XVI РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ

Мектебіміздің 9«б»-сынып оқушысы Жанбау Марғұлан қыркүйек айында Семей қаласы, Абай ауданы, жыр ошағы Жидебайда өткен республикалық Абай-Шәкәрім оқуларына барып қайтып, арнайы жүлде алған болатын. Марғұлан «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша сынға түсіп, өзінің жүрегінен шыққан «Толағай тұлға», «Ей, Шыңғыстау!» секілді төл туындыларын оқыды. «Ақынның туған жерінде болған оқуларда орын алмасам да ерекше шабыт алып қайттым. Жыр моншағына шомылғандай күй кештім. Әр облыстан келген оқушылардың өнері мен шығармашылығына тәнті болып, өзімнің шығармашылығымды шыңдап келдім. Жидебайға барар жолда әр түрлі музейлер мен кесенелерге барып, тағзым еткен болатынбыз. Бұл әркімге беріле беретін мүмкіндік емес. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Себебі, әлем мойындаған қазақтың ұлы ақынының туған жерін көру- бір ғанибет»,- дейді Марғұлан. Гауһар жырларыңмен еліңді көркейтіп, мектеп абыройын асқақтатар белестерің көп болсын демекпіз!

