«8 тезистің сабақтағы көрінісі» тақырыбы бойынша әдістемелік күн
«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі мемлекетіміздің білім саласы ұстаздар қауымына үлкен күш артатыны бәрімізге мәлім. Ұстаздардың өз ісін жоғары деңгейге жеткізуге, кәсіби сауаттылығын шыңдауға ұйтқы болатын әдістемелік жұмыстың қажеттілігі бүгінгі таңда ерекше орын алып отыр. Жас мамандарға жаңалықты дұрыс түсініп, өз әрекетін күн талабына сай жоспарлауға бағыт-бағдар беру, көмек көрсету - біздің негізгі міндетіміз.
2016-2017 жылдың жоспарына сай 12 қазанда жас мамандарға арналған «8 тезистің сабақтағы көрінісі» тақырыбында әдістемелік күн өткізілді. Тәжірибелі мұғалімдерден тәлімгерлер бекітілді. Тәлімгерлердің жоспары оқу жылының басында бекітіліп, жұмыс жүргізілуде. Мақсаты – жас мамандарды қазіргі өмір талабына сай, нәтижеге бағдарланған, білім берудегі жаңашыл қызметте жаңа технологиямен жан-жақты іздену арқылы еңбек етуге үйрету, іс-тәжірибемен алмасу, әдістемелік көмек көрсету.
«Мәліметтерді енгізу және шығару» тақырыбында 2 деңгейлі информатика пәнінің мұғалімі Д.К.Кенжебаева, «Грамматика и морфология. Самостоятельные части речи» тақырыбында орыс тілі пәнінің 3 деңгейлі мұғалімі Қ.Қ.Бекенова, «Ішкі секреция бездері. Гормондар. Гипофиз» тақырыбында биология пәнінің 3 деңгейлі мұғалімі Ш.Ж.Асанова, «Бернулли теңдеуі» тақырыбында физика пәнінің 3 деңгейлі мұғалімі Б.М.Жумабекова ашық сабақтар өткізді. Ашық сабақтар барысында ынтымақтастық және бірлескен жұмыс, диалогтық оқыту, СТО, АКТ, оқытудағы басқару және көшбасшылық, т.б. белсенді әдіс-тәсілдер пайдаланылды.
Әдістемелік күн аясында «Парасат» жас мамандар мектебінің жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абаева Алмагүл Тұрлыханқызы жас мамандарға портфолио толтыру, өз білімін жетілдіру бойынша сұрақтар, сабақ беруде қолданылатын технологиялар туралы әдістемелік бағыт-бағдар берді.
Кезінде ұлы ғұламалардың бірі «Баланың бақыты – жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл қанатты сөз ешқашан өзінің мәнін жойған емес. Сондықтан ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың болашағы бірінші кезекте мұғалімнің берген білімі мен тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты.










