ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙТПАС ҚАЙСАР ҒАЛЫМЫ
2016 жылдың 18 қаңтар күні С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада тағдырдыңталай тар өткелдерінен сүрінбей өткен, әрбір әңгімесі бір-бір тарих, бар ғұмырын ғылымға арнаған, белгілі абайтанушы, көрнекті ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдығына орай «Қазақтың қайтпас қайсар ғалымы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Мектебіміздің 9 «б», 10 «а»-сынып оқушылары бұл тағылымды кештің куәсі болды. 9-сынып оқушысы Сейілхан Аманбол Қайым атасына тағзым ретінде «Екі жирен» әнін орындады.
Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай өлеңдерінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ. Абай тек ұлы ақын, ұлттық мақтанышымыз ғана емес. Абай – әлемдік тұлға, қайталанбас құбылыс, күллі адамзаттық цивилизацияға қосылған аса қомақты үлес. Абайдың ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге Қайым Мұхамедханұлы тікелей М.О. Әуезовтің ақыл-кеңесімен келген. Ғалымға Абайдың әдеби мектебіне ұлтшыл ақындарды енгізгені үшін «панисламшыл, пантүрікшіл» деген айып тағылып, сталиндік қуғын-сүргінге ұшырайды. Ақталып шыққаннан кейін зұлматқа ұшыраған «Абайдың ақын шәкірттерін» қолға алады. Өмірінің ең бір қиын сәтінен сүрінбей өтті. Бір үміт, бір қауіпте тағдыр таразысының сынында қасірет шегіп жүргендегі, жанына батқан қайғысы, жүректің қайғыға, жай ғана қайғы емес, отты қайғыға өртенуі, тірі жетім балаларын ойлап сағынып, қол ұшын беруге мүмкіндік жоқ дәрменсіздігі ақын Қайымның сезім сыры мен көңіл күйінің айғағындай. Қайым Мұхамедханұлы өзінің зерттеулері арқылы «Абай және абайтану ұғымдарының бір-бірінен ажырамас тұтастық екенін жадымызға сіңірді. Қайым Мұхамедханов қазақ халқы үшін ғылым-білімнің шамшырағы болған Абай Құнанбаевтың айналасындағы тәрбиеленуші ақын шәкірттерінің мол мұрасын, шығармаларын, өзінің білімділігінің, қайтпас қайсарлығының, қажырлы еңбегінің арқасында түбегейлі зерттеп, халыққа танытты.
Болашақ ұрпаққа ғалымның жарты ғасырлық еңбегі үлгі-өнеге болып қалады. Жастардың алдындағы зор міндет – абайтанушы, ұлтын сүюдің үлгісін көрсеткен Ұлы ұстаздың еңбегін келешек ұрпаққа жеткізу.
Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрес жолы. Біз үшін алдағы еңбек жолымызда тәуелсіз Қазақстанның азаматтарын арлы, намысты етіп тәрбиелеудің үлгі-өнегесі іспетті. Жас ұрпаққа берері мен тағылымы мол осындай іс-шаралар мен кештер көп болса екен...
Сонымен қоса, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған «Жемқорлыққа жол жоқ!» акциясына мектебіміздің 9, 10-сынып оқушылары қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Акцияның негізгі мақсаты - халқымыздың жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, сана-сезімінде оған деген көзқарасын өзгерту.
