Қазіргі заман қаһармандары
Павлодар қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Қазіргі заман қаһармандары» атты республикалық акциясы аясында мектебімізде полиция қызметкерлері Алпысбеков Серікбек Олжабекұлы, Алиев Мақсат Артықбайұлы, Қартбаев Нұрсұлтан Айдынғалиұлымен кездесу кеші өтті. Шара мақсаты – қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру, ішкі істер органдарының жеке құрамын ерлік, патриоттық пен адамгершілікке тәрбиелеу.


«Полиция қызметкерлерінің алдына қойылған міндет-талаптар мол. Ел сенімін ақтап, абырой мен ардың биігінен төмендемеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Ішкі істер министрлігі алдында жаңа міндеттер жүктеді. Бұл міндеттердің алдыңғы қатарында – қылмыспен күресті жетілдіру, қоғамда ұсақ құқық бұзушылыққа қарсы нөлдік төзімділік қағидасын қалыптастыру, ішкі істер органдарының қоғамға ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тұр. Біз қызметтік міндеттерін адал атқарып қана қоймай, кей сәттерде қылмыспен күрес жүргізуде жанын қиюдан да жасқанбайтын жігіттермен мақтана аламыз. Иықтарына таққан погонға дақ түсірмей, абыроймен алып өткен сақшыларды жас ұрпаққа үлгі тұтамыз», – деді Қартбаев Нұрсұлтан Айдынғалиұлы.
Егеменді еліміздің тарихында, оның ішінде, ел тыныштығының алдыңғы қатарында тұрған қазақстандық полиция жылнамасында нағыз ерлік пен батырлықтың мысалы аз емес. Өкінішке орай, олардың арасында қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмған, бейбіт халықтың тыныштығын күзетемін деп жанын қиған елжанды азаматтарымыз да бар. Батыр Бауыржанның: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген жүрекке жігер берер жалынды сөзі бар. Қоғам тыныштығын сақтау жолында қаза болған бұл жігіттердің жігер-намысын, ары мен ұятын жалын шарпыған жоқ деп білеміз», – деп ағынан жарылды Мақсат Артықбайұлы. Ел тыныштығы үшін жандарын қиып, анттарына адалдық танытқан асыл азаматтардың бейнесі отаншылдықтың нақты үлгісі болып қалары сөзсіз. Ердің ерінің ғана қолынан келетін қадамға барып, бейбіт күнде жасаған батырлықтары болашақ ұрпақ жадында мәңгі сақталары да сөзсіз.
«Патриотизм рухында тәрбиеленген ұрпақтың арқасында ғана мықты мемлекет пен берік қоғам құра аламыз. Полиция қызметкерлерінің жұмысы қиын, қауіпке толы. Алайда, қиын сәтте олар марапат-мақтау үшін емес, ең алдымен ел тыныштығы үшін бастарын қатерге тігіп, кейде жандарын құрбан етуге де даяр», – деді өз сөзінде полиция қызметкері Серікбек Олжабекұлы.



Тәуелсіздік тарихында әр саланың өз үлес-салмағы болары анық. Соның ішінде, ел тыныштығын күзетуде алғы шепте тұратын тәртіп сақшыларының қызметі бір бөлек, көтерер жүгі салмақты, жауапкершіліктері ауыр. Бір ғана басты міндет – осынау аңсай жеткен тәуелсіздікті баянды ету – отандық сақшыларға жүктелген абыройлы іс.
Ең асыл қазынамыз – бірліктің жолында, елдің тыныштығын қамтамасыз етудегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбектері орасан зор. Халқымыздың берік қорғаны, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың сенімді тірегі бола білген де солар. Мұны ешкім даулай алмайды. Себебі, елдің қырағы қорғаушылары оны ісімен, ерліктерімен дәлелдей білген. «Бүгінгі күннің қаһарманына» жиналған жұрттың жанарынан бір ортақ ойды оқуға болады, ол – ел игілігі үшін әділ әрі аянбай еңбек етіп келе жатқан полиция қызметкерлерінің ерлігі өткен шақта айтылмаса екен деген риясыз тілек. Намысты қолдан бермей, сын сәтте сүрінбеген боздақтардың есімі лайықты дәріптелсе, өр ісі өз деңгейінде бағаланса деген ниет те бар.
Батыр ұлдарымыздың бірі Бауыржан Момышұлының: «Алыпты алып қана арқалайды» деген жақсы сөзі бар. Бүгінгі күннің батырларын ұлықтай білу де – іріліктен туатын игі іс. Ендеше, бейбіт күннің батырларын елге дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге тұту, олардың ерлігі пен өрлігіне тағзым жасау да ұлы іс.
