«ҰСТАЗЫМ - ҰЛАҒАТЫМ, ҮЛГІ-ӨНЕГЕМ» АТТЫ КЕЗДЕСУ КЕШІ
24 ақпанда гимназия-интернатта Жылқыбаев Мақажан Несіпбайұлының 80 жасқа толу мерейтойына арналған «Ұстазым-ұлағатым, үлгі-өнегем» атты кездесу кеші өтті. Кештің мақсаты-ардагерлер жолын үлгі ету, ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген ұстаз есімін келешек ұрпаққа таныстыру.
Мақажан Несіпбайұлы Жылқыбаев 40 жылдан астам саналы ғұмырын болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісіне бағыштады. Ұстаздық еңбектің қилы-қилы баспалдақтарының бәрінен өтіп, «бала бағбаны» атанған ұлы мамандықтың қиын қырларын меңгерген майталман ұстаз, білікті басшы атанды. Ұстаз 1962-69 жылдары №3 мектеп-интернатында аға пионервожатый, аға тәрбиеші және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1972-1982 жылдары мектеп-интернат, арнайы мектеп, балалар үйі саласы бойынша, Облыстық білім беру бөлімінде инспектор қызметін, №4 қосымша мектеп-интернатының директоры қызметін атқарды. 1986 жылдан 2007 жылға дейін Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының директоры қызметін атқарды. Мектеп басқару ісінен М. Несіпбайұлының сан қырлы сырын, істерінің көркем қырын аңғару қиын емес. Тазалық пен әдемілік, сымбат пен сыпайылық, мәдениет пен мейірімділік, адалдық пен арлылылық, инабаттылық пен икемділік – толып жатқан кісілік қасиеттерді бүкіл ұстаздар мен тәрбиешілер ұжымынан талап етті. Табандылық, адалдық, адамгершілік, өз ісіне берілгендік, қатаң талап қоюшылық – Мақажан Несіпбайұлының басты ерекшелігі.
«Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жылдық мерейтойы» медальдарымен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Павлодар қаласының Құрметті азаматы және Н.Ә.Назарбаев стипендиясының иегері, Қазақ ССР-інің Халыққа білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері атанған.
Ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілдері, мектептің жүрегі, ардагер ұстаздарымыз Нурумов Сержан Қинашұлы, Сембина Раиса Сембіқызы, Мұхтариханова Жанат Мұхтариханқызы, Серғазина Қорлан Мұқатайқызы кездесу кешінің қонақтары болып, жылы лебіздерін білдіріп, ұлағатты ұстаз өмірінен естеліктер айтылды.
Облыс көлемінде «Дәуірдің дара ұстазы» атты ақындар мүшәйрасы өткізілген болатын. Өңіріміздің дарынды жас өркендерінің өнерін паш етіп, өрнекті өлеңдерімен ұстаздың ерен істері мен қажырлы еңбегін дәріптеуді, еліміздегі дәстүрлі өнер жазба ақындықты кеңінен насихаттап, ана тілінің қадір-қасиетіне тереңдеу және ұрпақтан - ұрпаққа жалғауды мақсат етіп қойған ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын облысқа белгілі айтыскер ақын, қазылар алқасының төрағасы Шарманов Қуанышбек марапаттады.
Бас жүлде иегері Сарыбай Құдрет жырдан шашу шашса, Сейілхан Аманбол «Толғау» атты Жәнібек Кәрменовтің термесін нақышына келтіре орындап, таңдай қақтырды.
Сайып келгенде, тәрбиелік мәні зор, жас ұрпаққа берері мол шара болды.
