Ы.Алтынсарин атындағы дарынды
балаларға арналған

облыстық қазақ гимназия-интернаты

Қаз Рус

Гимназиядағы кездесу

Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты 1962 жылы ашылған еді. Содан бері мыңдаған түлек ұшырған білім ұясының педагогтар ұжымы мен оқушылары 60 жылдық мерейтойды жоғары деңгейде өткізуге қызу дайындалуда. Атап айтқанда, гимназияда түрлі іс-шаралар бағдармалары белгіленіп, жобалар мен жұмыс жоспарлары жасалған. Солардың бірі – «60 жылдықта – 60 кездесу» жобасы. Бұл шараға айтулы еңбегімен, терең білімімен, асқан өнерімен есімдері елге танылған бұрынғы түлектер шақырылады. Жобада көзделген мақсат: еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың өмірбаяндары мен еңбек жолдарын оқушыларға таныстыру арқылы олардың бойындағы ғылым-білімге, еңбекке, өнерге, спортқа деген сүйіспеншілік сезімін арттыра түсу.
Белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Павлодар қаласының, Баянауыл, Май аудандарының құрметті азаматы Арман Қани «60 жылдықта – 60 кездесу» жобасының алғашқы қонағы болды. Гимназия-интернаттың бұрынғы оқушысы қазіргі жоғары сынып оқушыларына өздерінің сынып жетекшісі болған Әбжанова Ғазиза Рамазанқызы сияқты ұлағатты ұстаздары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Чайкина Жанат Аңсабайқызы тәрізді өнерлі сыныптастары жайында ризашылық сезімімен әңгіме өрбітті. Кеңестік кезеңдегі зұлмат жылдардың қазақ халқына сандық және сапалық тұрғыдан орасан зардапқа ұшыратқанын айта келіп, оқушыларды егемен елдікті барынша қастерлеп, құрметтеуге шақырды. Сондай-ақ «Интернатты еске алу» өлеңін оқып, көптеген сұрақтарға жауап берді.
Алдағы уақытта гимназия түлектерінің арасынан шыққан әйгілі еңбек майталмандары, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, спортшылар, өзге де танымал азаматтар «60 жылдықта – 60 кездесу» жобасына құрметті қонақ ретінде шақырылады.
Гимназиядағы кездесу
Гимназиядағы кездесу
Гимназиядағы кездесу