сондықтан әр жасөспірім өз болашағын қазірден бастап ойлап, жоспар құруы қажет және бір шет тілін меңгеруі міндет. Қазіргі заманда көптілділік көп ұлтты мемлекеттер мен өркениетті қоғамдардың бәріне тән. Көптілділік - әр мемлекеттің саяси экономикалық және мәдени рухани дамуына бағытталған заңды құбылыс.
9 ақпан күні салтанатты ашылу жиыны өткізіліп, апталықтың аясында өтетін іс-шаралар таныстырылды. «Үш тілді білу - жарқын болашақ кепілі» атты оқушылар арасында марафон ұйымдастырылды.
10 ақпанда өткізілген «Абайды оқы, таңырқа!» атты облысымызға танымал жыршы, әртіс Даниял Әсенұлымен өткен кездесу кешінің маңызы өте зор болды. Кеш дәріс түрінде өтті, жыршы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін үздіксіз бір сағат бойы жүрекке жеткізе, нақышына келтіре орындады. Отырған қауым рухани ләззат алып, көңілдері де, жан дүниелері де байып шыққандай ерекше әсерге бөленді. Осындай игілікті, тағылымды кештер жалғасын тапса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Апталық аясында өткен «Жеті жұрттың тілін біл, Жеті түрлі ілім біл!» атты мұғалімдер арасындағы сайыс өте қызықты әрі тартымды өтті. Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Лингво белсенділер» тобы, 2-орынды «Қырандар» тобы, 3-орынды «Ассорти» тобы иеленді.
Сонымен қоса, «Абайды үш тілде оқыту» бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кіріктірілген ашық сабақ өтті. Қазақ тілі және ағылшын пәндерінің мұғалімдері Абаева. А.Т. және Искакова Д.С. ұйымдастырған ашық сабақ өте жоғары деңгейде болды. Бұл сабақ беруші ұстаздардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
12 ақпанда апталықтың салтанатты түрде жабылу рәсімі болды. Іс-шараларға белсенді ат салысып, қызықты өтуі үшін өз үлестерін қосып, белсене жұмыс жасаған ұстаздар мен оқушылар марапатталды.
