Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Жылқыбаев Мақажан Несіпбайұлы

Жылқыбаев Мақажан Несіпбайұлы

     Жылқыбаев Мақажан Несіпбайұлы – 16.03.1937ж. Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандығын тәмамдады. Өзінің еңбек жолын 1957-1958 жылдары Чернорецк балалар үйінен бастайды. 1958-1962 жылдары Павлодар қаласындағы №9 орта мектепте аға пионервожатый қызметін атқарады. 1962-1966 жылдары №3 облыстық қазақ мектеп-интернатында аға тәрбиеші қызметін атқарады. 1966-1972 жылдары Красноармейка мектеп-интернатында оқу-ісінің меңгерушісі болып істейді. 1972-1982 жылдары мектеп-интернат, арнайы мектеп, балалар үйі саласы бойынша Облыстық білім беру бөлімінде инспектор қызметін атқарады. 1982 жылы Павлодар қаласындағы №4 қосымша мектеп-интернатының директоры қызметіне тағайындалды.  1986 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының  директоры.  Бар саналы өмірі мен еңбегін тек бала (ұрпақ) тәрбиелеу ісіне бағыштаған ұстаз-басшы бұл күнде облысқа, республикаға ағарту саласында  өзінің мол тәжірбесімен, еңбегімен танымал.

     Ұстаз 40 жылдан астам өмірін болашақтың ұрпағын тәрбиелеу ісіне бағыштады. Ұстаздықтың қилы-қилы баспалдақтарының бәрінен өтіп, “адам мүсіншісі”, “бала бағбаны” аталған ұлы мамандықтың сан сырын, қиын қырын түгелдей толық меңгерген майталман ұстаз. Ұстаздың бұлай сатылай өсуі жемісті табыстарға жол ашты: ұстаздың біліктілігі мен білімі, іскерлігі мен ұйымдастыра білу шеберлігі педагогтік ұжымдарды шебер басқарып, ұжым еңбегін елге таныта білуге жетеледі.

     Мақажан Несіпбайұлы 45 жылдай ұстаздығымен қатар мектеп басқару ісінің майталманы, үлгілі ұйытқышысы  атанып, мемлекеттік деңгейдегі лауазымды наградалар мен атақтарға ие болды. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ұстаз, Ел президенті Н.Ә.Назарбаев стипендиясының, 1983 жылдың ҚазССР  «Оқу ағарту ісінің үздігі» төс белгісі, 1991 жылы «Еңбек ардагері», 2001жылы «Құрмет белгісі» орденінің иегері, 2008 жылы «Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісімен», 2012 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапатталды.

     Өзі басқарып отырған  (20 жыл) білім ұясын заман талаптарына сай мәртебелі әрі абыройлы білім шаңырағына айналдыра білді. Ол басқарған білім шаңырағында ұлт интеллигенциясын тәрбиелеу мәселесі басты басымдық бағытпен жүргізілді. Өмірге тұғыр іспетті білім мен білікті маман деген нысанды берік ұстанған мектеп басшысы ұстаздар ұжымының біліктілігін арттырып, сапалы білім беруіне бар жағдайды тудырып отырды. Білім ордасында ғылым негізіне  сүйенген әрі ойын дамытуға талаптанған, оның сырын ұғуға тырысқан болашақ ұрпақты тәрбиелеу-басты меже.

     Іскер, білікті басшы  Мақажан Несіпбайұлы еліне, ұрпағына сіңірген еңбегімен еліне жүрек  жылуын,  жақсылықтың  шапағатын шашып жүрген үлкен парасат иесі.