«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында ерекше форматтағы «ALTYN TIME» Жанды кітапханасы өтті
8 қараша күні «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында ерекше форматтағы «ALTYN TIME» Жанды кітапханасы өтті. Бұл шара – белсенді жасөспірімдерді және тәжірибесімен бөлісуге дайын өңіріміздің талантты тұлғаларын табыстыратын бірегей платформа.
Жанды кітапхана форматының ерекшелігі – қонақтар дайын баяндама емес, шынайы өмірден алынған оқиғаларды, жеңіс пен жеңілістен тұрған тәжірибені, еңбек пен жігердің тарихын өз иелерінен тыңдайды. Әр қатысушы өмір жолы арқылы кітапқа айналған жастармен тікелей сұхбаттасып, сұрақтарын қойып, мотивация алды.
Шараның кейіпкерлері – «5 жанды кітап»
Биылғы үздіктер арасында өңіріміздің мақтанышы саналатын бес жасөспірім бар:
* Қасымов Бекзат – екі дүркін бокстан облыс чемпионы, республикалық турнирлердің жеңімпазы.
* Қасимов Данат – халықаралық робототехника әлеміндегі Қазақстанның мақтанышы, Хьюстонда өткен әлем чемпионатының кубок иегері.
* Жанаспаева Дария – робототехникадан облыстық, республикалық, халықаралық бәйгелердің абсолютті чемпионы.
* Әлиев Диас – UNICEF және БҰҰ волонтері, SDG клубының белсендісі.
* Баршынбай Мейіржан – республикалық айтыстардың жеңімпазы, жас ақын.
Әр 10 минут сайын спикерлер жаңа топқа ауысып, әрбір қатысушы барлық бес тұлғамен жеке сөйлесуге мүмкіндік алды. Бұл формат жастарға тек ақпарат емес, нақты тәжірибе, шабыт және жаңа көзқарас сыйлады.
Шығармашылық атмосфераны қағазға түсірген шебер
Іс-шара барысында орталықтың ерекше алаңы – бейнелеу өнері студиясы жұмыс істеді.
Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Тулеев Тұрар Түсіпұлы шараның атмосферасын қағазға түсіріп, әр спикерге арнап эксклюзивті портрет дайындады. Бұл – қатысушыларға да, кейіпкерлерге де ұмытылмас сый болды.
ALTYN TIME – шабыт пен серпіліс алаңы
Жанды кітапхана жастар қауымдастығы үшін жаңа формат қана емес, ойлануға, мотивация алуға және өз жолына деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік беретін ашық алаңға айналды.

