«ӨНЕР, БІЛІМ–БӘРІ ДЕ ОҚУМЕНЕН ТАБЫЛҒАН...» АТТЫ МЕКТЕПАРАЛЫҚ ЫБЫРАЙ ОҚУЛАРЫ
Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында ағартушы, педагог, жазушы, қазақ даласына білімнің шамын жаққан Ы. Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойына байланысты «Өнер, білім– бәрі де оқуменен табылған...» атты мектепаралық Ыбырай оқулары 2016 жылдың 18 қазан күні өткізілді.
Іс-шарамыздың мақсаты: Дала қоңырауы атанған, ұлтымыздың ұлы ұстазы, кемеңгері туған елінің тұңғыш педагогы, халықтың тұрмыс-тіршілігін тереңнен ойлаған, салтын құрметтеген, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасын оқи отырып, рухани байлығымызды арттыру, баба өсиетін жүрегімізге тоқу, түсіну, түйсіну.
Қазылар алқасының құрамында Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Кәріпжанова Гүлназ Төкенқызы, облысқа танымал айтыскер акын Тұрғанбек Асығат Сәулетұлы, ҚР Оқу ісінің үздігі Байғалова Мәпруза Жармағамбетқызы, Жастар бастамаларын дамыту орталығының қызметкері, жас ақын Мақсатхан Алтынбек болып, сайысты әділ түрде бағалап отырды. Байқаудың сарапшылары үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына, орындаушылық қабілет-қарымына, тіл көркемдігіне назар аударылды.
5-8-сынып оқушыларының арасында ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу талабы бойынша «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар...» бөлімінде 1-орынды дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 6-сынып оқушысы Нығметулла Камила, 2-орынды облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Рамазан Айғаным, 3-орынды «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 5-сынып оқушысы Тоқтыбаев Дәулетқали иеленді.
«Үміт еткен көзімнің нұры-балам...» бөлімінде Ыбырай Алтынсаринге арнап өлең жазу талабы бойынша 1-орынды дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 7-сынып оқушысы Жанатова Асем, 2-орынды Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 5-сынып оқушысы Сәулет Нұршапағат, 3-орынды облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Ферімхан Арқалық қанжығасына байлады.
«Ы. Алтынсарин - ұлтының ұлы перзенті» бөлімінде «Ыбырай мұралары - ұрпақ игілігі», «Ы.Алтынсариннің табиғат лирикасы», «Ы.Алтынсарин шығармалары - тәрбиенің алтын діңгегі» тақырыптарында эссе жазу бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, 1- дәрежелі дипломмен Дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінің 8-сынып оқушысы Шаймардан Дана, 2- дәрежелі дипломмен облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 6-сынып оқушысы Нуртазинова Сания, 3 дәрежелі дипломмен «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 7-сынып оқушысы Ахын Балжан марапатталды.
Ыбырай оқуларының барлық бөлімдері шартына сай өткізілді. Әр кабинеттерде болған сайыс түрлері өз деңгейінде өтті, оқушылар өте қызығушылықпен қатысты. Сол себепті ақын-жазушы шығармашылығын сүйіп оқитын, зерттейтін, жырлары мен әңгімелерін жаттайтын шәкірттер барына риза болыстық.
Ы.Алтынсариннің мұрасын, туған елі үшін жасаған игі ісін білу, құрмет тұту – толассыз, тоқтаусыз құбылыс. Себебі Ы.Алтынсаринді тану - өзін мәдениетті, білімді санайтын әрбір азаматтың парызы. Ұлы ағартушының мұрасы - біз үшін өте бағалы қазына.




