Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...
Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру, ой еңбегінің беделін арттыру, республикалық, халықаралық конкурстарға ең талантты және дарынды жас зерттеушілерді іріктеу мен дайындау бағыттағы жұмыс түрлері жүйелі жолға қойылып, оқушылардың жеке тұлғалық, дарындылық қасиеттерін дамыту үшін көптеген жағдайлар жасалған. Сонымен бірге оқушылармыз «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін «Жас ғалым», «Жалын», «Талапкер», «Шығармашылық шеберлер» мектептеріне, сондай-ақ әртүрлі үйірмелер мен жоғары оқу орны ғалымдарының сабақтарына зор қызығушылықпен қатысады. Облыстық ғылыми жобалар сайысына өздерінің зерттеу жұмыстарын ұсынған 8-11-сынып оқушыларының басым көпшілігі жыл бұрын ғылыми жетекшілерімен бірлесе отырып тақырыбын таңдап, жоспар құрып, жұмыстарын бастайды. Пән мұғалімдері оқу жылы бойы және жазғы демалыс уақытында қашықтықтан байланыс орнатып, белгіленген бағдар картасы бойынша оқушылардың зерттеу жұмысын ұйымдастырып, әкімшілік тарапынан өтетін мерзімді кәсіби әңгімелесулерде жұмыс барысы жайлы есеп беріп отырады. Облыстық кезеңге дейін дайын жоба жұмысы мектепішілік, аудандық, сараптамалық іріктеулерден өткізіледі.
Ағымдағы жылдың 6 желтоқсан күні Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында 8-11-сынып оқушылары арасында республикалық ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңі өтті. Мектебімізден жаңа оқу жылының басында барлық бағыттар бойынша 38 ғылыми жоба тіркеліп, іріктеу барысында ғалымдардың оң пікіріне иеленген 23 оқушының 16 жұмысы облыстық кезеңге жолдама алды. Осы байқау қорытындысы бойынша 10 ғылыми жоба жұмысы үздік танылып, 14 оқушымыз жүлделі орындар қатарынан көріне білді.
Атап айтқанда, 11«б»-сынып оқушысы Макишева Гаухар «Этномәдениеттану» секциясы бойынша I орын (жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Мұхтар Д.Б.), 9 «б»-сынып оқушылары Негманова Диана, Изюмская Жанна I орын «Тіл білімі» секциясы бойынша (жетекшісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Байдарбесова Қ.М.), 11 «а»-сынып оқушысы Абаев Диас «Химия» секциясы бойынша II орын (жетекшісі химия пәнінің мұғалімі Абдыкаримова Р.М.), 10 «а»-сынып оқушысы Олжатаев Қуаныш «Адам және қоғам» секциясы бойынша II орын (жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Мұхтар Д.Б.), 10 «а» сынып оқушысы Маратова Аймера «Тіл білімі» секциясы бойынша II орын (жетекшісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мукаева С.М.), 11 «а»-сынып оқушылары Сейфулла Алуа, Смаилова Гүлден «Адам және қоғам» секциясы бойынша II орын (жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Кәрімжан Ж.Т.), 8 «б»-сынып оқушысы Жұпаргүл Назерке, Айнұр Жұпаргүл «Өлкетану» секциясы бойынша ІІ орын (жетекшісі география пәнінің мұғалімі Хасенова С.М.), 10 «б»-сынып оқушысы Камеш Кәмшат «Тіл білімі» секциясы бойынша III орын (жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахметова Г.Қ.), 11 «б»- сынып оқушысы Рахимжанова Әнел «Тарих» секциясы бойынша III орын (жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Мұхтар Д.Б.), 11«б»-сынып оқушылары Сарсембенова Карина, Бесеенова Саида «Тіл білімі» секциясы бойынша III орын (Байдарбесова Қ.М.) иегерлері атанып, мектеп абыройын асқақтатты.
Қазіргі таңда атаулы білім ұясы - тәлім алушы жас жеткіншектерге тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, ғылыми жетістіктерді бағындыруда, ұлтына қызмет ету жолында өзіндік дара тарихы бар білім мекемесі. Мектеп қоғам өзгерістеріне төтеп беріп, жүйелі өсу динамикасымен ауқымды жұмыс атқарып, қажырлы еңбек пен іскерлікті талап ететін, нәтижеге бағытталған ауқымды шараларды жүзеге асыра біледі. Жүйелі жасалған жұмыстың нәтижесінде білім ордамыздың ғылыми қоғамы «Мамандандырылған мектептер арасында үздік ғылыми қоғам» номинациясымен марапатталды.
Аталған жетістіктер – еліміздің білім беру жүйесінің басым бағыттарын іске асырып, оқыту технологияларын заманауи талапқа сай жетілдіріп, әр оқушының тұлғалық қасиеттерін, олардың мүмкіндігін ашу, өздігінен шешім қабылдай білу дағдыларын дамыту әрекеттерін ұйымдастыра алатын педагогтер ұжымын қалыптастырған. Сондай ұстазымыздың бірі тарих пәнінің мұғалімі Мұхтар Дастан Бекболатұлы осы сайыста «Оқушылардың ғылыми қоғамының үздік жетекшісі» номинациясына лайық деп танылды. Дастан Бекболатұлы алтын ұямыздан қалықтап ұшқан түлектеріміздің бірі, жас болса да, көрген-түйгені мол маман. Ол үздік ізденіс үстінде педагогикалық көзқарасы мен өзіндік ұстанымы қалыптасып келе жатқан, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие бере білетін, олардың рухани қажеттіліктерін толыққанды өтей алатын, сұранысына сай білікті дарыта білетін ұстаз. Екі жылдық ұстаздық қызметі ішінде шәкірттері бірталай облыстық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарында биік асулардан көріне білді. Былтырғы жылы республикалық олимпиадада тарих пәнінен Қабдолла Диана алтын медаль иеленсе, биылғы жылы «Зерде» сайысында да Олжатай Нұрсая, Дюсенбекова Аяулым, Люлят Ескендір сияқты шәкірттері жүлделі орындарды иеленді. Бұл жетістіктердің барлығы жас маманның қажырлы еңбегінің жемісі. Бүгінде болашақ бағытын бағдарлап алған Дастан Бекболатұлы мектеп бітіруші түлектердің функционалды сауаттылығын арттыруға арналған «Қазақстан тарихы» пәнінен жұмыс дәптерін құрастырды. «Ұстаздық – ұлылық» деген ұстанымды ұстанған жас маман бар күш-жігерін ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағыттауда.
Осындай ұстаздары бар гимназия-интернатының егемен елдің білімді де, өрелі де өнерлі, дарынды да талантты ұрпағын тәрбиелеудегі еңбегі зор. Түлектерге азаматтық, патриоттық тәрбие беруде, ұлттық дәстүрлерді сыйлауда, рухани тәрбие беру жолында ерінбей еңбек етіп келеді. Киелі Кереку өңірінің қара шаңырағы – еліміздің одан әрі дамуына әлі де үлес қосатын алтын ұя...