Ұстаздар мерекесі
Күз мезгілінде аталып өтетін мерекелер ішіндегі ең ұлық та ұлағатты мерекенің бірі - «Ұстаздар күні». 29 қыркүйекте ұстаздар мерекесіне орай 11-сынып оқушыларының ұйымдастыруымен «Өзін-өзі басқару» күні өткізілді. «Өзін-өзі басқару» күні таңертеңгі сағат 7.30-да басталды. Оқушылар мектепке келген мұғалімдер мен тәрбиешілерді мерекелерімен құттықтап қарсы алды. 12 «а», 12 «б», 12 «в»-сыныптарына бөлінген ұстаздар оқушы ретінде мектеп партасына отырып, бір мезгіл шашқа ақ бантик, мойынға қызыл галстукті таққан балалық шақтың сағым күндеріне қайта саяхаттап барғандай әсер алды.
Ұстаздар күніне орай ардагер - ұстаздарға арналған мерекелік дастарқан жайылып, мектеп сахнасында оқушылардың қатынасуымен әсем ән әуеледі, тәтті күй төгілді.
Ұстаздар күніне арналған іс-шара сағат 14.00-де мерекелік концертпен жалғасты. Мерекелік концертте мектеп оқушылары әуезді әндері мен жалынды жыр жолдарын арнады. Ал «Айжан қыз» би тобы тартымды билерімен көпшілікті тамсандырды. Ұстаздар мерекесіне арналған бұл кеште мектебіміздің бірнеше жетістіктері бар әрі білікті де білімді мұғалімдері мен тәжірибелі тәрбиешілері облыстық және республикалық дәрежедегі арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
Мұғалімдер күніне орай ұстаздарының көңіліне қуаныш пен шаттық күйін ұялатқан мектеп оқушыларына алғысымыз шексіз.


