АЙБЫНЫ АСҚАҚ, ТҰҒЫРЫ БИІК – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН!
7-16 желтоқсан аралығында мектебімізде Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына арналған апталық болып өтті. Оқушылардың бойына туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтап, ұлтжандылылыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілген іс-шараларымыздың бастауы салтанатты жиынмен ашылды. Апталықтың жоспарымен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жапарова Кәмшат Мүбараковна таныстырды. Оқушыларға танымдық бейнежазба көрсетіліп, 24 жыл ішінде қол жеткен жемісті жетістіктер баяндалды.
5-11-сыныптарда «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты тәрбие сағаттары өткізілді. Жалпы мақсат - оқушылардың бойына Қазақстанның өткені мен бүгінін салыстыра отырып, еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана-сезімдерін оятып, Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұтуға, өнеге алуға тәрбиелеу.
Сонымен қоса, Тәуелсіздік үшін күрескен ерлерді ардақтап, құрметтеу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында 8-10-сыныптар арасында «Мен елімнің ұланымын!» атты әскери-патриоттық спорттық сайысы өз деңгейінде әрі қызықты өтті. Сайыс сап және ән байқауы, автоматты бөлшектеу және жинау, оқжатарды оқтау жаттығуы, кермеде тартылу, газтұмылдырық қию, аяқтың көмегенсіз арқанға өрмелеу, кеудені жерден көтеру, қолды бүгіп жазу секілді бөлімдерден тұрды. Бұл іс-шараға алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы Ақжолов С.К. жауапты болды.
«Тәуелсіздік-тал бесігім» атты шығармалар байқауы ұйымдастырылып, қабырға газетіне үздік туындылар шығарылды. Асаинов Б.Н. жетекшілігімен сурет көрмесі ұйымдастырылып, тарих пәнінің мұғалімдері «Желтоқсан жаңғырығы» атты дөңгелек үстел өткізді. Жеңімпаздар мен үздік номинация иегерлері мектепішілік лездемеде марапатталды.
16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай мектебімізде «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына кезекті мектеп оқушыларын салтанатты түрде қабылдау рәсімі болды. Төртінші жыл қатарынан дәстүрлі ұйымдастырылып отырған бұл шара осы жолы да өз қатарын толықтырды. Биыл 61 оқушы «Жас Ұлан» атанды. «Жас Ұлан» қатарына қабылдау құрметі мектебіміздің беделді ұстаздар қауымына тапсырылды. Бұған қоса, «Жас Ұлан» ұйымының анты қабылданып, ережелері таныстырылды. Жиын соңында метебіміздің директоры Сулейменов Жомарт Нұртайұлы және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахметова Гүлзина Қабдрахманқызы «Жас Ұландықтарға» ақ жол тілеп, батасын берді.
Апталық соңы «Айбыны асқақ, тұғыры биік- Тәуелсіз Қазақстан!» атты мерекелік кешпен тәмамдалды. 10 «б»-сыныбы және тәрбиеші Аусагатова В.А. ұйымдастырған кеш өте жоғары деңгейде, өз мәнінде өтті. Келген ұстаздар қауымы мен оқушылар алғыстарын жаудырды. 9-сынып оқушысы Абдраимов Ердәулеттің орындауындағы «Желтоқсан желі» әні бір сәт желтоқсан құрбандарын көз алдымызға елестетіп, көзге еріксіз жас іркілді, ал мың бұрала билеген «Айжан қыз» тобының биі көрерменнің көңілінен жол тапқандай. Оқушылардың «Тәуелсіздік шежіресі» атты әдеби монтажы көпшілік көңілінен шықты. «Ұлдар» тобының орындауындағы би жиылған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағандай. Сонымен, кеш 9-сынып оқушысы Сейілхан Аманболдың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!
