Областная казахская гимназия-интернат

для одаренных детей им. И. Алтынсарина

Қаз Рус

«Ұлттың ұлы ұстазы» атты республикалық оқушылар айтысы

Бүгін Павлодар қаласында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына және Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 60 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты республикалық оқушылар айтысы өткізілді.

Айтыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сөз додасында сәттілік, тіледі.

Республикалық айтысқа еліміздің бірнеше облысынан 12 ақын қатысты. Олардың арасында облыс намысын Ы.Алтынсарин гимназиясының жас ақындары қорғады.

Сөз зергерлерінің өнерін ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Арман Қани, ақын, "Найзатас" әдеби-көркем және қоғамдық саяси журналының бас редакторы Асыл Әбіш, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бейбіт Бөжен, Республикалық, Халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, «Алтын домбыра» жеңімпазы Аспанбек Шұғатаев, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы филиалының директоры, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысының міндетін атқарушы Жарқынбек Амантайұлы бағалады.

Жас ақындардың өнерін мектеп ұстаздары мен оқушылары, қала тұрғындары тамашалап, қолпаштап, шабыт беріп отырды.

Айтыс қортындысында жеңіске жеткен ақындар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды.

Бас жүлде Көкшетау қаласынан келген Елеш Нұрғисаға бұйырып, 150 мың теңгелік сертификатты иеленді. Бірінші орын Шығыс Қазақстан облысынан келген Рақат Тамашаға бұйырды (100 мың теңге). Ал екінші орынды Жамбыл облысының ақын қызы Айдаралы Алина (70 мың теңге) жеңіп алды. Үшінші орынды гимназиямыздың оқушысы Асығатұлы Шыңғыс қанжығасына байлады (50 мың теңге).

Айта кетелік, республикалық оқушылар айтысы облыста тұңғыш рет өткізіліп, өзге де қатысушыларға 30 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Жыр додасының өтуіне облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығы» атсалысты.

«Ұлттың ұлы ұстазы» атты республикалық оқушылар айтысы