Мақажан Несіпбайұлы Жылқыбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ұстазым- ұлағатым, үлгі-өнегем» атты салтанатты кеш
2017 жылдың 11 наурызында Ж.Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрында облыстық Білім басқармасы және Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты, мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен білім саласының ардагері, «Құрмет» ордені мен Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардақты ұстаз Мақажан Несіпбайұлы Жылқыбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ұстазым- ұлағатым, үлгі-өнегем» атты салтанатты кеш болып өтті.
Мерекелік кештің шымылдығын Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі Нұржан Сарқамбаев ашты.
Мақажан Несіпбайұлының табандылығы ұрпақ алдындағы, қоғам алдындағы қарызы мен парызын терең түсінуден, үлкен адамгершіліктен, текті тәрбиеден бастау алғаны мәлім. 16-17 жасынан ұрпақ тәрбиесіне араласуы ғұмырлық мақсатына кең жол ашып, алдына келген әр бүлдіршіннің жан дүниесін танып, азамат болып қалыптасуына себепкер болды десек, артық айтқанымыз емес.
Ұлы ұстаздың қуанышымен бөлісуге облыстық білім басқармасының басшысы Бексеитова Бахыт Мақанқызы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Балашов Андрей Борисович, қалалық маслихат аппаратының басшысы Куспекова Қорлан Маратовна арнайы келіп құттықтап, сый-сыяпаттарын жасады. Сонымен қоса, мектеп түлектері, ардагер ұстаздар, химия ғылымдарының докторы, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық иститутының ректоры Алтынбек Нұхұлы сынды зиялы қауым өкілдері мерейтой иесіне өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Елеулі еңбегімен білім беру саласында жарты ғасырдай уақыт қызмет жасап, ұлағатты істер атқарып келе жатқан, ойы өрелі, кеңесі келелі, намысы биік, ұстаздардың ұстазы атанған Мақажан Несіпбайұлының гимназияның ата-аналар қауымының алдында абырой-беделі асқақ. Оған дәлел – кезінде мектепті алғаш болып Алтын белгіге аяқтаған Мергенбаев Сержан деген түлектің ата-анасының Астанадан арнайы келіп құттықтауы. Тәлімгер-ұстаздың бала жанын түсінетіндігі соншалықты, әр баланың қас пен қабағына қарап, жанына үңіліп, ой тереңіне барлап, етене бауырына тартып, қабілетін танитын қасиеті ол кісіні елден ерекшелеп тұрады. Кешегі шәкірт, бүгінде Петропавл қаласының филормониясында әртіс болып қызмет ететін Самал Тәшенова «Сағым жылдар» әнімен шашу шашып, Мақажандай дара ұстазының алдында тағзым етіп, бас иді. Міне, кештің ең көңіл толқытар тұсы. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы шексіз сыйластық пен ұстазға деген махаббат...

Әрине, тамырлы еңбек, төккен тер, ұрпақ тәлімінің бейнеті зая кетпеді.
Мақажан Несіпбайұлы көптің сүйіктісіне айналып, білгір бапкер, ұтымды ұйымдастырушы, мейірбан ұстаз ретінде танылды. Аталған гимназия-
интернатта мектеп басшысы ретінде игілікті шаралардың бастауында тұрып, келелі істер тындырып, ел құрметіне бөленді.
Кеш барысында мектебіміздің «Айжанқыз» би тобы мың бұралған биімен баурап алса, 10-сынып оқушысы Сейілхан Аманбол «Ақбақай әнін орындап, талайды тамсандырды. Сонымен қоса, мектебіміздегі ақындар үйірмесінің шәкірттері Жанбау Марғұлан, Абдраимов Ердәулет, Сарыбай Құдрет, Сәулет Нұршапағат, Дайырбек Аяжан Мақажан аталарына жырдан шашу шашып, көңілдерге нұр септі. Салтанатты жиынның соңы мектеп ұжымының хорымен аяқталды.
Ұстаз күннің құдіретті сәулесіндей жан-жағына нұрын шашып, шуағын себетіндігі сияқты Мақажан Несіпбайұлының да бойында нағыз ұстаздыққа тән қасиеттер тереңнен орын алған. «Ұрпаққа ұялмай тарту ететін мұрамыз да, мұрағатымыз да осы болсын» дегендей, Мақажан Несіпбайұлы да ұрпаққа ұялмай еңбек жасап, болашаққа үлгілі із қалдырған ұлағатты ұстаз. Мектебіміздегі ұстаздар қауымы атынан Мақажан Несіпбайұлын мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтап, білім теңіздің әрқашан ақжелкен кемесі бола беріңіз деген ақ ниетті тілек білдіргіміз келеді.




