"Үздік авторлық бағдарлама" республикалық конкурсының қорытындысы
2016 жылдың 12-13 қазан күндері «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Алматы қаласындағы «Алатау» шипажайы базасында дәстүрлі «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсы өтті. Сайыс мақсаты – педагогикалық мамандықтың мәртебесін көтеру, дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдары мұғалімдерінің инновациялық-педагогикалық қызметін, кәсіби шеберлігін дамытуға ықпал ету.
Қоғамның қазіргі даму жағдайында Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдырудағы білім беруге қойған мақсатын іске асыруда мұғалімнің рөлі айрықша. Қазіргі уақытта білім берудің сапасына, мұғалім еңбегінің тиімділігіне және жағдайының жақсаруына ерекше көңіл бөлінуде.
Конкурсқа жұмыстары екінші іріктеу кезеңінен өткен облыстық білім басқармасы мен дарынды балалармен жұмыс жасайтын аймақтық ғылыми-практикалық орталықтарының өкілдері, дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты. Конкурстың алғашқы сатысында еліміздің барлық аймақтарынан 309 жоба ұсынылды, оның ішінде 65 командалық жұмыс. Сараптау комиссиясының шешімі бойынша 171 жоба, оның ішінде 40 командалық жоба қорытынды кезеңге жолдама алды.
Конкурста әртүрлі бағыт бойынша педагогтер 9 секцияда жұмыс жасады. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Өз ісінің шебері» номинациясымен математика пәнінің мұғалімдері Каирова Лаура Кажкеновна және Ергалиева Ментай Советовна марапатталды. Қажырлы еңбектің жемісін көре беріңіздер!

