«Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» қалалық байқауы
2016 жылдың 28 қазанында Естай атындағы Мәдениет сарайында Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты дәстүрлі қалалық байқауы өтті.
Байқауда жас ақындар өлең-жырдан сайысқа түсті. Сайысқа қала мектептерінің оқушылары мен лицей-колледждердің, ЖОО студенттері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығын насихаттау. Байқауға әдеби шығармашылық қабілеті бар 38 талапкер тапсырыс беріп, ақтық сында 22 үміткер өнер көрсетті. Жастар ақынның «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдарынан сахналық көрініс қойып, «Кедей», «Адасқан өмір», «Айтыс», «Таныстыру» секілді поэмаларынан үзінді оқыды. Сайыскерлер ақынның 15 өлеңін жатқа оқып, қойылған сауалдарға жауап берді. Байқау нәтижесінде мектебіміздің 6‑сынып оқушысы Ахметова Шолпан «Үкілі үміт» номинациясына ие болды. 10‑сынып оқушысы Токибаева Лаура Алғыс хатпен марапатталды. Шара жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жүлдегерлер мен олардың жетекшілері Торайғыр ауылына саяхатқа шығып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың зиратына барып, рухына тағзым етті. Сонымен бірге С.Торайғыровтың мұражайын аралап, ақын атындағы орта мектепке аудандық және ауылдық С.Торайғыров оқуларының жеңімпаздарымен кездесті.

