Диана – ҚазҰЗУ-дың грант иегері
Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылы Қазақ Ұлттық Заң университеті мектеп түлектерінің арасында «Тәуелсіз Қазақстан» атты байқау өткізген болатын. Интеллектуалдық эссе байқауы дарынды жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Оның негізгі идеясы – мектеп оқушыларына еліміздің әйгілі университетінде тегін әрі сапалы білім алу мүмкіндігін ұсыну. Байқауға қатысушылар 2017 жылдың 5 наурызына дейін тақырып бойынша қазақ не орыс тілдерінде эссе жазып, университеттің ресми сайтына жіберу керек болатын. 1-турдан өткен соң, 28 наурызда өткен 2-кезеңде Қазақстан тарихы пәнінен сынақты тест түрінде тапсырды. Жалпы конкурс жеңімпаздарына барлығы бес грант бөлінді.
Осы дарындылардың бәйгесінде оза шауып келген 11-сыныптың оқушысы Қабдолла Диана өзінің білімін айғақтап, Астана қаласындағы еліміздің беделді білім ордасы Қазақ Ұлттық Заң университетінің грантын ұтып алды. «Еңбек түбі –жеңбек»- дегендей, тұғырлы жеңісің құтты болсын!

